Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ ШАҺАРДА ӘУЕСҚОЙ ФУТБОЛШЫЛАР САНЫ ӨСІП КЕЛЕДІ. САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫН ҰСТАНУДЫ НАСИХАТТАУ МАҚСАТЫНДА МЕЗГІЛ САЙЫН СПОРТТЫҚ ТУРНИРЛЕР ЖАЛАУЫН ЖЕЛБІРЕТІП ЖҮР.

Содан да болар қазіргі таңда әуелгі әуесқой футболшылар кәсіби спортшылардай болмаса да, өз дәреже-деңгейлеріне сәйкес ойын өрнегін көрсетуде. Олар жаз бойы жасыл алаңда тер төгіп, кіл мықтыдан кім мықтыны анықтау мақсатында бақтарын сынауда.

Жалпы, «Шынықсаң – шымыр боласың» демекші, дене жаттығуы адам баласына қашан да пайдалы. Күні бойы өзіңді сергек сезініп жүрудің де бір тәсілі – спорт. Спорт адам өмірін ұзартады деген сөзді де жиі естуге болады. Спорттың адам өміріне көп пайдасы тиетіні сөзсіз. Сондықтан да адам баласы спортты жанына серік қылуы керек. Қазіргі таңда спорттың көптеген түрі бар. Қандай спорт түрін таңдағың келеді, өзің білмей, көзің, ойың жан – жаққа жүгіреді. Спортпен айналысудың пайдасы өте көп. Дені саудың жаны сау. Дене жаттығулары адамның көңіл-күйін ғана көтеріп қоймайды, қан айналым жүйесін жақсартады. Қан қысымы мен жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алады. Күйзеліске ұшыраған сәттерде дене жаттығуларына ден қойсаңыз, жаңа құлшыныс пен тың серпін арқасында ерекше өмір сүруге ұмтыла түсесіз.

Сонымен қатар, салауатты өмір салтын ұстанып, спортты серік еткен адамның алар асуы да, бағындырар биігі де көп болмақ. Сондықтан шынығып, шымыр болуға ұлт болып ұмтылып келеміз. Соның жарқын дәлелі ретінде Саран қаласының аумағында бұқаралық һәм балалар спортын дамытудың дара даңғылы сәт санап қалыптасып келеді.

Мәселен, бұрнағы күні Саран қаласының спорт орталығының ұйымдастыруымен шаһар тұрғындары арасында футболдан жергілікті чемпионат өтті. Аталған аяқдоп аламанына қала тұрғындарынан құралған 5 әуесқой команда қатысты.

Жан алысып, жан беріскен додада топ жарып, басым ұпаймен жеңіске жеткен командалар мен үздіктер спорт орталығының грамоталарымен марапатталды. Айқын басымдылықпен чемпионат тізімінде бірінші тұрған «Намыс» командасы теңбіл доп додасының жеңімпазы атанды. Екінші орынды атымен заты сабақтасқан «Арлан» командасының ойыншылары еншілесе, «Қыранның» жігіттері үздік үштікті қорытындылады.

Сонымен, спорт – адамның рухани әлемі үшін де маңызды дедік. Өйткені, әлсіз әрі қиындыққа көп ретте қарсы тұруға қауқары жетісе бермейтін жандарға мамандар бір ауық спортпен шұғылдануға кеңес береді екен. Күйзеліске ұшыраған сәттерде дене жаттығуларына ден қойсаңыз, жаңа құлшыныс пен тың серпін арқасында ерекше өмір сүруге ұмтыла түсесіз. Бұл да спорттың, дене жаттығуларының бір құдіреті.

Тағы да ғалымдар зерттеулеріне назар салып көрейік. Адам дене жаттығуларымен айналысқан сәтте оның миында да сан мыңдаған үдерістер орын алады. Ми дене қимылдарының әрекетін күйзеліс ретінде қабылдап, оған қарсы күрес жүргізе бастайды. Ағзадан эндорфин гормоны (қуаныш пен ләззәт алу гормоны) мен пайдалы ақуыздар бөлініп, жүйке жүйелері мен миға тарайды. Сол арқылы адам ойы ұшқыр әрі есте сақтау қабілеті жақсара түсіп, көңіл-күйге әсер етеді екен.

Иә, күнделікті өмірде спортты сүйетін жандар көп. Әркімнің санасындағы спорт ұғымы – сан алуан. Расында да, көпшілікті ұлты мен жеріне, тілі мен дініне бөлмей өзіне ынтызар етер спорт құдіреті жоғары. Бәріміз білетіндей, «спорт – денсаулық кепілі». Бастысы, талғампаз тәкәппәр өнерге шексіз беріліп, адалдық танытсаң берері мол - сиқырлы әлем.

Шапағат Қосшығұлов