16 МАУСЫМ КҮНІ САРАН ҚАЛАСЫ ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ МӘЖІЛІС ЗАЛЫНДА ҚАЛАЛЫҚ ДЕПУТАТ ЖАМБОЛ ЖАЯУБАЕВТЫҢ ТӨРАҒАЛЫҒЫМЕН ЗАҢДЫЛЫҚ, ӘЛЕУМЕТТІК-МӘДЕНИ ДАМУ ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӨНІНДЕГІ ТҰРАҚТЫ КОМИССИЯСЫНЫҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ.
Осы жолғы күн тәртібінде төрт мәселе қаралды. Атап айтқанда: «Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі» мемлекеттік мекемесінің балаларды бұқаралық спортқа тарту жөніндегі жұмысы, жазғы уақытта балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын ұйымдастыру, Саран қаласының жұмыссыз халқын жұмыспен қамту шараларымен қамтамасыз ету және жаңа жұмыс орындарын құру, «Здоровое общество-2050» МҚБ мен «Мир добра» ҚБ басшыларының мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды орындау барысы туралы.
Соңғы уақытта салауатты өмір салтын қалыптастыруға, спортты дамытуға көп көңіл бөлінуде. Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ғалия Тохметованың айтуы бойынша, Саран қаласы мен Ақтас кентінде тұрақты негізде спорттық іс-шаралар, аула клубтарында, спорттық алаңдарда жарыстар ұйымдастырылып тұрады. Таяуда қала аумағында бес күндік республикалық веложарыс өткізілді. Сондай-ақ, «Сарань спортивная» қозғалысы да іске асырылуда.
- Қазіргі таңда «Сарань спортивная» қозғалысы негізінде жас санаттары бойынша халықтың негізгі бөлігін, сондай-ақ мүмкіндіктері шектеулі адамдарды тартудамыз. Сонымен қатар, қазір мемлекеттік қызметкерлер арасында өтетін облыстық спартакиадаға дайындалудамыз, - деп атап өтті Ғалия Тохметова.
Одан бөлек, Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы қалалық стадиондағы футбол алаңын қалпына келтіру керектігін және ондағы орындықтарды ауыстыру мәселесін көтерді. Қала бойынша өзге де спорттық нысандардың жағдайы да комиссия отырысында кең талқыланды. Сонымен қатар, жазғы уақытта балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын ұйымдастыру бойынша қалалық білім бөлімінің басшысы Арман Бақтыбаев сөз алып, бүгінгі білім ордалардың жай-күйімен таныстырып шықты.
«Здоровое общество – 2050» мүгедектер қоғамдық бірлестігі басшысының орынбасары Такен Курманов болса «Религиозный экстремизм – опасность современного общества», «Всем миром против коррупции» мен «Реабилитации и адаптации лиц, пострадавших от радикальной религиозной идеологии» атты үш жобаға жіті тоқталып, биыл атқарылған бейбітшілік пен келісімді насихаттауға, ұлттық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды нығайтуға бағытталған дөңгелек үстелдер, кездесулер мен іс-шаралар легімен таныстырып кетті. Одан бөлек «Мир добра» қоғамдық бірлестігінің басшысы Татьяна Абрамова тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, суицидтің алдын алу жөніндегі жобаны іске асыру барысындағы жылдық көрсеткіштерге шолу жасап, отбасылық құндылыққа баса назар аудартты.
Сонымен қатар, тұрғындарды жұмыспен қамту бойынша қандай жұмыстар атқарылғандығы баян етілді.
- Мониторингке сәйкес бүгінгі күні қалада 299 жұмыс орны құрылған. Жылдық жоспардың орындалуы 39 % құрайды. Оның ішінде тұрақты – 147, уақытша 152 орын. Жұмыс орындарын құру бойынша жоспардың негізгі орындалуы 2022 жылдың қараша-желтоқсан айларында іске асырылатын болады. Өйткені «KamaTyresKZ» ЖШС және «Sunpaper» ЖШС ағымдағы жылдың қараша айында жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр, - деп «Саран қаласының жұмыссыз халқын жұмыспен қамту шараларымен қамтамасыз ету және жаңа жұмыс орындарын құру туралы» мәселесі бойынша Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Марина Шегай өз баяндамасында атап өтті.
Жыл басталғалы Саран қаласы және Ақтас кенті тұрғындары үшін 2 бос жұмыс орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Оған 1000-нан астам қала тұрғындары мен қонақтары, 32 жұмыс беруші, соның ішінде РТБ индустриялық аймағының кәсіпорындары қатысқан.
Жиын соңында көтерілген төрт мәселе бойынша ұсыныс-пікірлер тыңдалып, заңдылық, әлеуметтік-мәдени даму және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Жамбол Жаяубаев бөлім басшыларына бірқатар тиісті тапсырмаларды жүктеді.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА
Фото: Камила ОСПАНОВА