Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

30 МАУСЫМ МЕН 2 ШІЛДЕ АРАЛЫҒЫНДА САРАН ҚАЛАСЫНДА ТАС ЖОЛДАҒЫ ВЕЛОСПОРТТАН ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ЧЕМПИОНАТЫ ӨТТІ.

Көпкүндік облыс чемпионатына Велосипед спорты бойынша олимпиадалық резервтің балалар мен жасөспірімдердің облыстық мамандандырылған мектебінің, Саран қаласының балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебінің, Әлия Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледжінің 2005 жылы туылған және жоғары жастағы юниорлары, 2006-2007 жылдары туылған, 2008 жылы туылған және одан кіші жастағы ұл-қыздары қатысты.

Бірнеше күнге жалғасқан сайыс үш кезеңнен тұрды. Алғашқы күні велошабандоздар 15 шақырым қашықтыққа жекелей жарысса, чемпионаттың екінші күнінде олар топтық жарыста өзара бақ сынасты, ал үшінші соңғы кезеңде критериум жарысы болды.

Үш күндік жарыста велоспортшылар барын салды. Жүзден жүйрік шыққандары жеңімпаз атанды. 15 шақырымға жалғасқан жекелей жарыс қорытындысы бойынша алғашқы күні 2008 жылы туылған және одан кіші жастағы ұлдар арасында Саран қаласының балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебінің шәкірті Виктор Борн алтын алқа тақса, Велосипед спорты бойынша олимпиадалық резервтің балалар мен жасөспірімдердің облыстық мамандандырылған мектебінің шәкірті Владислав Букин күміс, Саран қаласының балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебінің шәкірті Давид Матаев қоланы қанжығалады.

Ал 2006-2007 жылдары туылған ұлдар арасында Велосипед спорты бойынша олимпиадалық резервтің балалар мен жасөспірімдердің облыстық мамандандырылған мектебінің шәкірттері ешкімге шаң қақтырмады. Мәселен, аталған топта Велосипед спорты бойынша олимпиадалық резервтің балалар мен жасөспірімдердің облыстық мамандандырылған мектебінің шәкірті Заремба Арсений 1 орынды қанжығаласа, Дмитрий Абдуллаев есімді шәкірті 2 орынды, ал Антон Сумочаков есімді шәкірті 3 орынды иеленді. Осылайша, 2006-2007 жылдары туылған ұлдар арасында 15 шақырымға созылған жекелей жарыста барлық жүлделі орындар Велосипед спорты бойынша олимпиадалық резервтің балалар мен жасөспірімдердің облыстық мамандандырылған мектебінің қоржынына кетті.

2005 жылы  туылған және жоғары жастағы юниорлар арасында 1 орынды Велосипед спорты бойынша олимпиадалық резервтің балалар мен жасөспірімдердің облыстық мамандандырылған мектебінің шәкірті Илья Карабутов қанжығаласа, аталған мектептің Александр Масубаев есімді шәкірті екінші орынды еншіледі. Ал Әлия Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледжінің Владимир Борн есімді велосипедшісі жылдамдығын арттырып, үшінші орын тұғырына көтерілді.

2008 жылы туылған және одан кіші жастағы қыздар арасында тағы да Велосипед спорты бойынша олимпиадалық резервтің балалар мен жасөспірімдердің облыстық мамандандырылған мектебінің шәкірттері топ жарды. Бұл топта аталған мектептің үш бірдей шәкірті жүлделі орындарды өзара бөлісті. Мәселен, Велосипед спорты бойынша олимпиадалық резервтің балалар мен жасөспірімдердің облыстық мамандандырылған мектебінің шәкірті Аружан Кабулова алтын алса, Дарья Шаф есімді шәкірті күміс, ал Виолетта Галынская есімді шәкірті қола алқаны еншіледі.

2006-2007 жылдары туылған қыздар арасында Саран қаласының балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебінің екі бірдей шәкірті жүлделі орындардан табыла алды. 15 шақырымға созылған жекелей жарыста Саран қаласының балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебінің шәкірті Лариса Василенкова үшінші орынды, ал Алина Елисеева есімді шәкірті екінші орынды еншіледі. 1 орынды Велосипед спорты бойынша олимпиадалық резервтің балалар мен жасөспірімдердің облыстық мамандандырылған мектебінің шәкірті Динара Көпжасарова қанжығалады.

2005 жылы туылған және жоғары жастағы қыздар арасында тағы да сол Велосипед спорты бойынша олимпиадалық резервтің балалар мен жасөспірімдердің облыстық мамандандырылған мектебінің велошабандоздары ешбір қарсыластарына шаң қақтырмады. Бұнда 1 орынды аталған мектептің шәкірті Карина Абдрахманова қанжығаласа, Нина Штро есімді шәкірті екінші орынды, ал Эльвира Хамзина есімді шәкірті үшінші орынды иеленді.

Тас жолда желдей жүйткіген жас велосипедшілер жарысының екінші және үшінші күндері де тартысты өтіп, мәре сызығын алғашқы боп қиған жеңімпаздар марапатталды.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ