Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

БҰРНАҒЫ КҮНІ ҚАЛАЛЫҚ ӘКІМДІК ҒИМАРАТЫНДА ӨТКЕН ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАП, АЛДАҒЫ ЖЫЛЫТУ КЕЗЕҢІНЕ ДАЙЫНДЫҚ БАРЫСЫН ПЫСЫҚТАУ МАҚСАТЫНДА САРАН ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ТҰРАҚТЫ КОМИССИЯЛАРЫНЫҢ БІРІККЕН ОТЫРЫСЫ ӨТТІ.

Қалалық мәслихат депутаты Шәріп Исеновтің төрағалығымен өткен алқалы жиынға Саран қаласы әкімінің орынбасары Алмас Сүлейменов, Ақтас кентінің әкімі Бауыржан Ақанов, Қоғамдық кеңес мүшелері, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың басшылары қатысты.

Мәслихаттың 12 сессиясының кезекті отырысында қала басшысының орынбасары Алмас Сүлейменов Саран шаһарындағы, ал Ақтас кентінің әкімі Бауыржан Ақанов кенттегі 2021-2022 жылдардағы жылыту маусымының қорытындылары мен 2022-2023 жылдардағы жылыту маусымына дайындық барысы туралы баяндады.

Алмас Рымқұлұлының мәлімдеуінше, 2021-2022 жылдардағы жылыту маусымы Саран шаһарында штаттық режимде өтіп, анау айтқандай келеңсіз жайттер орын алмады. Әкім орынбасары өткен кезеңде техникалық тұрғыдан ешбір бұзушылықтар болмағанымен, адами факторларға байланысты кейбір келеңсіз жайттердің орын алғанын жасырмады. Сол себепті де қазірден бастап шаһардағы ең негізгі деген жылыту көздерінде алдағы жылыту маусымының тиісті деңгейде өтуін қамтамасыз ету мақсатында персоналдарды іріктеу жұмыстары басталып кеткендігін мәлімдеді Алмас Сүлейменов.

Сонымен қатар, ол қала тұрғындарының шағымдары мен ескертулері бойынша талдау жұмыстары жүргізіліп, солар бойынша кейбір қазандықтардың қазандарын ауыстыру және басқа да сәйкесінше жұмыстар жоспарланғанын мәлімдеді.

Ал аталған шаралар өз кезегінде алдағы жылыту маусымының қалыпты режимде өтуін қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек дейді қала әкімінің орынбасары Алмас Рымқұлұлы.

- Өткен жылыту маусымы кезеңінде қаланың қазандықтарындағы ахуалға жасалған талдау жұмыстары бойынша жоспарланған жөндеу жұмыстарының көлемін уақтылы және толық орындау арқасында біз алдағы 2022-2023 жылдардағы жылыту кезеңіне дайындық жұмыстары тұрақты режимде өтіп жатқанын нақты айта аламыз, бұл жұмыстар бір жағынан бізге авариялық жағдайлардың туындауын төмендетуге мүмкіндік беріп отырғандығын да атап өткім келеді.

Саран қаласы мен Ақтас кентінің коммуналдық шаруашылық объектілерін 2022-2023 жылдардағы жылыту маусымына дайындық жылыту маусымына дайындық жөніндегі іс-шараларға сәйкес, сондай-ақ өткен жылыту маусымының қорытындылары бойынша тұрғындардың ескертулері мен ұсыныстарын ескере отырып, тіршілікті қамтамасыз ететін объектілердің басшыларымен келісілген жөндеу жұмыстарын жүргізу кестелеріне сәйкес жүзеге асырылатын болады, - деді Саран қаласы әкімінің орынбасары Алмас Сүлейменов.

Ақтас кентінің әкімі Бауыржан Ақанов та комиссия мүшелеріне өткен жылыту маусымының қорытындылары мен алдағы жылыту кезеңіне дайындық барысы туралы толыққанды ақпарат беріп өтті.

Бауыржан Заруханұлы мәлімдегендей, Ақтас кентінде 2022-2023 жылдардағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарын жүргізу мақсатында тұрғын үйлердегі жауапты адамдармен, пәтер иелері кооперативінің төрағаларымен, әкімдік өкілдерімен бірлесе отырып, әр үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша ақаулық актісі мен кестесі бекітілетін болады. Аталған құжаттардың орындалуын кент әкімі өз бақылауына алмақ.

Ақтас кенті әкімінің аппаратында тұрғын үйлерде орын алған апатты жағдайлар тіркелген диспетчерлік журнал бар, міне сол журнал бойынша жылыту маусымына дайындық кезінде ең апатты үйлерге ерекше назар аударылады деп отыр Бауыржан Заруханұлы.

Сонымен қатар, ол жылыту маусымы басталмас бұрын, алдымен жылыту көздерінің жауапты өкілдері, ПИК, ЖӨБ төрағалары, тұрғын үйлер бойынша жауапты адамдар тұрғын үйлер мен қазандықтардың дайындық актілерін әзірлейтінін айтып, содан кейін ғана олар тұтынушылармен келісімшарттар жасайтындығын жеткізді.

- Бүгінгі таңда Ақтас кентінде 44 көпқабатты тұрғын үй мен 3 әлеуметтік мәдени тұрмыстық нысандарды жылытумен қамтамасыз ететін 5 жергілікті қазандық жұмыс жасайды. Олар бойынша қазіргі кезде жылу көздерін дайындау, атқарылған жұмыстар кестесіне сәйкес ақауларды анықтау, сумен қамтамасыз ету және субұру желілерін жөндеу жұмыстары жоспарланған. Бұдан бөлек, кент тұрғындарымен тұрғын үй қорларын жылыту маусымына дайындау қажеттілігі және жылыту қызметтері бойынша берешектерін төлеу туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілетін болады, - деді Ақтас кентінің әкімі Бауыржан Ақанов.

Ал халық қалаулылары № 8, 86, 108 қазандықтардың қызметіне қатысты, сонымен қатар жөндеу жұмыстарының кестелері мен пайдаланылатын отын туралы сұрақтарына тұщымды жауаптарын алып, баяндамашыларға қыстан кейін жиналып қалған қождардың уақтылы шығарылуына да баса назар аудару керектігін атап өтті.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Фото: Камила ОСПАНОВА