Балалардың демалысын ұйымдастыру қашанда маңызды мəселенің бірі болып саналады. Жыл сайын демалыс уақытында балалар мен жасөспірімдердің толық демалуларына, танып білу, шығармашылық және қоғамшылдық белсенділігін арттыруға, денінің саулығын арттыруға жағдай жасау мақсатында оқушылар үшін қала сыртындағы және мектеп жанындағы сауықтыру ұйымдарының жазғы сауықтыру ауысымдары ашылады.
Иә, бала үшін қуаныш пен шаттыққа толы жаз келді. Осы кезде баласының жазғы демалысын қамдап, жаз маусымын есте қаларлықтай өткізуі үшін ата-аналар барын салады. Биыл арқаны кеңге салуға болатындай. Себебі, 2 жыл бойы пандемияға тап келген жазғы демалыстың қызығын көруге мүмкіншілік болмады. Шектеулерден баланың бәрі лагерьлерде демалудан шет қалды. Ал, биыл індеттің беті қайтты. Оқушыларға облыстағы жазғы лагерьлер есігін айқара ашады.
Қазір мектеп жанындағы лагерьлер өз жұмысын бастап та кетті. «Жаз жайнатып, күн күлдіріп, біз лагерьге барамыз», – деп оқу жылы аяқталысымен мектеп оқушылары тынығу лагерлеріне баруға асығады. Сондықтан, жаз – балалардың шығармашылық әлеуетін дамытуға, олардың жеке басына тән байланыстарын жетілдіру, өз жоспарларын іс жүзіне асыру, жеке бас мүдделерін қанағаттандыру, ойын-сауық, бойында жиналып қалған шиеленістен арылу, жұмсалған күшінің орнын толтыру, денсаулығын нығайту кезеңі. Жаз – балаларға өзінің сантүрлі талантын ұштауға мүмкіндік береді. Бұл кезеңді жеке басының жақсы жақтарын ашып көрсетуге жағдай жасауға, балалар арасында рухани және эмоциялық құндылықтардың алмасуына, мүдделерін жүзеге асыру үшін пайдалану керек.
20 маусым күні № 6 жалпы білім беретін мектепте «Мереке» мектеп жанындағы лагерінің ашылу салтанаты өтті. Ондағы мақсат - оқушылардың жазғы демалысын, бос уақытын және сауықтыруын қамтамасыз ету. Лагердің ашылу салтанатында балалар ән айтып, би билеп өздерінің өнерін көрсетті. Сонымен қатар, әртүрлі спорттық ойындар мен жарыстар өтті.
Жазғы мектеп жанындағы лагерь оқушылардың жазғы демалысында денсаулығын нығайтып, дене тәрбиесін шыңдап, күш жинауға, білімін толықтырып, жаңа әсер алуына ықпал жасайды. Белсенді түрде демалудың бұл түрі балалардың жалпы дамып, қалыптасуына әсер етсе, сондай-ақ әлеуметтік түсінік-қабілетін дамытуға негіз құрайды, олар алған тәжірибесін кез келген ұжымда қолдана отырып, соңыңда оқу іс-әрекетінде де қарым - қатынас жасай алады. Еркін пікір алмасуға үлкен мүмкіндік жасалады. Еркін, қалыпты жағдай балалардың өз еркімен әрекет жасау қабілетін дамытуға, оны ашуға жол ашады, белсенділігін арттырып, жеке тұлғалық қасиетін тәрбиелеуге, түрлі дағдылар мен білімдерін қалыптастырады деп отыр мектеп ұжымы.
Жазғы демалыста балалардың қауіпсіздігіне баса көңіл бөлу қажет. Бұл – қашанда өзекті мәселе. Облыстық білім басқармасы 1 маусымнан бастап Қарағанды облысының төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, «Қауіпсіз жаз» акциясын бастады. Мұнда облыстың оқушылары, ұстаздары қатысады. Сондай-ақ, әр аудан, қалаларда осы жұмыс жалғасын табады.
Иә, көзді ашып-жұмғанша оқу жылы да бітті. Жазғы демалыс баршамыздың асыға, ерекше күтетін мезгіліміздің бірі. Ал, балалар үшін ерекше қуаныш. Жаз кезінде балалардың демалысын тиімді өткізу және лагерлерге қамту жыл сайын дәстүрге айналған шара. Жазғы лагерь – бұл кішкентай өмір, балалардың жақсы тынығып, денсаулықтарының нығайып, нағыз ой мен бойының өсіп, кемелденетін шағы.
Десекте, жаз ең қысқа мезгіл. Ал осы жаздың қуаныш пен қызыққа толы ұмытылмас естеліктері жазғы демалыс лагерінен бастау алады. Ендеше балаларыңыздың толық демалуларына, шығармашылық белсенділігін арттыруға, олардың өзін-өзі ұйымдастыру қабілеттерін дамытуға, спорт, саяхат пен өлкетану және басқа да танымдық қызмет түрлеріндегі білім мен іскерліктерін арттыруға жағдай жасағыларыңыз келсе, қала мектептері жанындағы жазғы лагерьлерге беруге асығыңыздар!
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ