ҚҰРБАН АЙТ – ОРАЗА АЙТТАН КЕЙІН 70 КҮН ӨТКЕН СОҢ КЕЛЕТІН МЕЙРАМ. ҚҰРБАН – АРАБ ТІЛІНДЕ «ЖАҚЫНДАУ» ДЕГЕНДІ БІЛДІРЕДІ, ЯҒНИ ЖАСАҒАН САУАП ІСТЕР АРҚЫЛЫ АЛЛАҒА ЖАҚЫНДАЙ ТҮСУ. АЛ ШАРИҒАТТАҒЫ ТЕРМИНДІК МАҒЫНАСЫ «ШАРТТАРЫМЕН САНАСА ОТЫРЫП, ҚҰЛШЫЛЫҚ НИЕТІМЕН МАЛ БАУЫЗДАУ» ДЕГЕНГЕ КЕЛЕДІ.
Қажылық өтеушілер Қағбаға жүзін қаратып, Арафатта жалбарынып, дұға оқиды. Дүйім мұсылман баласы пайғамбарлардың ісін қайта жаңғыртып, Алла жолында құрбандық шалу арқылы бір-бірін дінге беріктік танытуға шақырады.
Адам құрбандықты өз қолымен бауыздағаны абзал. Өйткені, бұл – құлшылық амал. Сондықтан құрбандық ғибадатын кісі өзі орындағаны жақсы. Ал мал бауыздай алмаған жағдайда қасапшының жанында тұрып, өз көзімен көргені дұрыс.
Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады.
Бұл мейрам, шын мәнінде, ел-жұртты біріктіретін қасиетті мереке. Қайырымдылық пен қамқорлыққа, ынтымақ мен татулыққа үндейтіні аса маңызды. Бұл мереке ең əуелі айт намазын оқумен басталады. Əрбір мұсылман баласы айт күні таңертең мерекелік құлшылықты жасау үшін ғұсыл құйынып, әдемі киімін киіп, мешітке барады. Мерекелік намаздан соң жамағат бірін-бірі құттықтап, жақсылық тілеп, көтеріңкі көңіл-күйге бөленеді. Құрбан айтта жамағат тек мал союмен ғана шектелмейді. Ренжіскен адамдардың татуласқаны жөн. Ауырып жатқан адамдардың көңілін сұрап, арнайы кіріп шығу, жетім-жесір, мұң-мұқтаж адамдарға жанашырлық жасап, оларға да айттың қуанышын сездіру сауабы мол істерге жатады. Осылайша, береке мен бірлікті, қайырым мен қанағатты арттыратын Құрбан айт адамдардың жақындасуына, бірін-біріне ізгілік танытып, қайырымды болуына ықпал етеді.
Ұлық мейрам биыл шілде айының 9 мен 11 аралығына түсіп отыр. Бұл күндері Саран орталық мешітінде таң сәріден айт намазы оқылып, құрбандық шалынды. Мешітке жиналған жамағат дұға жасап, мұсылмандық парыздарын орындады.
Осындай маңызды күнде сәждеге бас қойып, аталмыш ұлық мейрамды орталық мешітте жамағатпен қарсы алуға жиналған халық көп болды.
Ала таңнан Алланың үйін бетке алған қала тұрғындары, айт намазы басталмас бұрын, Саран қаласының бас имамы Мұхамедқали қажы Сапарғалиұлының уағызын тыңдады.
Бас имам өз сөзінде мешіт жамағаты мен қала тұрғындарын күллі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті, ұлық мереке – Құрбан айт мейрамымен құттықтап, Құрбан айт мерекесінің дініміз бен салт-дәстүріміздегі орнына, құрбан шалудың шарттары мен сауабына тоқталды.
Сонан кейін 7 жасар баладан 70 жасар қарттарымызға дейін Айт намазына қатысып, парыздарын өтеді. 10-15 минутқа созылған құлшылық амалынан кейін барлығы да бір–біріне ақ тілектерін жаудырып, шаттыққа кенеліп жатты.
«Келіп жатқан үлкен айтымыз, құрбан айтымыз қабыл болсын. Ел жұртымызға жұғымды болсын. Жастарымыздың дені сау болып, табысты болып, жанұяларымен үй болуға жазсын бәріне. Елімізге тыныштық берсін, отанымыз аман болсын.
- Айтымыз қабыл болсын, отанымызда тыныштық болсын. Әрқашан да келесі жылы бастарымыз аман, бауырларымыз бүтін болып, Қазақстанымыз көркейе берсін», - деген ақжарма тілектерін жаудырып жатты мешітке келген қала тұрғындары.
Ал одан кейін кезек қала шетіндегі құрбандық шалынатын орынға ойысты. Қалалық орталық мешіттің бас имамы Мұхамедқали қажы Сапарғалиұлы шаһардағы құрбандық шалынатын орынның жұмысымен алдын-ала танысып, барлық санитарлық талаптар мен шариғат ережелерінің сақталуына өзі көз жеткізіп алған екен.
Халықтың бәрі мал сою алаңына жиналған соң, бас имам: «Жаратушы Раббым Алла тағала Құрбан айтты құтты, берекелі ет. Халқымыздың ниетін, тілегін, құрбандықтарын қабыл ет. Аллаһу әкбар!», - деп дұға оқып, құрбан шалынды.
Бас имам Мұхамедқали қажы Сапарғалиұлы: Əрбір жағдайы бар əрі жолаушы емес мұсылманға құрбандық шалу – уəжіп. Адам баласы құрбан шалу арқылы Жаратушының өзіне берген сансыз нығметтерінің шүкірін өтеп, күнәларына кешірім тілейді. Ал әл-ауқаты төмен адамдарға құрбан шалу міндет емес. Ниеті адал, пейілі шын болса, ол да сауап. Құрбандық етінің бір бөлігі ағайын-туыс пен көрші-қолаңға, екінші бөлігі тұрмысы төмен отбасылар, жетім-жесір мен мұқтаж жандарға таратылады, ал үшінші бөлігі өзінің отбасына, бала-шағасына тиесілі. Алланың разылығынан үміттенген жандар құрбандыққа соятын малды таңдауда өте мұқият болуы қажет. Ең алдымен, ықылас-ниет дұрыс болуы, одан кейін сойылатын мал жарамды болуы керек. Құрбандыққа тек қана қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алты-жеті айлық тоқты бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалған абзал», - деді бізге берген сұхбатында.
Ал Саран қалалық орталық мешітінің наиб имамы Әбілхайыр Мәуленнің айтуынша намазға дейінгі шалынған мал, өз қажеттілігіміз үшін сойылғанмен тең екен:
«Ең бірінші істеген амалдарымыздың бірі бұл құрбан шалу. Пайғамбарымыз айтады: кімде – кім айт намазынан бұрін құрбан шалса оның құрбаны қабыл болмайды, сондықтан намаздан кейін шалу керек және екінші амалымыз бұл туған туыстарымыздың қал жағдайын сұрап, айтпен құттықтау. Бұл әрқайсысымыздың мойнымызға пайғамбарымыз сүннет қылып қалдырған амалдар болып саналады», - дейді наиб имам Әбілхайыр Кәсенұлы.
Қасапшылар да құрбандық малын қалай шалу керектігі жөнінде арнайы курстан өткен екен.
Аға, ет қалай таратылады және кімге жіберіледі деген сұрағымызға: «Қой сойылады, төртке бөлінеді, төрт пакетке салынады да, содан жетім-жесір, жағдайы жоқ адамдарға таратылып беріледі. Жамбас бір бөлек, қол еті бір бөлек, төртке солай бөлінеді», - деп жауап берді сонда мал сойып жүрген қасапшылардың бірі.
Мал сою алаңына Қарқаралы ауданынан 15 бас қой, Ақтоғай ауданынан 10 бас қой, М. Мәди ауылдық округінен 8 бас қой, ал Саран қаласындағы шаруа қожалығынан 9 бас қой әкелініпті. Құрбан айттың 3 күнінде саудаға әкелінген 42 бас қой құрбандыққа шалынып, еттері мұқтаж жандарға таратылды. Құрбан малының етін мұқтаж отбасыларға еріктілер жеткізіп берді.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ