ТАЯУДА АҚТАС КЕНТІНІҢ ӘКІМІ БАУЫРЖАН АҚАНОВ КЕНТ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСІП, БИЫЛ АТҚАРЫЛЫП ЖАТҚАН ЖӘНЕ АЛДА ІСКЕ АСАТЫН ЖҰМЫСТАР ЛЕГІМЕН ХАБАРДАР ЕТТІ.
24 маусым күні Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығында Ақтас кентінің әкімі Бауыржан Ақанов тұрғындармен кездесті. Екінші рет ұйымдастырылып отырған кездесуге қалалық мәслихаттың хатшысы Өміржан Баймағанбетов пен мәслихат депутаттары қатысты.
Ең алдымен Бауыржан Заруханұлы алдынғы кездесулерде қарастырылған мәселелерге тоқталуды жөн көріп, берілген тапсырмалар мен ұсыныстардың қалай орындалғанына баса назар аудартты.
Бірінші болып кентті энергиямен қамтамасыз ету мәселесі көтерілді. Ағымдағы жылы «Қарағанды Жарық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Бородина көшесінде жаңа КТП орнатып, Привольная көшесінің үй жанындағы учаскелерінен электр беру желісін шығару бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Сондай-ақ, бүгінде көпқабатты тұрғын үйлерде су қысымының төмендеуіне байланысты Саран қаласының құрылыс бөлімімен Қарағанды қаласының «Западная» сорғы станциясынан Ақтас кенті арқылы Саран қаласына дейін су тартқышты салу бойынша жоба әзірленуде. Әкімнің айтуы бойынша, қазіргі уақытта «Қарағанды Су» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кенттің су құбыры желілерінде ағымдағы жөндеу жұмыстарын қолға алған.
Жол мәселесі де назардан тыс қалмады.
- Жолдардағы жөндеу жұмыстарына көшетін болсақ, Привольная, Лихачева, Первомайская көшелерінің жұп жағына, 18 кварталдағы аулаларға кіру жолдарына, сондай-ақ Бородина тұйық көшесі бойынша жолға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді, - деп атап өтті Ақтас кентінің әкімі Бауыржан Ақанов.
Балаларға арналған ойын алаңдарын орнату бойынша да қарқынды жұмыстар атқарылуда. Одан бөлек, 13 кварталда, Первомайская, 16б және Бородина көшелерінде жаңа қоқыс алаңдары орнатылды.
Сонымен қатар, Ақтас кентінің әкімі Бауыржан Ақанов жарықтандыру мәселесіне жіті тоқталып өтті. Әкімнің айтуы бойынша, бүгінде мердігерлік ұйымдармен 13 кварталда, Саратовская, Лихачева, Первомайская көшелеріне жаңа жарықтандыру тіректерін орнату бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Биыл Ақтас кентінде 30-ға жуық бейнебақылау камера орнатылмақ. Оның сегіз данасы екі мектептің аумағында болса, екеуін «Аленушка» балабақшасының жанында қою жоспарлануда.
Сондай-ақ, кент аулаларында 43 орындық орнатылды. 18 кварталда футбол алаңын жөндеу жұмыстары да қолға алынған. Қазіргі уақытта Привольная 26 және Кржижановский 12, 14 көшелері ауданында ауланы абаттандыру бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.
Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығының қабырғасында болған кездесудің өзі емін-еркін форматта өткендіктен онда қатысқан кез келген адам кент әкіміне көкейінде жүрген, толғандырған сұрағын қойып, мұң-мұқтажымен бөлісті. Кент әкіміне көбіне жылу, су, электр, кәріз желілері бойынша, күнде дер уақытында қоқыстарды шығаруға қатысты бірқатар сауалдар қойылды. Тек кездесуге қатысып отырған тұрғындардан ғана емес, сондай-ақ, инстаграм әлеуметтік желісі арқылы тікелей эфирге шығып отырған азаматтар да өздерінің сұрақтарын қойды. Оның басым көпшілігі тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласымен тығыз байланысты болған. Кездесуге қатысқан Саран қаласы Ақтас кентінің полиция бөлімінің учаскелік инспекторы, майор Азамат Айтуов пен «Қарағанды Су» ЖШС Ақтас сумен жабдықтау және су бұру цехының басшысы Александр Мофа да тұрғындардан келіп түскен сауалдарға жауап қайтарып отырды.
Өткен кездесуде тұрғындар тарапынан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа, абаттандыру және жаңа әлеуметтік нысандар құрылысы саласына қатысты 15 сұрақ пен ұсыныс түссе, осы жолы әкімге отыз сауал қойылыпты. Бүгінде олар бойынша тиісті жұмыстар атқарылып, мәселелердің шешу жолдары қарастырылуда.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА