БІР ӨЗІ БІР ҒАСЫРДЫҢ ЖҮГІН АРҚАЛАП, ӨНЕР КЕРУЕНІН ӨРГЕ БАСТАҒАН, ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ МӘДЕНИЕТІНЕ ӨЛШЕУСІЗ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН АЙТУЛЫ ТҰЛҒАЛАРЫМЫЗ АЗ ЕМЕС. СОНЫҢ БІРІ – ШАМҒОН ҚАЖЫҒАЛИЕВ. Бүгін ЕЛІНІҢ АРДАҚТЫСЫ, ХАЛҚЫНЫҢ ҚАДІРЛІСІ БОЛҒАН ШАМҒОН АҒАНЫҢ ТУҒАНЫНА 95 ЖЫЛ ТОЛып отыр. ОСЫ ОРАЙДА, СОҢЫНА ӨШПЕС МҰРА ҚАЛДЫРҒАН, БІРНЕШЕ БУЫН ҰРПАҚҚА ҒИБРАТЫ МОЛ ТӘРБИЕ БЕРГЕН ҰЛЫҚ ҰСТАЗ, АСЫЛ АЗАМАТ ТУРАЛЫ БІРЕР СӨЗ ТАРҚАТСАҚ ДЕП ШЕШТІК.
Шамғон Сағаддинұлы 1927 жылы 15 маусымда Бөкей ордасы ауданы Ұялы ауылында дүниеге келді. 1950 жылы Алматы консерваториясының халық аспаптар факультетін (А.Жұбанов пен Л.Шаргородский класы бойынша, сонымен қатар скрипкадан профессор И.Лесманнан, домбырадан Қазақстанның халық әртісі Қ.Жантілеуовтен дәріс алды), ал 1964 жылы Ленинград консерваториясының опера-симфония дирижері факультетін профессор Э.Грикуровтың класы бойынша тәмамдады.
Бастапқыда халық аспаптар оркестрінің домбырашысы болса, кейін дирижерлік қызметке ауысты. Ұзақ жылдар бойы Құрманғазы атындағы Қазақ халық аспаптар оркестрінің, үш жылдай Қазақ симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері болды. Әсіресе, Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық қазақ ұлт аспаптар оркестрімен бірге көптеген шетелдерде болып, қазақ өнерін дүние жүзіне танытты.
Оркестр репертуарын халық күйшілерінің, қазақ композиторларының шығармаларымен ғана емес, әлемдік классика туындыларымен толықтырып, ұлттық музыканы дамытуға зор үлесін қосты. 1953 жылы Бухаресте өткен Жастар мен студенттердің дүниежүзілік фестивалінің лауреаты, 1980-1982 жылдардағы концерттік бағдарламасы үшін Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанып, сонымен қатар Еңбек Қызыл Ту, Халықтар Достығы және «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды. 1970-1980 жылдары Құрманғазы атындағы консерваторияда педагогикалық қызметпен шұғылданып, дирижерлер А.Мырзабеков, М.Әубәкіров, домбырашы Қ.Ахмедияров, композитор Д.Ботпаев, музыка зерттеушісі Ө.Байділдаев сынды елге танымал өнер қайраткерлеріне ұстаздық етті.
Шамғон ағамыздың қазақ өнеріне сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Құрманғазы оркестрінен кеткеннен кейін 1992 жылы Қарағандыда Тәттімбет атындағы халық аспаптар оркестрінің негізін қалады. Атақты дирижер мұнда да қажырлы еңбек етіп, оркестр репертуарына осы аймақ қана емес, қазақ, орыс және шетел классиктерінің шығармаларын енгізіп кетті. 2000 жылы бұл оркестрге де академиялық атағы берілді. Сонымен қатар Атырау облысының сол кездегі әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің шақыруымен Атырауға келіп, жемісті еңбек етті. Ол туған жері Бөкей ордасы мен Жаңақала аудандарына, Орал қаласына ат басын бұрып, кейінгі толқынға бағыт-бағдар беріп тұратын еді.
«Шамғон Сағаддинұлының және бір үлкен қасиеті – ұлттық дәстүрлі өнер мен еуропалық музыканы терең білетіндігі. Алматы консерваториясынан ұлттық өнерді игергені, ал Ленинград консерваториясынан опера-симфония дирижері мамандығын алуы оны жан-жақты қалыптастырды, сондықтан ол – тұңғыш кәсіби дирижер. Опера – бүкіл өнердің жиынтығы. Операның құрамында күй, би, хор, ән, оркестр, ария – осылардың бәрі бар. Ал соның бәрін басқару, «бір тілде сөйлету» үлкен жүректі дирижерлердің ғана қолынан келеді. Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев кезінде дирижер Шамғонның дирижерлік жасауымен ән салғанды қалап тұратын еді, өйткені тұғырда Шәкең тұрғанда, олар да сенімді болады, ешқандай оқыс жағдай орын алмайды», - деп еске алған еді өз мақаласында күйші-домбырашы, фольклортанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, профессор Айтжан Тоқтаған.
Мақаламыздың соңында Шамғон Қажығалиевтің өмірінен өз аузынан жазып алынған бір қызықты оқиғамен бөліссек дейміз:
«1975 жылы Францияның Орлеан қаласында өткен концертте тәкаппар көрермен алғашқыда сырт киiмдерiн шешпей, ешкiмдi менсiнбей, шалқайып отырады. Алдымен жұқа ұлттық киiммен тоңып әрi толқып отырған Құрманғазы оркестрiнiң әртiстерi «Сарыарқаны» тартып, бишiлер «Кармендi» билейдi. Залдағылар қол соқпай, сызданып отыра бередi. Бұл бiздiң өнерпаздардың намысына тиедi. «Музыканы түсiнбейтiн бейшаралар» деп, ендi бiз оларға менсiнбей қарадық. Өзiмiз үшiн, өнердiң құрметi үшiн ойнадық. Залда адам бар-ау демедiк. Бiраз уақыттан кейiн әр жерде қол соғыла бастады. Бiр сағаттан кейiн қол соғу жиiледi. Бiр жарым сағат болғанда қолдарын ұрып, аяқтарын дүрсiлдеттi. Концерттiң соңында киiмдерiн шешiп тастап, орындарынан тұрып қол соқты. Оркестрдiң өнерi менменсiген мырзаларды тәубесiне келтiрдi. Соңынан өздерi келiп, қолымызды қысып, бастарын идi. Сөйтiп, тәкаппар банкир мырзаларды өнердiң күшiмен бағындырғанбыз» дейдi дирижердiң өзi.
Өмірінің соңғы жылдары Алматы қаласында тұрған ол ауыр науқастан айыға алмады. Мұндай бірегей тұлғаның бейнесі халық жадынан өшпек емес.
Материалды дайындаған: Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ