Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Тіл адамзаттың баға жетпес құндылығы екені даусыз. Тіл – халықтың жаны, тұтастай кескін-келбеті, ұлттық болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін – тілі мен ата дәстүрі десек артық айтқанымыз емес. XI ғасырдың ұлы ойшылдарының бірі Махмұд Қашқари «Игі істің басы – тіл. Тәрбие басы –тіл» деп, тілдің қаншалықты құдіретті екенін көрсетеді. Біз үшін үштұғырлы тіл – бәсекеге қабілеттілікке ұмтылудың алғашқы баспалдағы. Ал бүгінгі нарық заманы жастарымыздың бәсекеге қабілетті, білімді де озық ойлы болуларын талап етеді.

Жастардың өз ана тілін жетік білуімен қатар өзге ұлттың тілін жетік игеріп, сол ұлт азаматтарымен өзара түсінісе алатыны үлкен біліктіліктің белгісі, әрине. Өмірде өзге бір ұлттың тілін білетін адам сол халықтың ішкі жан-дүниесін түсініп, барлық мəдени құндылықтарымен танысу мүмкіндігіне ие бола алады. Өскелең ұрпақтың қазіргі сағат сайын құбылып, ай сайын алға қадам басып, күн сайын жаңарып, қарқынды дамып бара жатқан өзгерістерге толы өмірге ойдағыдай сəйкесуі үшін көп тілді болуы басты қажеттілікке айналуда. Бұл іс əр азаматтың өзіне де, өзгеге де тиімді екені еш күмән туғызбайды. Сондықтан қазіргі қоғамда көп тілді меңгеру кез келген адамды жарқын болашаққа бастайтын жол іспеттес.

Дана халқымыздың «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деген аталы сөзі – бүгінгі күннің өзегі.

Қаламыздағы жастар, яғни 14 пен 29 жас аралығындағы тұрғындар жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Тіл шебері» атты қалалық байқауға қатысады. Осы байқаудан жүлделі орынға ие болған жеңімпаз облыстық байқауда бақ сынасады. Биылғы жылы облыстық байқауда Саран қаласының тілдерді дамыту орталығының ағылшын тілінің оқытушысы Нукич Бақыт Ахметовна жүлделі 1-орынға ие болды. Сонымен қатар, қала жастары «Мәміле» ауызекі сөйлесу клубына қатысып, клуб отырыстарында үш тілде тик-ток түсіреді.   Сондықтан көптілді меңгерген жастар әуелі өз тілінде ой қорытып, туған халқына өнеге болып, өзге елмен бәсекеде беделді орынды иеленсе, мәдениетті санасына салып сараптай алса, өз өмірін мағыналы өткізіп қана қоймай, еліне еңбегі ерен ерекше тұлға болары сөзсіз.

Г. Ханафина,

«Саран қ. жастар ресурстық орталығы» КММ

жастар ісі жөніндегі инспекторы