ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАР ДІНИ БАСҚАРМАСЫ ЖАРИЯЛАҒАН КЕСТЕГЕ СӘЙКЕС 2022 ЖЫЛЫ ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІ 9-11 ШІЛДЕ АРАЛЫҒЫНДА ЖАЛҒАСАДЫ.
Үш күнге созылатын мейрам жыл сайын хижра - мұсылман күнтізбесі бойынша Зүлхижа айының оныншы жұлдызында (Арафа күнінен кейін) және Ораза айт мейрамынан 70 күн өткеннен кейін басталады. Құрбан Айтта мұсылман жұрты құрбандыққа мал сойып, думанды мейрам жасап, үлкен-кіші арасында үгiт-насихат, өсиеттер айтып, бір-біріне құрмет көрсетеді.
Мереке қарсаңында біз Саран қалалық орталық мешітіне ат басын бұрып, шаһарымыздың бас имамы Мұхамедқали қажы Сапарғалиұлымен ұлық мейрам хақында аз-кем сұхбат құрған болатынбыз.
Осы орайда Саран газетінің ұжымы барша оқырман қауымды Құрбан Айт мерекесімен құттықтай отыра, Мұхамедқали Сапарғалиұлымен болған сүбелі сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
Дінімізде бұл мерекенің алар орны айрықша. Өйткені, қасиетті Құрбан айт елдің бірлігін күшейтіп, өзара бауырластықты арттырады. Асыл дінімізде дәріптелген діни дәстүр ғасырлар бойы халқымыздың қанына сіңіп, Ұлы дала төсіндегі ұлық мерекеге айналды.
Ал бас имамның айтуынша құрбандық – үлкен тарих, ұлы ғибадат: «Құрбан айт мерекесі тарихының тамыры сонау Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар заманынан бастау алады. Құрбан шалу – пайғамбарлар атасы Ибраһимнің (ғ.с.) сүннеті. Алайда, құрбандық дəстүр кейінгі мұсылман үмбетке де мұра болып қалды», - дейді ол.
– Қажеке, әуелі бізге құрбан сөзінің анықтамасын айтып берсеңіз?
– Араб тілінде тілімізге еніп кеткен «құрбан» сөзі – «жақындау» деген мағынаны білдіреді.
Терминдік мағынасы: Алла Тағаланың разылығына жақындау ниетімен құрбан айт күндерінде шалынатын арнайы малдың аты.
Құрбан шалудың артықшылығына, сауапты іс екендігіне қатысты пайғамбарымыздың бірнеше хадистері бар.
Мәселен, адамзаттың ардақтысы болған пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Адам баласы құрбан айт күнінде (құрбан шалып) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Аллаһ Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Аллаһ Тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар» делінеді.
Ал енді екінші бір хадисінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Алла ризашылығы үшін шалынған құрбанның әрбір қылы үшін сауап жазылатындығын сүйіншілеген. Хадисте: «Сахабалар Пайғамбарымызға (с.ғ.с.):
– Уа, Алланың Елшісі, құрбандық деген не? – деп сұрақ қойды.
– Құрбандық – сендердің Ибраһим (ғ.с.) бабаларыңның сүннеті, – деді.
– Одан бізге қандай сауап бар?
– Әрбір тал қылшығы үшін сауап аласыңдар.
– Қойдың жүнінен ше?
– Қойдың жүнінің әрбір тал қылшығына да сауап жазылады».
– Құрбан айтта құрбан шалудың үкімі қандай?
– Ханафи мәзһабында құрбан айтта шамасы жеткендерге құрбан шалу – уәжіп.
Уәжіптігінің дәлелдері: Алла Тағала Құран Кәрімде пайғамбарымызға (с.ғ.с.): «Намаз оқы және құрбан шал» – деп, әмір етіп, құрбан шалудың уәжіптігін білдірген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!» – деп бұйырған.
– Құрбан шалу кімге уәжіп?
– Құрбан шалу уәжіп болу үшін келесі мына шарттар болуы қажет: мұсылман болу; құрбан айт уақытында жолаушы болмау; негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу.
Нисап мөлшері – 85 грамм алтын яки құнына тең келетін ақша. Зекет ғибадаты сияқты құрбанның уәжіп болуы үшін нисап мөлшеріне жеткен малға бір жыл толу шарт емес. Құрбан шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Өйткені, малды ғибадат үшін соятыны сияқты, тек қана етін пайдалану үшін де союға болады.
Осы тұста ескерте кетсем деймін. Нисап мөлшерінде артық қаражаты болмаса да кедей мұсылман кісінің құрбан шалуына болады. Шалған құрбандығы нәпіл құрбан үкімінде болады.
– Ал құрбандық қай уақыттарда шалынады?
– Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айтың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Қандай да бір маңызды шариғи себепке байланысты құрбан айт намазына бара алмай, айт намазын оқымаған кісі намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбанын шала беруіне болады. Айт намаздан бұрын шалынған мал құрбандыққа есептелмейді.
– Құрбандыққа қандай малдар жарамды?
– Қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана құрбандыққа шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алты-жеті айлық кепе қозы бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалу абзал. Елік, арқар сияқты аңдар мен тауық, қораз, қаз, үйрек сияқты құстар құрбан ретінде сойылмайды.
– Ал бірігіп құрбан шалуға бола ма?
– Қой немесе ешкіні тек бір адам құрбан ретінде шала алады. Ал сиыр немесе түйені яғни, ірі қараны бір кісінің жалғыз өзі үшін шалуына болады. Сондай-ақ жеті кісіге арнап, ортақ шалуларына болады. Құрбанды ортақтасып шалған уақытта әрбір адам құрбан шалу ниетімен ортақтасуы керек. Бір кісі құрбан үшін, ал екінші бір кісі тек қана етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал барлық ортақтар үшін құрбан болып есептелмейді.
– Хош делік. Ал құрбандыққа қандай малдар жарамайды?
– Мынадай кемшілігі бар малдар құрбандыққа жарамсыз болып саналады:
бір көзі соқыр;
сойылатын жерге жете алмайтын дәрежеде көтерем;
құлағы немесе құйрығы тумадан жоқ немесе басым бөлігі кесілген;
тістерінің көбі түсіп қалған;
емшектерінің басы жұлынып қалған;
бір мүйізі немесе екеуі де түбінен сынған.
Құрбан шалуы уәжіп болған кісінің құрбандық малында аталмыш кемшіліктердің біреуі сатып алғаннан кейін пайда болса немесе алған малы өліп қалса, қайтадан құрбандыққа жарайтын мал сатып алып шалуы керек. Ал құрбан шалу уәжіп болмаса да, сауап үшін шалуды ниет еткен кедей адамның сатып алған құрбанында бір кемшілік пайда болса, сол малды шала береді. Тіпті құрбан шалуы уәжіп болмаған кедей адам бойында кемшілігі бар малды сатып алып, құрбан ретінде шалуына болады. Өйткені, кедей адамның шалған құрбандығы– нәпіл құрбан. Нәпіл ғибадатта кешірім бар.
– Құрбан шалуда өкілдік дегенді де естіп жүрміз. Осы жайында түсіндіріп бересіз бе?
– Негізі құрбандық малын мүмкіншілік болса, мойнына уәжіп болған адамның өзі шалғаны абзал. Және оның сауабы мол. Алайда өзге біреуге өкілдік беруіне де болады. Құрбан шалуы уәжіп кісі басқа бір адамды телефон арқылы немесе хат сияқты жолдармен өзінің орнына басқа адамды өкіл ретінде құрбан шалуы үшін тағайындай алады. Өкілге «менің орныма құрбан алып, шал» деп айтылған уақытта, өкіл сол адамның атына құрбан алып шалады.
– Құрбан малы қалай шалынады?
– Құрбан ретінде шалынатын малды қинамау үшін, өткір пышақ қолдану керек. Малды сою үшін жерге жатқызғаннан кейін пышақты көз алдында жалақтатып, қайрау – мәкрүһ. Ал, қинамай сою – сүннет.
Құрбан ретінде шалынатын мал құбылаға қарата жатқызылып, дұға ретінде мына аят оқылады: «Инна салати уа нусуки уа махиаиа уа мәмәти лилләһи Раббил ‘аламина лә шәрика ләһ». «Күмәнсіз менің намазым және басқа ғибадаттарым, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемдердің Раббы Алла үшін. Оның еш серігі жоқ».
Одан кейін: «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар лә илаһа иллаллаһу, уАллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһил-хамд» – деп, тәкбір айтып, «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» – деп бауыздалады.
Тек қана құрбанның иесінің ғана «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» – деуі жеткілікті емес. Құрбанды бауыздаған адам да «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» – деуі керек.
Әдейі ұмытпастан «Бисмиллаһ» деп айтпаса, құрбанның етін жеуге болмайды. Өйткені, Алланың аты айтылып, бауыздалмаған малдың етін жеу – харам. Құрбанның иесі құрбанды бауыздайын деп жатқан қасаптың қолының үстіне қолын қойып, бірге бауыздаса, екеуінің де «Бисмиллаһ» деп айтулары керек. Сойылатын мал құрбан ниетімен бауыздалу керек.
Малдың жаны шыққаннан кейін барып қана терісі сыпырылады. Жаны шықпай жатып басын кесіп алып тастау немесе терісін сыпыру – мәкрүһ.
– Міне, осы тұста құрбандыққа шалынған малдың еті мен терісі туралы тарқатып айтып өтсеңіз...
– Бай немесе кедей болсын құрбан айтта шалған құрбандығының етін жеуіне болады. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату –мұстахап. Бір бөлігі – туған-туыс, көршілеріне бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына беріледі. Бірақ шалынған малды түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға болатыны сияқты, түгелдей өзінің отбасына қалдыра алады.
Құрбандыққа шалынған малдың етін, терісін, сирақтарын, басын және сүтін сату – мәкрүһ. Құрбан малының аталмыш бөлшектері сатылған жағдайда құны кедейлерге садақа ретінде беріледі. Құрбандыққа шалынған малдың терісін кедейлерге, қайырымдылық қорларына беруге болады.
Тағы бір ескерту айтып кетсем деймін. Құрбанға шалынған малдың ешқандай бөлшегінен қасаптың ақысы ретінде төлеуге болмайды.
– Құрбандыққа арнайы мал алып соймай, орнына сол құрбанның құнын ақшалай садақа ретінде кедейлерге беруге бола ма?
– Құрбандықта қан ағызу негіз болғандықтан мал сойып, қан ағызбаса, құрбандық міндеті мойнынан түспейді.
– Соңғы сұрағымыз бар еді. Бұл сұрақ та көзіқарақты оқырман қауымның көбісін мазалайтын мәселелердің бірі деп ойлаймын. Көз жұмған кісі үшін құрбан шалуға бола ма?
– Қайтыс болған адам өзінің атына құрбан шалуды тапсырып кетпесе де, сауабын өліге бағыштау ниетімен құрбан айт күндерінде құрбан шалуға болады. Шалған құрбанының етінен жеуіне рұқсат. Бірақ өлінің тапсырып кеткен өсиетін орындау ниетімен шалған құрбанының етінен жеуге болмайды. Етін толық садақа ретінде тарату керек.
– Алтын уақытыңызды бөліп, сұхбаттасқаныңызға рахмет!
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ