Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

ЖҮРЕГІ ДАРХАН, ҚОНАҒЫНА ЕСІГІ ӘРДАЙЫМ АЙҚАРА АШЫҚ ТҰРАТЫН АЙҒАЗИНОВТАР ЖАНҰЯСЫ «МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ» ҰЛТТЫҚ БАЙҚАУЫНАН ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ.

  «Үйлену оңай, үй болу қиын» деп бекерден-бекер айтылмаса керек. Айрандай ұйыған берік отбасы болу да қажырлы еңбекті талап етеді. «Отан – отбасынан басталады» демекші, елдің батырлары мен биязы, инабатты қыздардың бойындағы адамгершілік қасиеті мен тәрбиесі  туып-өскен отбасында қалыптаспақ. Сол себепті баланың тәрбиелі болып өсуі, болашақта қоғамда өз орнын таба білуі берекелі, ынтымағы мол жанұяға байланысты.  Елімізде жыл сайын отбасы институтын, адамгершілікті, руханилықты нығайту, бала тәрбиесіндегі ата-аналардың жауапкершілігін арттыру, отбасылық құндылықтарды насихаттау мен ізгілікті қасиеттерге толы әулетті анықтау мақсатында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы ұйымдастырылып тұрады. Саран қаласының жарасымды жанұялары да бұл байқауға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Солардың бірі – Айғазиновтар жанұясы.

Үйдің отағасы Дастан  Айғазинов пен ошақ жылуын сақтаушы, береке мен сәнін келтіруші отанасы Айнұр Тілеукенқызының шаңырақ көтеріп, отауласқандарына биыл – 18 жыл. Бүгінде жарасымды жанұя бес баланың ардақты ата-анасы. Үш атқамінері мен екі кесте тігерінің қызығын қызықтауда. «Әкеге қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер» демекші, үйдің тұңғышы – 17 жаста болса, кенже балалары - 7 жаста. Ата-анасының нағыз көмекшісі, қолғанаты болып ер жетіп, өсіп келеді. Дастан Айғазиновтың айтуынша, ата-ана балаларымен нағыз сырлас, дос секілді болуы керек. Сонда ғана бір-біріне деген татулығы, құрметі мен сыйластығы нығая түспек.

-              Отбасы болғандықтан қателіктер де орын алады. Ыдыс-аяқ та сылдырлайтын сәттер болады. Осындай кезде ерлі-зайыптылар бір-біріне түсіністікпен қарап, қолдауларын білдіру керек. Ашу-ызаға бой бермей, керісінше сабырлық танытқан дұрыс, - дейді үйдің отағасы.  

Дастан Зейнуллаұлы құрылыс, тоқ жағына ебі бар азамат. № 2 көпфункционалды ауруханада жүргізуші болып қызмет етіп жүргеніне де аз уақыт болған жоқ. Жазда қолы босай сала сүйікті ермегімен айналысса, айнала аппақ қарға оранғанда аң аулауға шыққанды ұнатады. Қазақ отбасында әкенің орны қашанда ерекше. Ер балалар әкесіне қарап бой түзеп, үйдегі, сырттағы ер адамға тән тағылымдарды, көбіне әкесінен үйреніп жатады. Айғазиновтар жанұясында да ұл балалар асқар таудай әкесінен үлгі алып, техника мен құрал-саймандардың тілін тауып,  шаруашылықтың қыр-сырын үйреніп жүр.

Қос қыздары болса, анасынан ас даярлауды, қонақ күтуді, үлкендерге ізет көрсетіп, кішілерге қамқор болуды бойларына сіңіріп келеді. Айнұр Тілеукенқызы үйдің шаруасына да, өз жұмысына да уақыт тауып жүрген жан. Оның қызметі де балалармен тығыз байланысты. Ақтас кентіндегі  «Аленушка»  бөбекжайында тәрбиешінің көмекшісі болып қызмет етуде. «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына қатысып көруге де жұмыс орнынан бірінші болып ұсыныс түскен.

-              «Мерейлі отбасы» байқауы жайлы телеарналардан естіп-көріп жүрген болатынбыз. Сөйтіп жұмыстан да ұсыныс келгенде, отбасымызбен ақылдаса келе қатысуға бел будық. Жұмыла осы күнге дейін жинаған жетістіктеріміз бен мадақтамаларымызды жинай бастадық. Отбасымен бірге орын алғанымыз үшін өте қуаныштымыз. Бірінші рет қатысуымыз. Балаларымыз да дән риза, - деді үйдің отанасы.

Айғазиновтар жанұясы – «Мерейлі отбасы» байқауында жүлдегерлердің қатарынан көрініп, үшінші орынға ие болған отбасы. Байқаудың нәтижесін естігенде төбелері көкке жетіп, бір марқайып қалды. Жарасымды жанұя жүлделі отбасыларға қаржылай сыйақы берілетінін әуелбастан  білмеген. Сол себепті марапаттау сәтінде екі есе бақытқа бөленіп, қажырлы еңбектің зая кетпегеніне қуанды.

Шаңырақтағы шаттығымен, сүттей ұйыған ынтымақ-бірлігімен жарасқан жанұя үшін халқымыздың өсіп-өркендеуінің кепілі көбіне-көп отбасылық ынтымақ пен татулықта жатыр. Біреу бақытын байлықтан тапқысы келсе, енді біреуі даңқ пен атақтан, мансап пен қызметтен іздейді. Алайда мұның бәрі түсінген адамға қолдың кірі секілді. «Адам ұрпағымен мың жасайды»  демекші, Айғазиновтар жаняұсы үшін балаларының аяққа нық тұруы, жақсы азамат болуы бәрінен маңызды. Сол себепті бала бақыты үшін ата-ана қажырлы еңбек етуден еш жалықпаған.

-              Адамға нағыз бақытты – тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. Жарасымды отбасы болу үшін мейірімді, ақылды болу керек. Бір-бірімізге махаббатпен, сыйластықпен қарау керек деп ойлаймын, - деді көпбалалы ана.

Айғазиновтар жанұясы отбасымен бірге сыртқа шыққанды, демалғанды жақсы көреді. Сәті түсіп жатса табиғат аясына шығып, тыныққанды ұнатады. Әлі күнге дейін туған-туысқандары, жора-жолдастары отбасылық жетістіктерімен құттықтап, жылы лебіздерін білдіруде. Біз де  мерейлі отбасыны  жеңісімен құттықтаймыз.  Елдің  ыстық ықыласына бөленіп, үлгілі, бақытты отбасы болуларыңызға тілектеспіз.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА