Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге қоғамдық орындардағы жарнама тілін түзетудің үлкен әсері бар. Көрнекі ақпараттар мен жарнамалардың тіл сауаттылығын қадағалау және реттеу, оларды қолданыстағы заңнама талаптарына сай ресімдеуге әдістемелік көмек көрсету мақсатында «Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі» ММ, «Тіл қорғаны» арнайы жұмыс тобының мүшелері апта сайын рейдке шығып, шағын және орта бизнес нысандарында ілінген қателерді анықтауда. Жыл басынан 318 нысанның көрнекі ақпараттары зерделеніп, «Жедел желі» бойынша 59 кәсіпкерге әдістемелік көмек көрсетілді.
Алдымен көпшіліктің назарына көрнекі ақпараттардағы түрлі қателер, сауатсыз аудармалар, тілдік кемшіліктер түседі. Олардың қоғамдық санаға айтарлықтай әсер ететінін ескерсек, оның тілі де, сауаттылығы да, заңнама талаптарына сай ресімделуі де маңызды екенін аңғарамыз.
Біз қаламызда жарнама тілін сауаттандыру бойынша жұмыстар атқарудамыз. Қажетті кеңестер мен дұрыс аударма бойынша тегін көмек береміз. Осындай кәсіп иелерімен біріге атқарған жұмыс нәтижесін беруде. Қазір көптеген дүкендер мен қоғамдық орындар мән-жайды түсінген соң, көзқарастарын өзгертіп, жарнама сауаттылығына баса назар аударуда. Бірақ, кейбірі «Дүкен, Магазин» деп атауын ғана екі тілде жазып, қалғанын орысша жазады. Біз мұндай кемшіліктерді де жоюға күш салудамыз.
Кез келген елдің жарнамасынан ол елдің ұлттық ерекшелігі, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы, мәдениеті көрініп тұрады. Сондықтан да қала тұрғындары да сауатсыз жарнамаға бей-жай қарамай, қателерді фотоға түсіріп 8 778 241 88 45 нөмірі бойынша whatsapp-қа жіберсе, нұр үстіне нұр болар еді. Бірігіп пішкен тон келте болмасы анық.
Д. Жүпенова,
«Саран қаласы мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру
және спорт бөлімі» ММ тілдер жөніндегі бас маманы