Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

ҚАРАҒАНДЫДА МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР АРАСЫНДА ОБЛЫСТЫҚ СПАРТАКИАДА ӨТТІ. СПАРТАКИАДАНЫҢ БАСТЫ МАҚСАТЫ – САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫН НАСИXАТТАУ, БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТТЫ НАСИХАТТАУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ, АЗАМАТТАРДЫҢ БЕЛСЕНДІ ДЕМАЛЫСЫН ҰЙЫМДАСТЫРУ, ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТҚА ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫН АРТТЫРУ ЖӘНЕ ҮЗДІК ҰЖЫМДАРДЫ АНЫҚТАУ.

Облыс, қала, аудан әкімдері аппараттарының және олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлері арасында өткен ХХІІ облыстық спартакиада Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілері күніне арналды.

Спорттық шараға Ақтоғай, Шет, Бұқар жырау, Абай, Нұра және Осакаров аудандарынан, сондай-ақ Қарағанды, Балқаш, Саран, Шахтинск, Теміртау, Жезқазған қалалары және Қарағанды облысы әкімдігі қызметкерлерінен құралған 13 команда, 143 спорт әуесқойлары қатысты.

Іріктеу болған жоқ, кез келген мемлекеттік қызметші өзінің спорттық мүмкіндіктерін сынап көре алды. Сонымен қатар, спартакиадаға барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың басшылары да белсенді қатысты.

Қарағанды шаһарында орналасқан «Жастар» спорт кешенінде кіл мықтыдан кім мықтыны анықтаған мемлекеттік қызметшілер волейбол, мини-футбол, жүзу, жеңіл атлетика, үстел теннисі, армрестлинг, гір спорты және шахмат сынды сегіз спорт түрі бойынша өзара бақ сынасты. Ал әуесқой спортшыларға бас төреші Анатолий Степаненко төрелік етті.

Облыстық спартакиадаға біздің қаладан ат басын терлетіп барған мемлекеттік қызметшілер жеңіл атлетика мен жүзуден үздік нәтижелер көрсете алды. Атап айтқанда, Саран шаһарының мемлекеттік қызметшілері облыстың 13 командалары мен 143 спорт әуесқойлары бақ сынасқан сайыста жүзуден 1-орынды қанжығаласа, жеңіл атлетикадан жүлделі үшінші орынды иеленді.

Барлық қатысушылар жақсы нәтижелер көрсетті. Ал кейбір мемлекеттік қызметшілер облыстық спартакиадада үздік нәтижеге жету үшін күн сайын жаттыққан екен.

– «Біз қала әкімінің бастамасымен осы жарысқа күн сайын  жаттығу жасап дайындалдық. Саран шаһарында спортқа аса қатты мән берілген. Түрлі деңгейдегі спорттық сайыстар жиі өтіп тұрады. Шаһарда олимпиадалық резервтегі спорт мектебі де бар. Әлеуметтік желілерде #саранспорты хештегімен спорт тақырыбындағы түрлі материалдар жарияланып тұрады. Біздің команда өткен жылы да осы спартакиадаға қатысып, жүлдегер атанғанбыз. Биыл дайындығымыз жақсы болып, жүзуден 1-орынды, ал жеңіл атлетикадан 3-орынды иеленіп отырмыз», – дейді Саран қалалық ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Дастан Арнешев.

Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің ақпараты бойынша облыстық жарыстардың қорытындысы бойынша өңірдің құрама командасы жасақталып, аталмыш команда Петропавлда өтетін мемлекеттік қызметшілер арасындағы республикалық спартакиадаға қатысатын болады.

Ал біз өз кезегімізде жүлделі оралған жерлестерімізді құттықтап, қызметтерінде жұмыстарының өнімді, еңбектерінің жемісті болуларын тілейміз.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ