САРАН ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ КЕЗЕКТІ ХІІ СЕССИЯСЫНДА БІРҚАТАР ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ ЕРЛАН ҚОШАНОВТЫҢ ЖӘНЕ «AMANAT» ПАРТИЯСЫның АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ АСХАТ ОРАЛОВТЫҢ АЛҒЫС ХАТТАрЫМЕН МАРАПАТТАЛДЫ.
23 маусым күні қалалық мәслихаттың хатшысы Өміржан Баймағанбетовтың төрағалығымен Саран қалалық мәслихатының кезекті ХІІ сессиясы өтті.
Осы жолғы отырыста Саран қаласының әкімі Ержан Темирханов, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Талғат Утеубаев, Ақтас кентінің әкімі Бауыржан Ақанов, қала әкімінің орынбасарлары, құқық қорғау органның өкілі, мемлекеттік мекемелердің басшылары, қалалық қоғамдық және ардагерлер кеңесінің төрағалары сессия жұмысымен танысып, күн тәртібінде көтерілген 10 мәселені қарастырды.
Жиында ең алдымен «2021 жылғы қалалық бюджеттің орындалуы туралы есеп» мәселесі қаралды. Ол жайлы экономика және қаржы бөлімінің басшысы Евгения Чиркова баян етіп, 2021 жылы қала бойынша 684 мәдени іс-шара, салауатты өмір салтын насихаттау бойынша 129 спорттық жарыс, оның 51-і онлайн режимінде өткендігін атап өтті. Сондай-ақ, Саран қаласының құрамасы 12 облыстық жарысқа қатысқандығын айтты. Әрі орташа және ағымдағы жөндеу бойынша қабылданған бірқатар шараларға, қаланы абаттандыру мен көгалдандыруға, құрылыс саласында тұрғын үй қорын және инженерлік – коммуникациялық инфрақұрылымды жақсарту жөніндегі жобалардың орындалуына баса назар аударды.
«Ақтас кентінің 2021 жылғы бюджетінің орындалуы туралы есебі» мен «Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарын өткізу және жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін Қарағанды облысының Ақтас кенті тұрғындары өкілдерінің санын айқындау ережесін бекіту туралы» қос мәселе бойынша Ақтас кентінің әкімі Бауыржан Ақанов жауап беріп, кенттің жалпы тыныс-тіршілігімен, атқарылған жұмыс ауқымына тоқталды. Тұрақты комиссияның төрайымы Нұргүл Тәжібаева болса «2021 жылға арналған қалалық және Ақтас кенті бюджетінің орындалуы туралы қорытындысын» баян етті.
Күн тәртібінде келесі болып көтерілген «2021-2022 жылдардағы жылу беру маусымының өтуі туралы есеп. 2022 – 2023 жж. жылу беру маусымына дайындық жөніндегі іс-шараларды бекіту туралы» мәселесі бойынша қала әкімінің орынбасары Алмас Сулейменов ақпараттандырды.
Бүгінгі таңда Саран қаласы және Ақтас кенті бойынша 30 автономды жылыту жүйесі бар. Оның 27-сі әлеуметтік мәдени тұрмыс объектілерінде болса, үшеуі көп қабатты тұрғын үйлерді жылытады. Биыл жылу желілерінің апатты учаскелерін ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Сондай-ақ электрмен жабдықтау жүйесі мен сумен жабдықтау және кәріз жүйесі, әлеуметтік мәдениет объектілері бойынша тиісті жұмыстар атқарылмақ.
- Жылу беру маусымын өткізу кезеңінде қаланың қазандықтарындағы ахуалды талдау 2022-2023 жылдардағы жылу беру маусымы жоспарланған жөндеу жұмыстарының көлемін уақтылы және толық орындаудың арқасында тұрақты режимде өтіп жатқанын көрсетті, бұл авариялық жағдайлардың туындауын азайтуға мүмкіндік берді, - деді Алмас Сулейменов.
Сонымен қатар, сессия жұмысында «Саран қалалық мәслихатының аппараты мемлекеттік мекемесінің «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін бағалаудың әдістемесін бекіту туралы», «Саран қалалық мәслихатының 2019 жылғы 10 қаңтардағы 33 сесиясының «Учаскелік сайлау комиссияларының құрамдарын сайлау туралы» № 366 шешіміне өзгертулер енгізу туралы», «Саран қаласы әкімдігінің жанындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның дербес құрамын бекіту туралы», «Саран қалалық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы», «Қалалық мәслихатының он үшінші сессиясының күн тәртібі туралы» және «Сессия жұмысын дайындау және 13 кезекті сессияның шешім жобаларын редакциялау үшін слайдта ұсынылған редакциялық комиссияны сайлауды ұсыну» мәселелері бойынша сессияға қатысқан қалалық мәслихат депутаттары шешім қабылдады. Дауыс беру барысында қарсы, қалыс қалғандар болған жоқ.
Комиссия отырысына қатысқан қала әкімі Ержан Темирханов бүгінде барлық салаларда өзгерістер байқалып жатқандығын айтып, орталық жылу көзінің маңыздылығына тоқталып кетті. Сондай-ақ, қатысушыларды мемлекеттік қызметшілер мен Қазақстан полициясының 30 жылдығымен құттықтап, жалпыұлттық референдумға белсене қатысқандары үшін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатымен халық қалаулылары Ж.Жаяубаев пен М. Базиловты, «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың Алғыс хатымен қалалық депутат Қ. Шаяхметовті және «Amanat» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Ораловтың Алғыс хатымен Е. Хисметов пен Ж. Бекембаевты марапаттады.
Отырыс соңында мәслихат хатшысы Өміржан Баймағанбетов бөлім басшыларына бірқатар тиісті тапсырмаларды жүктеп, мемлекеттік қызметшілер мен Қазақстан полициясының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, еліміз тыныш, халқымыз аман болуын тілек етті.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА