Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

САРАН ҚАЛАСЫНЫҢ ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ ҚАРЖЫ БӨЛІМІНІҢ ЖҰМЫСЫ ТОЛЫҒЫМЕН ҚАЛАМЫЗДЫҢ БАРЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕЛЕРІМЕН ТЫҒЫЗ БАЙЛАНЫСТЫ.  ӘРБІР ЖОБА, БАҒДАРЛАМАЛАР ОЛАРДЫҢ НАЗАРЫНДА. БҰЛ БӨЛІМДЕ БІЛІКТІ МАМАНДАР ҚЫЗМЕТ ЕТУДЕ. СОЛАРДЫҢ БІРІ - ШАҺАРДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫНЫҢ БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰЖАТТАРЫН ӘЗІРЛЕУГЕ ҚАТЫСАТЫН ЭКОНОМИКА СЕКТОРЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ ЖАННА ЕРИМОВА.

Жанна Мажитқызы - мамандық таңдаудан жаңылмаған жандардың бірі. Саран қаласының тумасы. Жабагин көпбалалы отбасының тұңғышы. Әкесі Мажит көп жылдар бойы «Саранская» шахтасында еңбек етсе, анасы Күляш кәсіптік-техникалық білім беру қызметкері. Мемлекеттік қызметкер 1987 жылы қаламыздағы № 17 орта білім беретін мектепті тәмамдағаннан кейін, Қарағанды политехникалық институтында «Инженер-экономист» мамандығын оқыған.

- 1992 жылы институтты бітіргеннен кейін маған  Саран қалалық қаржы бөліміне жолдама берілді. Бірақ, тұрмысқа шығуыма байланысты Ақтөбе облысына баруға тура келді. Онда мен ауыл әкімшілігінде экономист көмекшісі болып жұмыс істедім. Сол кезде қиын жылдар болатын. Тек 10 жылдан кейін ғана біз туған қаламызға көшуді шештік. Алдымен компьютерде оқу курсынан өттім, еңбек биржасында тіркелдім, ал 2004 жылы мені мемлекеттік қызметшінің бос орнына конкурсқа қатысуға шақырды. Бүгінде мен  сол кезінде жолдама берген бөлімде жұмыс істеймін, қазір ол «Саран қаласының экономика және қаржы бөлімі» деп аталады. Бәлкім, бұл тағдыр шығар. Бұл менің басымнан өткен ең қызықты оқиғалардың бірі,- деп мемлекеттік қызметкер езу тарта, өмірінде орын алған қызықты оқиғасымен бөлісе кетті.

Жанна Мажитқызының мемлекеттік қызметте жүргеніне биыл – 18 жыл. Алайда осы уақыт аралығында қиындығы мен қызығы қатар жүретін мамандықты таңдағанына еш өкінген емес. Көп ізденісті, жауапкершілікті талап ететін салада қызмет еткендіктен әрдайым жинақы. Оның негізгі жұмысы – ақпараттық-талдау жасау, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге, экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспарларына мониторинг жүргізу. Шаһарда жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар мен кешенді жоспарлар осы мамандардың қатаң бақылауында. Қызметтерімен тікелей байланысты.

- Біздің ұжым көптеген жылдар бойы өз құрамын өзгертпейтіндігімен танымал. Біз біртұтас механизм секілдіміз. Мемлекеттік қызметкерлер болғандықтан бір командамыз. Біздегі әр қызметкер маңызды. Біздің күшіміз – бірлікте, - дейді Жанна Мажитқызы.

«Билігі мықты елдің тірлігі құтты» демекші, күн өткен сайын мемлекеттік қызметкерге қойылар талап та, жүктелген жауапкершіліктің ауқымы да кеңеюде. Сол себепті еліміздің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосып, оның ыстығы мен суығына төзіп, білімдері мен тәжірибелерін ел болашағына арнап жүрген мемлекеттік қызметшілердің еңбегі қашанда құрметке лайық.

- Менің жолым болды деп ойлаймын. Себебі мен білікті, тәжірибесі мол  тәлімгерлерден Блок Маргарита Евгеньевнадан, Малшибекова Роза Бляловна мен Баймағанбетов Өміржан Зейнешұлынан тәлім алып, қызметіміздің қыр-сырын жетік меңгеріп алдым. Олардың бізбен бөліскен тәжірибелері үшін, қажырлы еңбектері үшін шын жүректен алғысымды білдіремін. Олар мен үшін өз ісінің майталмандары, нағыз мемлекеттік қызметкерлер бола бермек,- деп ризашылығын білдірді кейіпкеріміз.

Жанна Мажитқызы тек қана тәжірибелі мемлекеттік қызметкер ғана емес, біліктілігімен қатар, өз ортасында қарапайымдылығымен, мейірімділігімен сыйлы жан.  Әрдайым балаларының амандығын тілейтін асыл ана. Халыққа қызмет ету жолында адал қызмет етіп жүрген мемлекеттік қызметкерді кәсіби мерекесімен құттықтай отырып, зор денсаулық пен қажымас қайрат тілейміз.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА