Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

ҮСТІМІЗДЕГІ ЖЫЛҒЫ 17 МАУСЫМДА САРАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ ЕРЖАН ТЕМИРХАНОВТЫҢ ТӨРАҒАЛЫҒЫМЕН ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІК ПЕН ӘЛЕУМЕТТІК ЖӘНЕ ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫН РЕТТЕУ ЖӨНІНДЕГІ ҚАЛАЛЫҚ ҮШЖАҚТЫ КОМИССИЯНЫҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ.

ZOOM платформасы арқылы online режимде өткен комиссия отырысында Саран қаласының кәсіпорындарында еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы бойынша жұмыстың жай-күйі, Саран қаласының тұрғындарынан еңбек заңнамасы мәселелері бойынша келіп түскен өтініштер, өндірістік жарақаттануды төмендетуге және кәсіптік аурулардың туындауының алдын алуға бағытталған шаралар, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобаның мақсаттары мен міндеттері туралы мәселелер қаралды.

Оған қалалық үшжақты комиссия, жұмысшы тобы құрамы, қала кәсіпорындарының басшылары қатысты.

Қарағанды облысының еңбек инспекциясы бойынша басқармасының тау-кен металлургия саласындағы бақылау бөлімінің басшысы Сахибжамал Сафарова қала кәсіпорындарындағы еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы бойынша жұмыстың жай-күйі мен еңбек заңнамасы мәселелері бойынша Саран шаһарының тұрғындарынан келіп түскен жайында баяндады.

Сахибжамал Әділбекқызының мәлімдеуінше, өндірістік жарақаттанудың неғұрлым жоғары көрсеткіштері облыстың «АрселорМиттал Темиртау» АҚ, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС  сынды тау-кен металлургия саласында байқалады.

Мәселен, 2021 жылы «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамының «Саран» шахтасында ауыр себеп-салдарға әкелген 1 жағдай орын алса, 2022 жылы «ДДС Плюс» және «ККК ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде ауыр себеп-салдары бар 2 жағдай тіркелген екен.

Қарағанды облысының еңбек инспекциясы бойынша басқармасының тау-кен металлургия саласындағы бақылау бөлімінің басшысы Сахибжамал Әділбекқызының айтуынша, оған себеп - жазатайым оқиғалардың жағдайлары мен себептерін талдау нәтижелері көрсеткендей, жұмыс берушілер тарапынан жұмыстың қанағаттанарлық деңгейде ұйымдастырылмауы, жұмыс орнындағы қауіпсіздік пен еңбекті қорғауға тиісті көңіл бөлінбеуі, сонымен қатар барлық кәсіпорындарда жабдықтарды жаңартып отырудың жүргізілмеуі және қызметкерлерді қауіпсіз еңбекке үйрету жұмысы деңгейінің төмендігі екені анықталып отыр.

Өздеріңіз көріп отырғандай, өндірістік жарақат тау-кен металлургия кешендері, құрылыс орындарында көп болады екен. Ол бірінші кезекте сарандықтарды да алаңдатса керек.

Осы  мәселе бойынша талдау жүргізген Сахибжамал Әділбекқызының:

«Өндірістік жарақаттануды төмендету жөніндегі жұмыс ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген 2019-2023 жылдарға арналған өндірістік жарақаттануды және еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын азайту жөніндегі жол картасы мен Қарағанды облысында 2021 - 2023 жылдарға арналған еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі «Қауіпсіз еңбек» бағдарламасы шеңберінде жүргізілуде.

Еңбекті қорғауды басқару жүйесін жетілдіру мақсатында өткен жылы Еңбек кодексіне өндірістік кәсіпорындарда еңбекті қорғауды басқарудың қазіргі заманғы жүйесін енгізуді көздейтін бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын.

Атап айтқанда, Еңбек кодексінде:

- жұмыс берушінің еңбекті қорғауды басқару жүйесін енгізу жөніндегі міндеті бекітілді;

- құрылыс алаңында еңбекті қорғау талаптарының сақталуын жалпы үйлестіруді жұмыстарды ұйымдастырушы (бас мердігер) жүзеге асыратын норма көзделген;

- кәсіпорындағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша ішкі бақылаудың рөлі күшейтілді», - дейді.

Сонымен қатар, ол өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету бойынша жағдайды жақсарту үшін және кәсіби тәуекелдерді басқарудың заманауи жүйесін енгізу мақсатында облыстың 160 ірі кәсіпорны еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша халықаралық және ұлттық стандарттарды енгізгендігін, 7 кәсіпорын VisionZero бағдарламасына қатысып жатқандығын, 34 кәсіпорында «Халықтық бақылау» жобасы енгізілгендігін айтты.

Бұдан бөлек Қарағанды облысының еңбек инспекциясы бойынша басқармасының тау-кен металлургия саласындағы бақылау бөлімі басшысының айтуынша, еңбекті қорғау талаптарын қамтамасыз ету, өндірістік жарақаттану мен кәсіптік аурулардың алдын алу бойынша бірлескен іс-қимылдарды ұйымдастыру үшін кәсіпорындарда 1600 бас техникалық инспекторлардың қатысуымен 1140 еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестер құрылған. Жұмыс орындарындағы еңбек жағдайларының нақты жай-күйін бағалау және олар бойынша еңбекті қорғау жөніндегі шаралар кешенін жүргізу мақсатында өндірістік объектілерді аттестаттау жүргізілген. Атап айтқанда, аттестаттаудан 215 өндірістік объект өткен екен.

Ал Саран қалалық санитарлық эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Алмагүл Қарабекова өндірістік жарақаттануды төмендетуге және кәсіптік аурулардың туындауының алдын алуға бағытталған шаралар туралы баяндады.

Аталған басқарма Саран шаһары мен Ақтас кентінің өнеркәсіптік кәсіпорындарына бақылау жүргізеді.

Алмагүл Болатқызының айтуынша, басқарма бақылауында барлығы 36 өнеркәсіп  объектісі бар екен, оның ішінде 7 объекті ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарға жатады. Олар: «Сабурхантехнолоджес» ЖШС, қара металлургия өндірісімен айналысатын «Евромет» ЖШС, химия өнеркәсібі өнеркәсібімен айналысатын «Казцентрэлектропровод» ЖШС, көмір өнеркәсібіне жататын «АрселорМиталл Теміртау» АҚ «Саран» және Т. Күзембаев атындағы шахталары, құрылыс өнеркәсібіне жататын «ЖБИ-5» ЖШС мен «ККК-Бетон» ЖШС.

Саран қалалық санитарлық эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Алмагүл Қарабекова:

«2022 жылдың бірінші жартыжылдығына өнеркәсіптік кәсіпорындардың ерекше тәртібі бойынша 3 тексеру жоспарланған болатын. Аталған тексерістер «АрселорМитталТеміртау» АҚ Т. Кузембаев атындағы және «Саран» шахталарында, «ККК-бетон» ЖШС жүргізілді. Барлық тексерулер зертханалық-аспаптық зерттеулерді қолдану арқылы жүргізілді. Объектілерде анықталған бұзушылықтар бойынша жауапты тұлғалар әкімшілік жазаларға тартылды, бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар шығарылды, бүгінгі таңда барлық нұсқамалар орындалды», - деді.

Сонымен қатар, Алмагүл Болатқызы Қарағанды облысында өнеркәсіп кәсіпорындары жұмысшыларының кәсіби аурушаңдығы жағдайларының саны артқаны байқалатындығын айтады.

- 2022 жылдың 1 тоқсанында кәсіптік аурушаңдық деңгейі зиянды еңбек жағдайларындағы 10 000 жұмысшыға шаққанда 34,7-ні, ал 2021 жылдың сәйкес кезеңінде – 5,4-ті құрады. Ал Саран қаласында «АрселорМиталл Теміртау» АҚ Басқару департаментіне қарасты кәсіпорындарда 2022 жылдың 1 тоқсанындағы кәсіптік аурушаңдық бұрынғы деңгейде қалды. Мәселен, 2021 жылдың 1 тоқсанында Күзембаев шахтасында 8, Саран шахтасында 3, ал 2022 жылдың 1 тоқсанында Күзембаев шахтасында 1, ал Саран шахтасында 9 жағдай тіркелген. Нозологиялық формалар бойынша кәсіптік аурушаңдық келесідей: тірек-қимыл аппаратының аурулары – 9 жағдай (64,2%), тыныс алу жүйесі аурулары – 4 жағдай (28,5%), есту мүшелерінің аурулары – 1 жағдай (7,1%), - деді Алмагүл Болатқызы.

Саран қалалық санитарлық эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының мәлімдеуінше, қалада орналасқан басқа өнеркәсіп кәсіпорындарында кәсіптік аурушаңдық тіркелмеген.

Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобаның мақсаттары мен міндеттері туралы күн тәртібінде қаралған үшінші мәселе бойынша Саран қаласының жұмыспен қамту орталығы басшысының міндетін атқарушы Татьяна Черкасова баяндады.

Татьяна Сергеевнаның айтуынша, үстіміздегі жылы кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде келесідей бағыттар бойынша жұмыстар жүргізілуде: қысқа мерзімді кәсіптік оқыту, жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орындары, бірінші жұмыс орындары, қоғамдық жұмыстар, ұрпақтар келісімшарты, күміс жасы және мемлекеттік грант бағыттары.

«Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту меншік нысанына қарамастан жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша ұйымдастырылады. 21787 теңге көлемінде стипендия төлене отырып, жұмыссыз азаматтарға тегін негізде ұсынылады. Ал егер оқу орталығы басқа елді мекенде орналасқан болса, медициналық тексеруден өтуге және жол жүруге қаражат бөлінеді. Жұмыссыз азамат оқуға жіберілу үшін алған мамандығы бойынша оқудан кейін жұмысқа орналасатын жұмыс берушіден өтінім ұсынуы қажет. Оқу мерзімі 1 айдан 6 айға дейін, оқу мерзіміне өндірістік практикадан өту кіреді», - дейді Саран қаласының жұмыспен қамту орталығы басшысының міндетін атқарушы Татьяна Черкасова.

Оның мәлімдеуінше, үстіміздегі жылы қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 28 адамды жіберу жоспарланған. Қазіргі таңда 24 адам оқуға жіберілген.

Атап айтқанда, Саран қаласының жұмыспен қамту орталығы азаматтарды тігінші, тоқушы, пішуші, беттеуші, баспашы, ТББ бақылаушысы, аспазшы, шаштараз мамандықтары бойынша «A.V. Group» ЖШС, «Galex Plus» СТФ ЖШС, «QazTehna» ЖШС, «Альтаир» ЖШС оқу орталықтарына жіберген.

Ал жастар практикасына биыл Саран қаласының жұмыспен қамту орталығымен 40 адамды қамту жоспарланған екен. Қазіргі таңда программистер, шаштараз, техник-технолог, заңгерлер, бухгалтер, металлург мамандықтары бойынша 9 жас маман жастар практикасына жіберілген екен. Олардың ішінде штатқа жұмысқа алына отыра, 2 адам жастар практикасын аяқтапты.

Татьяна Сергеевнаның мәліметіне сүйенсек, түлектердің негізгі легі ағымдағы жылдың шілде айында, яғни диплом алғаннан кейін деп күтілуде.

Жастар практикасы арнайы орта және жоғары оқу орындарының түлектері болып табылатын жұмыссыз азаматтарға арналған. Осы санаттағы азаматтар өз мамандықтары бойынша уақытша жұмыс орындарына жіберіледі.

Айта кету керек, бұл бағыт бойынша 29 жастан аспаған алдыңғы 3 жылдың  түлектері ғана қатыса алады. Жалақы мөлшері бүгінгі таңда 91890 теңгені құрайды және жастар практикасының ұзақтығы 12 айдан аспайды.

«2022 жылы әлеуметтік жұмыс орындарымен 15 адамды қамту жоспарланған. Бүгінгі күні жоспарланған 15 адамның барлығы дерлік әлеуметтік жұмыс орындарымен қамтылды. Аталған азаматтарды менеджерлер, тігіншілер, іс жүргізушілер, инженерлер мамандықтары бойынша «A.V. Group» ЖШС, «LogosIngenering» ЖШС, «Galex Plus» ШТФ ЖШС, «Aros Group» ЖШС сынды қаланың дамушы кәсіпорындарына жұмысқа жіберілді. Бірінші жұмыс орнына NEET санатындағы 11 адам, қоғамдық жұмыстарға 130 адам жіберілді. Ал үстіміздегі жылғы шілде айынан бастап ұрпақтар келісімшарты бойынша 2 жұмыс орнын құру жоспарлануда. «Күміс ғасыр» жобасының бағыт жоспары – 30 адам. Бөлінген қаржыландыру жоспарына сәйкес азаматтар 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап жіберіледі деп күтілуде.

Ал мемлекеттік грант бойынша республикалық бюджеттен 6,126 млн теңге және Ұлттық қордан 6,126 млн теңге мөлшерінде қаржыландыру бөлінді. Қаражатты игеру 2022 жылдың шілдесінде ережелер бекітілгеннен кейін жүзеге асырылатын болады. Қазіргі уақытта мемлекеттік грант конкурсына қатысудың бизнес-процесін әзірлеу жүргізілуде. Бизнес еңбек электронды алаңы арқылы бизнес-жоспарды қоса бере отырып, өтініш беру көзделуде. Өтініш беру үшін осы порталға айына бір рет кіру жоспарлануда», - деді Саран қаласының жұмыспен қамту орталығы басшысының міндетін атқарушы Татьяна Черкасова.

Комиссия отырысын қорытындылаған қала әкімі Ержан Оралұлы мекеме басшыларына аталған мәселелер бойынша бірқатар тапсырмалар берді.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ