Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

ЖҰМЫССЫЗДАР САНЫН АЗАЙТУ – ҚАЗІРГІ ҚОҒАМДА КҮН  ТӘРТІБІНЕН ТҮСПЕЙТІН БАСТЫ МӘСЕЛЕНІҢ БІРІ. ОСЫ ОРАЙДА ЖЕР-ЖЕРЛЕРДЕ АУҚЫМДЫ ІС-ШАРАЛАР ЖҮРГІЗІЛУДЕ. ЕЛІМІЗ БОЙЫНША ОҢТАЙЛЫ БАҒДАРЛАМАЛАР ҚАБЫЛДАНЫП, ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА. СОНЫМЕН ҚАТАР, ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР ЖЕТІСПЕЙТІН  КЕЙ МЕКЕМЕЛЕРДЕ БОС ОРЫНДАР ЖӘРМЕҢКЕСІН ӨТКІЗУ ДЕ ДӘСТҮРГЕ АЙНАЛҒАН.

Екі қолға бір күрек таппай жүргендерге көмек болатын «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасын іске асыру мақсатында 30 маусым күні Ленин даңғылы бойында орналасқан саябақ алдында орналасқан алаңда бос орындар жәрмеңкесі өтті.

Іс-шараны Саран қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастамасымен Саран қаласының жұмыспен қамту орталығы ұйымдастырды.

Жәрмеңке жұмыссыздықты жойып, жұмыс іздеген азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ететін бірден-бір жеңілдік саналады. Халыққа тиімдігін көрсетіп, осы шара арқылы жұмыс іздегендер мен жұмыс берушілер бір жерде түйісіп, түйткіл мәселе шешімін тауып келеді.

Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, бос орындар жәрмеңкесін өткізудегі мақсат – жұмыссыз азаматтарды нәтижелі жұмыспен қамту, әлеуметтік жұмыс орындарын құруға жұмыс берушілерді кеңінен тарту, жастарды осы шараға белсене қатысуға шақыру.

«Өздеріңіз байқағандай, биыл біз бос орындар жәрмеңкесін жаңа форматта, яғни таза ауада ұйымдастырып отырған жайымыз бар. Жәрмеңкеге келген қала тұрғындары өздерін қызықтырған лауазымдар бойынша жолдамалар алды. Жұмыс іздеп келгендердің саны 200-ден астам болса, олардың тең жартысы жастар, сонымен қатар NEET cанатына жататындары да бар.

15 адам қоғамдық жұмыстарға, күміс жас бойынша 3 адам, бірінші жұмыс орнына бір адам, жастар практикасы бойынша бір адамға жолдама берілді. Биыл жәрмеңкені 3 мәрте ұйымдастырып жатырмыз. Жұмыс берушілердің қатарында «KAMA TYRES» шина зауыты, «QazTehna» автобус зауыты, «Kazcentrelectroprovod» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, «Арселор Миттал Теміртау» сынды ірі кәсіпорындар қатысып жатыр», - дейді Саран қаласының жұмыспен қамту орталығының директоры Татьяна Черкасова.

Бұл күні жәрмеңкеге жұмыс іздеген 200-ден астам азамат қатысып, жұмыс беруші мекемелердің өкілдерімен еркін сұхбат құрды. Өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алып, түйіндемелерін тапсырды.

«Бүгінгі жәрмеңкеге түйіндемемді алып келдім. Мамандығым бойынша жұмыс іздеймін. Осындай бос орындар жәрмеңкесі сияқты шаралардың жиі өткізілгенін құптаймын. Бұл арқылы көптеген жұмыссыз адамдар жұмыс табу мүмкіндігіне ие болады деп ойлаймын», - деген өз ойын айтты жәрмеңкеге жұмыс іздеп келген қала тұрғыны.

Тұрғындардың жұмысқа орналасуына көмектесу мақсатында ұйымдастырылған жәрмеңкеге жұмыс беруші 16 кәсіпорын қатысты. Олар 500-ден астам бос жұмыс орындарын ұсынды.

Олар жұмыс ұсынып қана қоймай, қызметкерлерге қойылатын кәсіби біліктілік талаптар мен жұмысшыларға көрсетілетін әлеуметтік қолдаулар туралы да  айтып  түсіндірді. Тіпті, кейбір мекемелер мамандығы жоқ жұмысшыларды оқытуға мүмкіндіктері барын да айтып жатты. Жұмыс жәрмеңкесіне үміт артып келген жүзден астам жұмыссыздар өздері қалаған кәсіпорындарға әңгімелесуге тіркеліп, түйіндеме толтырып, еңбек етуге деген ықыластарын танытты.

Жәрмеңкені ұйымдастырушылар жәрмеңкеге келушілерге тек жұмыс ұсынып қана қоймай, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасының басым бағыттарын, кәсіптік оқыту бағдарламаларын түсіндіріп, Саран қаласындағы мекемелер мен ұйымдарға, құрылым мекемелеріне халыққа қызмет көрсету салаларына қандай мамандықтар қажеттілігі туралы ақпараттармен де таныстырды.

Бос орындар жәрмеңкесі бұл – бірнеше сағат ішінде бірнеше жұмыс берушімен сұхбаттасатын өте қолайлы мүмкіндік. Шара барысында тұрғындар жұмыс берушілермен сұхбаттасып, қызықтырған, мазалаған сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды. Жұмыс берушілер түрлі сұрақтар бойынша кеңес беріп, жұмысқа орналасу  мүмкіндіктері, мамандығына сай қабілет-қарымы жөнінде және жалпы «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы шеңберіндегі басқа да мемлекеттік қолдаулар туралы мағлұмат берді.

Бос орындар жәрмеңкесі тәмамдалған соң, жәрмеңке нәтижесін жариялау үшін жұмыс беруші тараптың «тобықтай түйіні» тыңдалды.

Жұмыссыздық деңгейін төмендету, қарапайым халықты еңбекпен қамтуға бағытталған мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Суретті түсірген автор