Asar Ume қайырымдылық қоры бес баланы жалғыз тәрбиелеп отырған Қарағанды тұрғынына үй сыйлады. Көпбалалы әйел үшін бұл нағыз тосын сый болды. Asar Ume қоры Asar Joly қайырымдылық марафонын бастап, оның аясында Қазақстанның барлық ірі қалаларын аралап, мұқтаж 50 отбасына баспана беруге ниетті.
Марафон елордада басталды, ал 20 шілдеде ерікті қозғалысқа қатысушылар Қарағандыға келіп, форум өткізді, онда 34 жастағы қарағандылық Евгения Васильеваны қуантты. Бес баласы бар әйелге Сұрыптаудан төрт бөлмелі үй берілді.
– Көп жылдар бойы біз тұрғын үйді жалға алып, тұрдық. Балалар кішкентай, сондықтан мен ұсақ-түйек жұмыстарды істеп, ақша тауып келдім. Біз көп балалыларға төленетін жәрдемақыға өмір сүріп жатырмыз, АӘК аламыз, – дейді Евгения. – Жақында біз ескі Дубовкадағы үйді жалға алдық. Балаларға жағдай жоқ. Өткен жылы мен «Шаңырақ» көп балалы отбасыларды қолдау орталығының қызметкерлерімен таныстым. Олар маған азық-түлікпен де, моральдық тұрғыдан да көмектеседі. Мені форумға шақырып, тек қатысу керек деп айтты. Маған үй беретінін білмедім. «Шаңырақ» ұйымының тәлімгерлеріне, Asar Ume қорына және қайырымдылыққа ақша беріп жатқан қазақстандықтарға алғысым шексіз, сөзбен жеткізе алмай тұрмын.
Евгения бұл тосын сый жайлы білгенде, көз жасын ұстай алмады. Өйткені, үйден басқа, Қарағанды облысының кәсіпкерлері оған тұрмыстық техника, кілем сыйлады, тіпті көшуге байланысты шығындарын өтеуге шамалы ақша да жинап берді.
Ольга Кудрявцева да осы күні шынайы ризашылығын жасырмады. Сегіз ай бұрын ASAR Ume қоры оған және оның тоғыз баласына Курьяновский ауылында бес бөлмелі үй сыйлады. Бұған дейін көпбалалы әйел баспана жалдап, тіпті өз үйім болады деп армандаған емес.
– Соңғы бірнеше жылда біз он рет көштік. Үлкен ұлым мектепті төрт рет ауыстырды. Бізде пәтер таңдайтын жағдай болмады, біз қаражатымызға және пәтер иелері рұқсат берген жерге қоныстандық, – дейді Ольга. – Бізге үй берілгеннен кейін, өміріміз өзгерді. Балалардың оқу үлгерімі де жақсара бастады, денсаулығы оңалды. Біз жаңа жылдан кейін көшіп, көктемде көкөніс бақшасын отырғыздық. Енді өзіміздің көкөністеріміз болады. Мен өз ісіммен айналыса бастадым – клинингтік қызметтер көрсетемін. Алдағы уақытта ісімді кеңейтуді жоспарлап отырмын.
Форумның демеушілері Ольгаға жұмсақ жиһазды құрғақ тазалауға арналған кәсіби шаңсорғыш сыйлады. Сондай-ақ, әйелге үйдің аумағын кеңейтуге көмектесуге уәде берді.
– Ұзындығы 20 мың шақырым болатын бұл турда біз 50-ге жуық отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге тырысамыз. Біздің мақсатымыз – адамдарды масылдық күйден арылту, оларға сенім ұялату және оларға білім беру, жұмысқа орналастыру және кәсіпкерлік мәселелерінде көбірек мүмкіндіктер беру, – деп атап өтті ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі Кеңестің мүшесі, Asar Ume қорының басшысы Асхат Нұрмашев. – Сондай-ақ, біз елдегі еріктілер желісін нығайтқымыз келеді. Біз Asar Joly-ның мейірімділік пен патриотизм төңірегінде қалың бұқараны біріктіргенін қалаймыз.
Айта кету керек, Евгения Васильеваға алынған үй өткен жылдан бастап Қарағанды облысының тұрғындарына Asar Ume ұсынған 11-ші баспана болды. Қазақстан бойынша қор 400-ден астам мұқтаж отбасыға баспана алуға көмектесті.
Қарағандыдан қайырымдылық марафоны Көкшетауға аттанады.
ortalyq.kz