Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

«Әннің де естісі бар, есері бар» демекші, маусым айының 11 күні шаһарымыздың мәдениет үйінде көптен күткен һәм сағына жеткен «Музыка для души» ретро әндер кеші өтті.

Бұл ән кешінде сағынышқа бай, махаббатқа толы, сырлы жастық шақты еріксіз көз алдына әкелетін сүйікті әндер шырқалды. Сахнаға шыққан әншілер махаббатты әнге сыйдырып, сол әнмен елді тербеген сыңғырлаған сазды үндері көптің көкейінде қалды. Тіпті кейбір әндер мәдениет үйі ғимаратының артында орналасқан саябаққа жиналған жұртшылықты ерекше әсерге бөледі. Сол бір ескі әндердің сөзінің, әнінің әлі күнге дейін тыңдарманға ерекше күй сыйлайтынын халықтың көзінен көруге болады. Өйткені сағындырған әндер аталарымыздың әжелеріміздің, ағаларымыз бен апаларымыздың махаббаттарының куәсі болған сағынышқа толы сазды әндері.

Иә, ретро әндерге күні бүгінге дейін жұрттың ықыласы ерекше. Мәнді де ырғақты әуендер өткен күннен сыр шертетін тамаша сәттерді тағы бір еске түсіруге ықпал ететіндігі сөзсіз. Мәдениет үйінің жергілікті өнерпаздары 70-80 жылдардың танымал әндерін оркестрдің сүйемелдеуімен шырқап,  көрермен қауымға ерекше сый тартты.

Жұртшылықты ретро әндермен сусындату мақсатында ұйымдастырылған кешті өңір тұрғындары көптен күткендей. Мәдениет үйінің артындағы саябақ көрерменге лық толды. Кеште жергілікті әншілер, мәдениет үйінің эстрадалық-джаздық оркестрі мен «Наше время» ретро тобы өткен ғасырдың танымал әндерінен шашу шашты.

Осылайша сахнада жергілікті өнерпаздар өткен ғасырдың танымал әндері мен әуендерін орындап, көрермендерін қуантты.

Мәнді де ойнақы әуендер әуелеген кеш тамаша сәттерді тағы бір еске түсіруге мүмкіндік берді. Өткен ғасырдың соңғы онжылдықтарында жұртшылық жүрегінен орын тепкен ретро әндер күні бүгінге дейін өз тыңдармандарын жоғалтқан жоқ.

Концерттің ерекшелігі, өнерпаздар ретро-әндерді тамылжыта орындады. Ал, оларға тәнті болған көрермендер әсем әндерді қосыла шырқап, кеш ажарын аша түсті.

Ерекше форматта өрбіген концерттік бағдарламаның куәсі болған қала тұрғындары бір жасап қалғандарын еш жасырмады. Аға буын өкілдері алыстап кеткен сағынышқа толы сағым жылдар қол бұлғап, жастық шағымыз қайта оралғандай болды дейді.

– Қаланың қариялары концертке келіп, би билеп, көңілдерін көтеруде. Мәдениет үйінің ұжымына дән өте ризамыз. Өнер мен спорт өңірімізде дами берсін, – деп тұрғындардың кейбірі жүрек жарды жылы лебіздерін білдіріп жатса, енді бірі – Осындай әндер адамды болашаққа жетелейді, оптимизм сыйлайды. Осындай әндердің орындалғаны өте жақсы деп ойлаймын. Ретро бағдарламаны ұйымдастырып отырған Мәдениет үйіне алғысым шексіз, – деген тілектерін жеткізіп жатты.

 

– Біз бүгін алғаш рет ретро стильдегі кездесу кешін ұйымдастырып отырмыз. Тұрғындар дән риза. Халық осы сипаттағы ретро әндер бағдарламасына шөліркеп қалған сияқты. Барлықтарының көңіл-күйлері көтеріңкі, барлығы да мәз-майрам болып, сонау сағындырған сағым жылдарға бір саяхаттап қайтқандай әсер алуда. Біз тура осындай ретро бағдарламаларды жаз мезгілі бойы әлі талай ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз, – дейді Саран қаласының мәдениет үйінің директоры Екатерина Шлома.

Құлақтан кіріп, бойды алар сағындырған әсем әуен тыңдаған көрермендер ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, көтеріңкі көңілмен тарқады.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ