21 МАУСЫМ КҮНІ ҚАЛАЛЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІНІНІҢ ҚАБЫРҒАСЫНДА ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ ӘКІМІ ЖАНЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕРІН НАСИХАТТАУ ЖӘНЕ ҚОЛДАНУ ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯ ЖҰМЫС ТОБЫНЫҢ МҮШЕСІ ШАХМАРАЛ КАБУЛОВАНЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША СЕМИНАР ӨТТІ.
Іс-шараны бастап берген қалалық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Элеонора Нехорошева құқық қорғау органдары, сот, денсаулық сақтау мекемелері, әлеуметтік қорғау қызметі, қазынашылық банкі және басқа да бюджеттік сала ұйымдары өкілдерін мемлекеттік рәміздер мәселелері бойынша ұйымдастырылған семинардың мақсат-міндеттерімен таныстырып, биыл Саран қаласында мемлекеттік рәміздерінің 30 жылдығын мерекелеу аясында ауқымды авто-мото шеру өткендігін атап өтті.
Қарағанды облысы әкімі жанындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін насихаттау және қолдану жөніндегі комиссия жұмыс тобының мүшесі Шахмарал Кабулова семинардың модераторы ретінде қатысушыларға мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін басты нышандарды құрметтеу керектігін, мемлекеттік рәміздер - егемендігіміздің мызғымас негіздерінің бірі, ел тәуелсіздігінің қасиетті біріктіруші бейнесі екендігіне тоқталды. Сондай-ақ, ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтін мемлекеттік рәміздерді ауыстыру және жою жөніндегі комиссия құруға бұйрықтарды, актілерді және басқа да құжаттарды қалай дұрыс ресімдеу керектігін жіті түсіндіріп берді. Семинар емін-еркін форматта өткендіктен қатысушылардың ой-пікірлерін біле отырып, көкейлерінде жүрген сауалдарына мүдірмей жауап беріп отырды.
- Мемлекеттік рәміздерге әрбір азамат құрмет көрсетуі керек, сыйлауы керек. Өзіміздің мемлекеттік рәміздерімізді ерекше қастерлеуіміз керек. Өз басым семинардан көп мағлұмат білдім. Жақсы әсер алдым, - деп пікірін білдірді Саран қаласының мемлекеттік архивінің архивисті Мөлдір Оралбаева.
Семинар соңында қатысушылар өз әсерлерімен бөлісіп, мемлекеттік рәміздерге қатысты бірқатар тың ақпаратқа кенелгендерін айтты. Өңір бойынша мұндай семинарлар тұрақты негізде өткізіліп келеді.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА
Фото: Камила ОСПАНОВА