Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Архив  -  ата  -  бабаларымыздың тарихын  ғана  емес,  олардың  арман  тілегін,  ақыл – ойын,  даналығы мен  даралығын, парасаты  мен  үлгі,    өнеге,  өсиеттерін  сақтап  отыратын  шежіре  қоймасы  ғана  емес,  әрбір  ұлт  тарихының  қазынасын сақтайтын  киелі  орын. Тарих  қойнауында  тереңдеп  енген  әрбір  ғасырдың,  әрбір  кезеңнің  өзіндік  маңызы  мен  ерекшеліктері  айқындалатын  айтулы  оқиғалары,  жылнамалары  бар. 

Саран  қаласы  архивінің  мемлекет тарихын  қалыптасу  рөлі  өте  зор. Олар  халықтың  құжаттық  жадын  бір  талдап  жинап,  өскелең  ұрпақ  үшін  сақтайды.

Тәуелсіз  еліміздің  алға  қарай  даму  сатысында  ең  қажетті  құнды  құжаттарымызды  көздің  қарашығындай  қорғаумен  қатар,  оны  ел – жұртқа  таныту  және  халықтың  игілігіне айналдыру  архив  үшін  аса  маңызды,  әрі  жауапты  іс.   

Осы  орайда  Саран  қаласы  архивінің  қалыптасу  тарихына  тоқталсақ.   қаламыздың  аймағында  архив  ісінің  құрылғанына отыз  жыл  толды.  Бұл  - архивистер  үшін  айтулы  жыл. Қазақ елі тәуелсіздігін алғалы бері ел тарихында елеулі өзгерістердің куәсі болып келе жатқаны анық. 1991 жылы Кеңес  Одағы  ыдырап кеңшарлар  экономикалық  тығырыққа  шыдай  алмай  тарап, жекешелендіру процесінде республикада болып жатқан экономикалық өзгерістерге байланысты қауымдастықтар, жалдау және Акционерлік жалдау кәсіпорындары, бірлескен кәсіпорындар, жалға  алушылардың, кооперативтердің әртүрлі бірлестіктері сияқты жаңа басқару құрылымдары, өндірушілердің жаңа ұйымдастырушылық нысандары пайда болды. Таратылатын және жекешелендірілетін кәсіпорындардың құжаттарын сақтау орны туралы мәселе шешімін таппай,   құжаттарды ведомстволық сақтау проблемасы күрт шиеленісе түсті. Мәдени  және  тарихи құндылыққа  ие құжаттар  қараусыз  қалып, жойыла  бастады. Сол жылдары  Жеке құрам бойынша құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету проблемасы өткір мәселеге  айналған. Осыған байланысты қалалық әкімшілік басшысы Қарағанды облыстық әкімшілігі басшысының 24.03.1992 жылғы №106 шешімі негізінде 20.05.1992 жылғы №208  шешімге  қол  қойып, 1992  жылғы  1  шілдеде  Саран  қаласының  мемлекеттік  архиві  құрылды.

Архивте  қала  тарихынан  сыр  шертетін  көптеген  құжат  бар.  Бүгінгі  таңда  архив  қоймаларында  235-қорды  құрайтын  116747- құжат  сақталуда.  Архив  қоймасында   мекемелердің  құжаттарымен  қатар,  өңірімізде  дүниеге  келіп, елге  еңбегі  сіңген  түрлі  саладағы  азаматтардың  өмір  деректерінен  ақпарат  беретін  жеке  құжаттары  сақталған.   Жыл  бойы  осы  құжаттардың  жағдайын  тексеру,  өңдеу, тігу,  өңі  кеткен  мәтіндерді  қалпына  келтіру ,  аса  құнды  құжаттарды  анықтау,  қораптау, тізімдемелерді  қайта  өңдеу,  жетілдіру, каталогтандыру, дезинфекция  жасау  сияқты  жұмыстар  үздіксіз  жүргізіліп  отырады.  Қоймадағы  құнды  құжаттарға  жоғары  жауапкершілікпен  қарау  барлық  архившілерге  тән ортақ  міндет.

2010  жылы  Ұлттық  архив  қорындағы  құжаттарды  толықтыру  аясында   «Ұлы  Отан соғысының  ардагерлері» «Құрметті  азаматтарының  жеке  тектік  құжаттар  топтамасынан  құралған  қорлар  мен  аудан  тарихынан  сыр шертетін  фото құжаттар  бойынша  қорлар  ашылып,  құжаттар  қабылданып  сақталуда. Жеке  тектік  бойынша  қаламыздың  Құрметті  азаматтары  Б. Е. Ешмағанбетов және  Ұлы  Отан  соғысына  қатысушылар – Карпиков К. Ж., Жакенов  К.Ж., Исабеков М, Шульга Т.А.,  А.А. Арешкин   т.б.  қаламыздың   қоғамдық саяси, рухани  дамуына  үлес  қосқан  азаматтардың  жеке  тектік  құжаттары  қамтылған және  олар  толықтыру  үстінде.

Архив  құжаттары  тарихи  дерек  ретінде  қаламыздың  әлеуметтік  -  экономикалық  және  саяси  дамуына  тигізер  әсері  мол. Сондықтан,  өткен  тарихи  кезеңдерді  зерттеп  білу  үшін  архив  құжаттарына  сүйенеміз.  Қалалық  архивтің  мамандары  жеке  және  заңды  тұлғалардың әлеуметтік -  құқықтық сипаттағы  сұраныстарына, яғни  жұмыс  өтілін,  жалақы  мөлшері  т.б. мәліметтерін  растау  туралы  анықтамалар  дайындайды.  Мемлекеттік  қызметті  автоматтандыруға  байланысты  www.egov.kz  «Электрондық  Үкімет»  порталы, «Е-акимат»,  «Архивтік  анықтама» модулі автоматтандырылған  базасы  қосылған, сондай – ақ,  архивте  келушілер  үшін  «Өзіне – өзі  қызмет  көрсету  бұрышы»  бар. Жалпы  архивтің  негізгі  бағыттарының  бірі  құжаттарды  пайдалану, яғни  құжаттарды  көрмелер  арқылы  халыққа  насихаттау,  таныстыру, баспаға  жариялау, әлеуметтік  сұраныстарды  орындау.  Азаматтар  сұранысына  орай  архивке  келіп  түсетін   өтініштер жыл сайын  артып  отыр. Жылдық  жоспарға  сәйкес,  2000-3000 жуық  сұраныстар орындайды. Сонымен  қатар,  архив  құжаттарын  көпшілікке  таныстыру,  ел  арасында  насихаттау  мақсатында  архивтік  құжаттар негізінде  жинақтар, брошюралар  мен  буклеттер  жарыққа  шығарылуда.     

Елбасының  «Ұлы  даланың  жеті  қыры»  мақаласында архив  деректерін  тек  жинақтап  қана  қоймай, барлық  мүдделі  зерттеушілер мен  қалың  жұртшылыққа  қолжетімді  болу  үшін  оларды  белсенді  түрде  цифрлық  форматқа  көшіру  мәселесін  көтерген. Қазақстан  Республикасы  Үкіметінің  2019  жылғы  20  желтоқсандағы  №953 қаулысымен  бекітілген  «Архив-2025  жобасын  іске  асыру  жөніндегі  жұмыстары  жүргізілуде. Осыған  орай бүгінгі  таңда  құнды  құжаттарды  цифрлық  нысанға  көшіру  үшін  жоғары  жылдамдықпен сканерлер  алынып, іске  қосылып  «Электрондық  архив»  жұмыстары  жүйелі  негізде  атқарылып  келеді. Аталған  жұмыс  бойынша  119 істің  15430  парағы  цифрлық  форматқа  көшірілді. Жоспарға  сәйкес,  құжаттар  сандық  форматқа түсіріліп, электрондық  нысанға  енгізілуде.

Сонымен  қатар, қаламызға  қарасты  ведомствалық  мекемелер мен  ұйымдарға  архив  құжаттарын сапалы сақталуын  қамтамасыз  етуде әдістемелік – тәжірбиелік  көмек  көрсетіледі.

1998  жылы  22  желтоқсанда  «Ұлттық  архив  қоры  және  архивтер  туралы» Заңы  жарық  көрді.  Архивтің  жаңа  дәуірінде,  оның  өркендеуі мен  дамуына  айқын  жол  ашқан осы  заңның  талаптарына сай  жұмыс  істеу  біздің  міндетіміз. Қазіргі  таңда  архив  саласына  айрықша  көңіл бөлініп,  құжаттарды  мемлекеттік  сақтауға қабылдауда – қолданыстағы  «Ұлттық   архив  қоры  және  архивтер  туралы»  заң  жобасына  бүгінгі  күн  талабына  сай  өзгерістер  мен  толықтырулар  енгізілді.Қазақстан  Республикасының  Ұлттық  архив  қоры  Қазақстан  халқының  тарихи – мәдени  мұрасының  ажырамас  бір  бөлігі болып  табылады.

  Архив  саласы  мемлекеттік деңгейде қолдау көрсету  архив  саласындағы  мәселелердің  тиімді  шешілуі мен  Қазақстандағы архив  ісінің  дамуына  үлкен  үлес  қосатыны  анық. 

Сонымен  қатар,  Қазақстан  Республикасы  Үкіметінің  2020  жылғы  22  желтоқсан – архившілер  күні  болып  белгіленді. Архив  қызметкерлерін  ынталандыру  мақсатында  Қазақстан Республикасы Мәдениет  және  спорт министрлігінің Құрмет грамоталары  тапсырылды, архив  ұжымы  үшін  бұл  мақтанарлық  жағдай.  Архив саласында өз  ісін  білетін Г.К.Киикова, О.С.Алексеева, А.З.Уалибекова,  З.А.Советова, Н.К.Муканова, М.Г.Амансарина, М.Р.Оралбаева, А.Карнай, Е.А.Пехтерева, А.Ж.Жуматаева, Г.С.Мурзагожина   сияқты  білімді  білікті  мамандар   жұмыс  істейді.

   Аса  күрделі,  бірақ  көзге  көріне  бермейтін  архив  саласының  жоғары  деңгейде  дамуы  үшін  арнайы  жағдай  жасалынуда. Осы  орайда,  Қазақстан  Республикасының  Президенті Қ.Тоқаевтың  ағымдағы  жылғы  қыркүйек  айындағы  Қазақстан  халқына  Жолдауында «2022  жылдан 2025 жылға  дейін  мемлекеттік  мәдениет  қызметкерлері, архивистерге  азаматтық  қызметкерлердің  жалақысы  жыл сайын  орта  есеппен 20 пайызға өсетін  болады» деп  атап  көрсетті. Бұл бастама  архив  саласында  жүрген  қызметкерлерге серпін  берері  анық.

Қорыта келе, архив– елдің  деректі  мұрасы,  өткен  өмірдің  тарихи  құжаттарын  сақтайтын мемлекеттік мекеме. Архивистің  негізгі  міндеті  құжат айналымын  дұрыстап  ұйымдастырып,  ұлттық  қазынаны  сақтау  болып  табылады. Қаланың  тарихы – адам  және  қоғам  өмірімен  тығыз  байланыста  екендігін архив  қоймасындағы шаң  басқан  құжаттар шынайы  бейнелеп, сол замандағы атмосфераны сезінуге және қазіргі замани өзгерістерді көруге мүмкіндік  береді.

Құрметті  архившілер,  құрметті  әріптестер!  Архивтік құжаттарды пайдалану мен жинақтауды, сақтауды қамтамасыз етіп отырған қажырлы еңбектеріңіз үшін шын жүректен шынайы алғысымызды қабыл алыңыздар. Сіздердің құжаттарға ұқыпты қарағандарыңыздың, өз жұмыстарыңызға деген құштарлықтарыңыздың арқасында бір ұрпақтан келесі ұрпаққа  берілетін құнды да, маңызды естеліктер сақталып отыр. Қиын да күрделі, бірақ игілікті қызметіміз әрқашан бізге қуаныш сыйласын, жаңа шығармашылық шабыт әкеліп, оларды іске асыруда  күш-қуат берсін! Саран  қаласы архивінің 30 жылдығымен құттықтаймын!

А.Кулжанбеков,

Саран  қаласының  мемлекеттік  архиві коммуналдық

мемлекеттік  мекемесінің басшысы