Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

29 МАУСЫМ КҮНІ САРАН ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ЕРАЛЫ ОСПАНОВТЫҢ ТӨРАҒАЛЫҒЫМЕН КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРДЫҢ ІСТЕРІ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯНЫҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ.

Осы жолы күн тәртібінде екі мәселе қарастырылды. Алдымен қалалық білім бөлімінің бас маманы Светлана Цаплина ата-ана құқықтарынан айыру, оларды шектеу, өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды анықтау мәселелері бойынша тұрмысы нашар отбасылармен жұмыс туралы өз баяндамасында кеңінен тоқталып өтті.

Оның айтуы бойынша, тұрмысы нашар отбасыны ерте анықтау – балалар мекемелеріне тәрбиелеуге берілетін балалар санын азайтуға, сондай-ақ «тәуекел тобындағы» отбасыларды әлеуметтендіруге уақтылы көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

2021-2022 оқу жылында 26 рейд жүргізілді. Нәтижесінде 8 кәмелетке толмағандарға арналған құжаттар қалпына келтірілді, 12 отбасы - ювеналды полиция тобына есепке қойылды, Саран қаласының полиция бөліміне 13 өтініш жолданды. Сондай-ақ, дау-дамайларды сотқа дейінгі тәртіпте шешу үшін білім бөлімінің базасында психолог-медиаторлармен 5 өтініш қаралып, бесеуіне де медиативтік келісім жасалды. Ал, ағымдағы жылы алты ай ішінде өмірлік қиын жағдайда жүрген 3 отбасы анықталды.

Одан соң  Саран қаласының № 7 жалпы білім беретін мектеп-интернатының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Мадина Куанова білім орданың аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балаларымен жұмысы туралы баян етті.

Аталмыш білім ордасы өз жұмысын 1980 жылы бастап, мектеп-интернаты болып  2005 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Мектепте 284 білім алушы бар, оның 70-сі көп балалы отбасынан, төртеуі қамқорлыққа алынған, бесеуі АӘК алушылар. Ал, интернатта 85 тәрбиеленуші тұрады.

Мадина Серікқызының мәліметіне сүйенсек, 2021 жылы жаппай оқыту қорының қаражатынан аз қамтылған, көп балалы отбасылардан шыққан 33 балаға, қамқорлықтағы балаларға мектеп формасы, аяқ киім мен рюкзактар, кеңсе тауарлары сатып алынды. Биыл 40 баланы керек жабдықтармен қамту жоспарлауда. «Мектепке жол» акциясы аясында 3 оқушыға көмек көрсетілді.

Сонымен қатар, мектеп базасында баскетбол, волейбол, үстел теннисі, грек-рим күресі, футбол секциялары тегін жұмыс істеп тұр. Сабақтан тыс уақытта мектеп оқушылары мен тәрбиеленушілері үшін балалардың шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған үйірмелер мен секциялар жұмысы ұйымдастырылған.

Отырыс барысында қаралған екі мәселеге орай комиссия мүшелері өздерінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салып отырды.

Жиын соңында Саран қаласы әкімінің орынбасары Ералы Оспанов  кәмелетке толмаған жасөспірімдердің қауіпсіздігі, жат әдет-қылықтардан аулақ болуы, қажетті деңгейде білім мен тәрбие алуы, олардың құқықтарының қорғалуы жауапты мекемелердің ұдайы назарында болуы қажеттігін айтып, нақты тапсырмалар жүктеді.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА