Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

САРАН ҚАЛАСЫНЫҢ БАЛАЛАР ӨНЕР МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫСЫ МАНАС АЛИЕВ «THE PLANET OF ART» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛІНІҢ ІРІКТЕУ ТУРЫНАН СҮРІНБЕЙ ӨТІП, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНДА ӨТЕТІН АҚТЫҚ ГАЛА-КОНЦЕРТКЕ ШАҚЫРТУ АЛДЫ.

«The Planet of ART» халықаралық фестивалі ЮНЕСКО Клубтық қозғалысының 75 жылдығын мерекелеу аясында, сондай-ақ Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымына, ЮНЕСКО-ға  мүше болып кіргеніне 30 жыл толуына орай және Балалар жылына арналып отыр. Дарынды жас орындаушыларды анықтау мен қолдауға, олардың шығармашылық әлеуетін іске асыруға, фестивальге қатысушы елдердің балалары арасындағы достық байланыстарды нығайтуға бағытталған ауқымды шара тек Қазақстанның ғана емес, сонымен қатар, Армения, Әзірбайжан, Өзбекстан, Ресей, Грузия, Иран, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия елдерінен іріктеліп алынған 12 мен 18 жас аралығындағы өнерлі  балалар мен жастардың басын қоспақ.

Саран қаласының балалар өнер мектебі де халықаралық фестивальге оқушыларын: Кристина Осуховская мен Манас Алиевті ұсынған болатын. «Бақ шаба ма, бап шаба ма!»  демекші, бұл ретте Манас Алиевтің жұлдызы оңынан туды. № 2 балалар музыка мектебінде өткен іріктеу кезеңінен сәтті өтіп, Қарағанды облысы бойынша қатысқан 150 үміткер ішінен іріктелініп алынған 15 үздіктің қатарынан көрінді. Оза шапқандардың жұмыстары Алматы қаласында да қаралып, нәтижесінде бес қатысушыға Ақтөбе қаласында өтетін ақтық гала-концертке шақырту билеттері жіберілді.

«Бұлақ көрсең көзін аш» демекші, балалар өнер мектетінде 1986 жылдан бері домбырадан дәріс беріп, балаларды екі шекті аспапта ойнауға үйретіп жүрген Қабиден Абжатов Манастың бойындағы қабілетін, икемділігін, екінің біріне берілмейтін дарыны барын бірден байқаған. Қолына домбыраны 3-сынып оқып жүрген кезде ұстаған Манас бүгінде 9-сыныптың оқушысы. 

- Фестивальге Айтқали Жайымовтың «Шаттанамын» күйін дайындаған болатынбыз. Бұл өте күрделі, өте жылдам күйлердің бірі.  Манас бұл күйді 1-2 жұма ішінде меңгеріп, жаттап алды. Техникалық тұрғыдан нығыздап, батырып ойнау үшін бір айдай уақыт кетті. Қазір тіпті темп қосып келе жатырмыз. Осы күйді Ақтөбеде өтетін финалға да дайындаймыз, - деп атап өтті балалар өнер мектебінің домбыра сыныбының мұғалімі Қабиден Абжатов.

Манас Алиев  күй атасы – Құрманғазының «Адай», «Сарыарқа», «Балбырауын», «Ерке сылқым» күйлерін, Құлшардың «Кербез керік» секілді жылдам, ырқақты күйлерін жақсы меңгерген. Бұл байқаудан бөлек Чехияда, Казаньда өткен жарыстардан жүлделі орын алған. Анасы Тлеукен Алиеваның айтуы бойынша, Манас кішкентай кезінен өнерге жақын болған бала.

- Манастың нағашы апасы домбырада ойнайтын. Соған қарап өзі де домбырада тартуды үйренгісі келді, - деп атап өтті Манастың анасы Тлеукен Алиева.

Алдағы уақытта балалар өнер мектебінің домбыра сыныбы бойынша оқытушысы Гүлмира Абжатова Манас Алиевтің жетекшісі ретінде Ақтөбе қаласына бірге баруды жоспарлап отыр.

- Басшымызға рақмет, бізді әрдайым қолдап отырады. Манас менің де шәкіртім. Ақтөбеде өтетін гала-концертке бірге баруды жоспарлап отырмыз. Онда Қазақстанның жетекші өнер қайраткерлерімен мастер-класстар  болады, - деді  Гүлмира Абжатова.

Қазіргі таңда Манас Ақтөбе қаласында өтетін «The Planet of ART» халықаралық фестивалінің қорытынды кезеңіне дайындалуда. Жас дарын иесіне сәттілік тілейміз. Алар асулары биік, бағындырар белестері көп болсын.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА