Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

САРАН ҚАЛАСЫНЫҢ БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕРГЕ АРНАЛҒАН СПОРТТЫҚ ОЛИМПИАДАЛЫҚ РЕЗЕРВ МЕКТЕБІНІҢ ЖАСӨСПІРІМ ФУТБОЛШЫЛАР КОМАНДАСЫ «ALMATY CUP 2022 ДӘСТҮРЛІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИРІНІҢ КУБОГЫН ЖЕҢІП АЛДЫ.

Финалда Саран шаһарының ойыншылары Алматының ең мықты «Жас Қыран» командасын 4:2 есебімен жеңді.

Жарыс екі топта өткен болатын. 2011–2012 жылдары туылған ересектер тобы және 2013–2014 жылдары туылған кіші топ. Екі топтың әрқайсысында сегіз командадан болды. Алматы қаласына ат басын терлетіп барған Саран қаласының футболшылары екеуінде де бақтарын сынап көрді.

– Ересектер тобындағы балалар осымен турнирге екінші рет қатысып, алдында бесінші орынды иеленген еді, – дейді Саран қаласының балалар мен жасөспірімдерге арналған спорттық олимпиадалық резерв мектебінің жаттықтырушы-оқытушысы Владимир Гарипов. – Ал биыл көптен күткен жеңіске де жетіп отырмыз. Әрине, жеңіске жету оңайға соққан жоқ, себебі қарсыластар өте мықты команда болды. «Қайраттың» филиалдары. Бідің командамен финалда жолыққан «Жас Қыран» командасы – Алматы чемпиондары. Десекте біздің балалар намысты қолдан бермей, жеңіске жетіп отыр, – дейді ол.

Айтпақшы, тағы бір қуанышты жаңалық, Саран қаласының футболшылары турнирдің үздік ойыншылары болып танылды. Мәселен, «Үздік қақпашы» санатында Александр Конкин жеңіске жетсе, Милослав Петренко есімді футболшымыз «Үздік ойыншы» атағын жеңіп алды. Осылайша біз Саран футболшыларының дайындығы өте жоғары деңгейде екендігін тағы бір мәрте дәлелдедік. Мұнда әрине, жергілікті жаттықтырушыларымыздың еңбегінің үлесі зор екендігін атап өтуіміз керек.

Кіші топтағы футболшылар аталмыш турнирге бірінші рет қатысып, алтыншы орынды иеленіп отырған жайы бар. Жаттықтырушы Владимир Гариповтың айтуынша, кішкентай аяқдопшыларымыздың болашағы әлі зор болмақ, алар белестері алда.

Жарыстан кейін футболшылар жаттығуларын қайта бастап кеткен екен. себебі олардың алдындағы қазіргі ең басты міндет – облыс чемпионатында үздік үштікке ену. Ал күзде Алматыдағы турнирге қайта қатысамыз деп жоспарлап отыр. Ол кезде халықаралық чемпионат өтпек.

Кішкентай жерлестерімізге сәттілік дей отыра, жеңіс тұғырынан көрінулеріне тілектеспіз демекпіз!

Шапағат Қосшығұлов