Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

БАЛАЛАР ӨНЕР МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫЛАРЫ АШЫҚ АСПАН АЯСЫНДА САРАН ҚАЛАСЫНЫҢ КӨРІКТІ ЖЕРЛЕРІН САЛЫП, АҚ ҚАҒАЗ БЕТІНЕ ТҮСІРДІ.

Балалар өнер мектебі жыл сайын жайма шуақ жаз мезгілі басталған шақта ашық аспан  аясында сурет салуды басқаша айтқанда пленэрді қолға ала бастайды.

Пленэр – бұл табиғат аясына, таза ауада сурет салу. Пленэр тәжірибесі оқушыларға сурет салу дағдыларын жетілдіру үшін кең мүмкіндіктер ашады. Осы арқылы  балалар аспан бұлттарын, қалықтап ұшып бара жатқан құстарды, нұрын төгіп тұрған күннің шуағын, жайқалып өсіп тұрған гүлдерді, ағаштарды көзбен көріп, дәл сол көріністі айна-қатесіз ақ парақтарына түсіруді үйренеді. Әлбетте, кітаптің бетінен көрген гүлдер мен жанды гүлдер арасында айтарлықтар өзгерістер бары анық. Осы мәселелерді балаларға толыққанды іс барысында жеткізу үшін балалар өнер мектебінің педагогтері ашық аспан аясында сурет салуды дәстүрге айналдырып отыр.

Биыл да бұл дәстүр халықаралық балаларды қорғау күнінен кейін бастау алды. Ұстаздар оқушыларымен бірге Саран қаласының көрікті жерлерін аралап, саябақтарында, аллеяларында бейнеленген көріністерді ақ қағазға түсірді.

Балалар өнер мектебінің көркем бөлімінің оқытушылары: Т. М.Хаванцева, В. Е. Тупикин,  Ф. С. Баймагулов,  В. Ю.Филатова, Я. В.Савельева, С. А. Бейсекеева, Г. Ш. Сулейменова,  С. А. Солодкова мен А. Е.Кыдырбаева қала  саябақтары мен гүлзарларында  пленэр өткізіп, оқушыларды табиғатпен сырласуға бір қадам жақындата түсті. Табиғи күннің сәулесі, айналадағы құстардың әні, желдің немесе судың шуы, жапырақтар мен шөптердің шуы, сол сәтте көрген пейзаж табиғаттың көңіл-күйін жеткізуге көмектесетін ерекше атмосфера сыйлайды. Ұстаздар пленэр оқушылардың ойлау, елестету қабілетіне оң әсер береді дейді.

-              Пленэр тәжірибесі оқушыларға сурет салу дағдыларын жетілдіру үшін кең мүмкіндіктер ашады. Пленэр сабақтары көз бен қол қоюға тиімді ықпал етеді, визуалды ойлау мен бейнелі есте сақтау қабілетін дамытады. Бұл адамды рухани байытатын табиғат әлемімен тығыз байланыс,- деп атап өтті балалар өнер мектебінің педагогы Гүлсім Сүлейменова.

-              Пленэр бізде жыл сайын 2 маусымнан басталып 14 маусымға дейін болады. Мысалы, балалар жыл бойы пейзаж салса ондағы ағаштың, елдің суретін ойдан табады. Сол себепті ашық аспан аясында күннің, ағаштардың, жапырақтардың қалай өзгеретінің көзбен көру үшін, балаларға көрсету үшін далада сурет саламыз, - деді балалар өнер мектебінің оқытушысы Фархат Баймагулов.

Балалар бұл тәсіл арқылы тек табиғатты ғана емес, тұрғындардың күнделікті өмірін, қимыл-қозғалыстарын, көңіл-күйлерін байқауға үйренеді. Қаланың оянған шағы мен күн батқандағы көріністі көзбен көріп, бейнелей алады. 

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА