Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

БИЫЛ ӨЗ ҚЫЗМЕТІНЕ АСҚАН ЖАУАПКЕРШІЛІКПЕН ҚАРАЙТЫН, ТӘЖІРИБЕЛІ МАМАН  АЛЛАБЕРГЕН  ҚАППАРҰЛЫНЫҢ  МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕ ЖҮРГЕНІНЕ – 17 ЖЫЛ.

Қазіргі ХХІ ғасырда технология дегеніңіз сайрап тұр. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің дені электрондық форматқа көшуге үлгерген. Кейбірін тіпті үйден шықпай-ақ ғаламтордың көмегімен қажетті көмекші түймелерді басып алуға да болады. Алайда барлық мәселелер қашықтықтан оңай шешіле бермейді. Осы тұста тұрғындарға барлығын жіті түсіндіретін мемлекеттік қызметшілердің қызметі ауыр. Қабылдауға үлкен үмітпен келген азамат қашан да мәселесінің аз уақытта шешілуін қалайды. Бір ескеретін жайт, жедел шешіле салатын және ұзақ уақытты талап ететін мәселелер бар. Оны бірі түсінсе, енді бірі түсіне бермейді. Осы тұста көп нәрсе мемлекеттік қызметшінің кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігіне, сөйлеу мәдениеттілігіне байланысты. Сол себепті мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби мерекесіне орай «Саран қаласы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы жолаушылар, автомобильдер жолдары және тұрғын үй қатынастары» мемелекеттік мекемесінің бас маман-заңгері Аллаберген Маулиевтен үлкен жауапкершілікті талап ететін мамандық жайлы сұрастырып көруді жөн көрдік. 

Аллаберген Маулиев тек мемлекеттік қызметкер ғана емес, асыл жар, үш баласына асқар таудай әке болып отырған абзал жан.

- Аллаберген Каппарұлы, сұхбатымыздың әлқиссасын ең алдымен өзіңізден бастасақ. Мемлекеттік қызметке қалай бет бұрғаныңыз жайлы айтып берсеңіз.

- Мен Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Құланөтпес ауылының тумасымын. 1980 жылы Дон орта мектебін аяқтаған соң бір жыл Донской кеңшарында шаруашылықта жұмыс істедім. 1981 жылы Талдықорған заң техникумына оқуға түстім, 1982-1984 жылдары Кеңес Әскері сапында әскери борышымды өтеп, содан соң оқуымды жалғастырдым. 1985 жылы шілде айында орта арнаулы білім – заңгер мамандығын алып, жолдамамен Нұра ауданының халық сотына сот орындаушы болып қызметке тағайындалдым және 1987 жылға дейін сол жерде істедім, 1987 жылы шаруашылық аралық заңгер болып 3 кеңшарда заң кеңесшісі қызметін атқардым. Сол жылдары сырттай заң факультетін аяқтап, жоғары білім алдым. 2005 жылы мемлекеттік қызметке ауысып, Нұра ауданының жергілікті атқарушы органдарында маман, бас маман қызметін атқардым. 2013 жылы отбасы жағдайымен Саран қаласына қоңыс аударып, мемлекеттік қызметімді бас маман-заңгер лауазымында «Саран қаласы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы жолаушылар, автомобильдер жолдары және тұрғын үй қатынастары» мемелекеттік мекемесінде жалғастырып жатырмын.

- Мамандығыңыз өзіңізге ұнайды ма?

- Мемлекеттік қызметте болу үлкен жауапкершілік, халық алдындағы сенімді жоғалтпауды талап ететін қызмет. Жергілікті атқарушы органда қызмет ету өзіме ұнайды, мамандығым бойынша заңдар бойынша кеңес беремін, сот отырыстарына қала әкімінің сенімхаты бойынша қатысамын.

- Жұмыс күніңіз неден басталады?

- Жұмыс күнім компьютердегі түрлі бағдарламаларды шолып шығудан бастау алады. Оның ішінде: сот шешімдері, ұйғарымдар, құқық қорғау органдарынан келіп түсетін сұраным хаттар, жеке және заңды тұлғалардан келіп түсетін талап арыздар, шағым, сұраным хаттарды қарап зерделеу, уақытылы жауап беру, сот отырыстарының кестесі бойынша соттарға қатысу, жергілікті атқарушы органның мүддесін қорғау кіреді.

- Сіздің ойыңызша, мемлекеттік қызметкер қандай болу тиіс?

- Менің ойымша, мемлекеттік қызметкер – өз қызметіне адал, моральдық жағынан әдепті, терең көзқарасты, сыпайы, адамгершілік қасиеті жоғары дәрежеде болу ұстанымы бар, Отан сүйгіш адам болуы керек.

- «Мемлекеттік қызметкер болу оңай емес» деген сөздерді жиі естиміз. Сіз тәжірибелі мемлекеттік қызметкер ретінде бірнеше жас маманға бағыт-бағдар беріп келесіз. Бүгінде жастар тарапынан қызығушылық байқалып жатыр ма?

 -  Мемлекеттік қызметкер болу – үлкен жауапкершілікті, әділеттікті талап ететін қызмет. Мемлекеттік қызмет оның ішінде өз мамандығым бойынша өте қызықты, жауапкершілікті талап ететін қызмет, көп жылдан бері құқықтану және сот жүйесі бойынша көп тәжірибе жинадым, қазіргі уақытта мемлекеттік қызметке кейін келген жастарға өз ойымды бөлісіп, жұмыс барысында көмек ретінде кеңес беремін. Өз мамандығы бойынша талпынған, мемлекеттік қызметке келемін деген жастарға қызығушылық танытады деп ойлаймын.

- Кәсіби мереке орай сізден бір тілек болса...

-              Кәсіби мерекеге байланысты барлық мемелекеттік қызметшілерді құттықтай отырып тілейтінім, Отан, халық алдында әрдайым осындай мәртебелі мемлекеттік қызметкер деген атқа лайық болып, қызметімізді адал, сүйіспеншілікпен, жауапкершілікпен абыройлы атқара берейік.

Аллаберген Каппарұлы, біз де сізді кәсіби мерекеңізбен құттықтаймыз! Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін көп рақмет.

Сұхбаттасқан: Дина ӘБДІҒАЛИЕВА