МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ–ЖОМАРТ ТОҚАЕВ «ЖАҢА ЖАҒДАЙДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН: ІС-ҚИМЫЛ КЕЗЕҢІ» АТТЫ ЖОЛДАУЫНДА «ЖҰРТҚА ЖАҚЫН ПОЛИЦИЯ» ҚАҒИДАТЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ ЖӘНЕ УЧАСКЕЛІК ПОЛИЦИЯ ИНСПЕКТОРЛАРЫНЫҢ МӘРТЕБЕСІН ЗАҢНАМАЛЫҚ ТӘРТІПТЕ АРТТЫРУ БОЙЫНША ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІЛЕРГЕ ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗУ ТУРАЛЫ ТАПСЫРМА БЕРГЕН БОЛАТЫН.
Осы орайда қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері қылмыстың алдын алу және тұрғындардың құқықтық сауаттарын арттыру мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп тұрады. Сондай халықпен тығыз байланыс орнатудың жолы – «Жолда қабылдау» акциясы.
Маусым айының 17 жұлдызында Саран қаласының полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Балабеков Ерболат Тыныбекұлы бастаған тәртіп сақшылары қала орталығында «Жолда қабылдау» шарасын ұйымдастырып, тұрғындардың сауалдарына жауап берді.
Ондағы мақсат – азаматтармен кері байланысты қамтамасыз ету, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, автокөлікті тіркеу, жүргізуші куәліктерін, төлқұжаттар мен жеке куәліктерді беру, көлік құралдарын техникалық тексеруден өткізу, жол қозғалысын ұйымдастыру, әкімшілік құқық бұзушылық айыппұлдарын төлеу, құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау және басқа да өзекті мәселелер бойынша жұртшылықтың сауаттылығын арттыру, орын алған оралымсыздықтарды ретке келтіру.
Құқық қорғаушылар қала орталығында орналасқан «Ленин» даңғылы бойында кез-келген тұрғынның шағымдарын тыңдап, өтініштерін қабылдап жатты. Ал жедел шешілетін мәселелерге олар сол жерде жауап берді.
«Жолда қабылдау» акциясы бұған дейін де бірнеше рет өткізілген болатын. Онда да Саран халқы жол қауіпсіздігіне, қылмысқа қатысты толғандырған сауалдарын жеткізіп, біршама мәселенің басын ашып алған болатын. Бұл жолы да жол көлік оқиғасына, жол ережесіне, жылдамдықты арттыруға қатысты сұрақтар қойылды.
– Мұндай акцияның тұрғындар үшін өте тиімді. Өйткені, қылмысқа қатысты, сонымен бірге жол ережесін сақтау заңдылықтарын халыққа құлақтандырып отырудың қоғамға пайдасы көп. Сол себепті де «Жолда қабылдау» акциясы жиі ұйымдастырылады. Өз тарапымыздан тұрғындар сауалына жауап берудеміз, – дейді Саран қаласының полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Ерболат Тыныбекұлы.
Айта кетейік, бұл акция әлі де жалғасын табатын болады.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ
Фото: Камила ОСПАНОВА