Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

БІЗДІ ЖОҚТАН БАР ЕТІП ЖАРАТҚАН, ОНЫҢ ІШІНДЕ АДАМ, ҚАЛА БЕРДІ АСЫЛ ДІНІМІЗДІ ҰСТАНАТЫН МҰСЫЛМАН ЕТІП ЖАРАТҚАН ЖАППАР ИЕМІЗ АЛЛА ТАҒАЛАҒА САНСЫЗ МАДАҚТАР БОЛСЫН! ӘРБІР ІСІМІЗДІҢ ӨЗІ МҮБӘРАК АМАЛДАРЫМЕН ШАПАҒАТ БОЛАТЫНЫН БАЯНДАП ӨТКЕН АЛЛА ЕЛШІСІ МҰХАММЕДКЕ САЛАУАТТАР БОЛСЫН!

Әңгіменің әлқиссасын Отан деген ұғым жөнінен басталық. Әрбір адамның кіндігі кесіліп, ат жалын тартып мінген киелі мекені болады. Бұл қастерлі мекенді ата-бабасы көне заманнан мекендеп, сол жерде тіршілік етеді. Оны «атамекен» деп атайды. Нақтысы, бұл киелі топырақ, өскен орта «Отан» деген қастерлі ұғым саналады. Ғылыми тілде байлықтары, қоғамдық және мемлекеттік құрылысы, тіл, мәдениет, тұрмыс-салт және әдеп-ғұрып ерекшелігі бар белгілі бір халықтың тарихи тұрағына айналған аумақ «Отан» деп аталады.

Қазіргі заманда ұлттық идеологияның қалануы мен ұлт бірлігі мен бірлестігін бейбітшілікте сақтауда діннің орны маңызды. Қай салада болмасын, қай тұрғыда болмасын дін және қауіпсіздік ажырамас ұғымдарға айналып барады. Отансүйгіштік пен діннің арасында да мызғымас бір көпір бары анық. Тіпті, дін отансүйгіштіктің бастауы десек, артық айтпаған боламыз.

Бүгін, ертең және келешекте бізді тек бір Отан сөзі ғана біріктіре алады, және бізден басқа ешкімге де тәуелсіз ел болып өркендеуіміз қажет емес.

Туған елге, жерге, Отанға деген сүйіспеншілік − әрбір жан үшін аса киелі ұғым, ыстық сезім. Отан дегеніміз туып-өскен отбасымыз, ата-анамыз, ауасын жұтып, суын ішіп жүрген, кең-байтақ атамекеніміз. Міне, осы туған ел мен жерге ие болу, амандығын тілеу әрбір мұсылманның діни әрі азаматтық  борышы.

Әркімнің де өсіп-өнетін жері – оның Отаны. Адам туған жерін, Отанын қастерлеп, қадіріне жете білуі тиіс. «Отан қадіріне жетпеген өз қадіріне жетпейді» дейді халық нақылы. Ендеше туған жері мен елін құрметтеу, оның даңқын асыру әрбір азаматтың қастерлі борышы.

Жалпы отаншылдық, патриотизм асыл дініміздің ұстанымымен ұштасып жатқан ұғымдар. Асыл дініміз Исламда да отансүйгіштікке, туған еліңді қадірлеуге айырықша мән берген. Исламда «хуббул-уатан минәл-иман» деген риуаят бар. Мағынасы «Отанды сүю иманнан» дегенді білдіреді. «Торғай екеш торғай да, өз ұясын қорғайды» дегендей, расымен де туған жерге, Отанға деген ыстық сезім, ықылас жалпыадамзаттық адамгершілік қасиеттерге жатады. Пайғамбар (с.ғ.с.) өзінің туған шаһары Мекке қаласына айрықша ықыласпен қараған. Мәдинаға қоныс аударып, сонда орнықса да алғашқы туған жерін әсте ұмытпаған. Сахабаларымен бірге Меккені сағынышпен еске алып отырған.

Риуаят бойынша, Алланың елшісі (с.ғ.с.) мүшріктердің қысымынан соң Жаратқанның пәрменімен Мәдинаға қоныс аударып бара жатқанда сахабасы Әбу Бәкір (р.а.) екеуі алдымен үңгірге жасырынады. Сосын үңгірден түнде жолсыз даламен Мәдинаға бағыт алады. Кейін керуен жолына түсіп, Меккеге апаратын жолды көреді. Сонда Пайғамбар (с.ғ.с.) сол жолға қарап, Меккемен қимай қоштасады. Сол кезде Жебірейіл періште көңілі жабырқау Пайғамбарды (с.ғ.с.) қуантатын Жаратқан Иенің төмендегі сүйінші аяттарын түсіреді.

Алла Тағала былай дейді: «Ақиқатында, саған Құранды түсірген (Алла) түбінде сені (Меккеге) қайтарады..» (Қасас сүресі, 85-аят).

Арада біраз уақыт өткенде Алланың уағдасы орындалып, Ислам діні жеңіске жетіп, Мекке ашылғанда Пайғамбар (с.ғ.с.) туған қаласына келіп кіреді.

Ибн Аббастан (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.ғ.с.) Меккеге қарап тұрып: «Сен мен үшін сондай қымбатсың, сүйіктісің. Егер де мүшріктер қуып шығармағанда сенен басқа жерде тұрақтамас едім», – дейді. (Хаким, Табарани, Бәйһақи риуаят еткен).

Олай болса, адамзаттың асылы Алланың Елшісі (с.ғ.с.) де туған жерін, Отанын қатты жақсы көрген. Елін, жерін жамандыққа қимаған. Туған-туысы, жұрты тура жолда болса екен деп тілеген.

Мәдинаға көшіп келген соң қасындағы қоныс аударушы сахабаларымен бірге Меккені аңсап, сағынышын білдірген. Сосын Хақ Тағаладан Мәдинаны Меккедей сүйкімді, ыстық Отанға айналдыруын тілеп дұға қылады.

Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Уа, Алла! Бізге Меккені сүйікті еткеніңдей Мәдинаны сүйікті ет не одан да артық ыстық ет!» − деп дұға қылған. (Бұхари мен Мүслім риуаят еткен).

Ақиқатында, солай болып шықты да. Мәдинада Меккедегідей құт-береке, мамыражай тіршілік орнады.

Расында, елін, жерін жақсы көру шынайы имандылықтың көрінісі. Оның ұлтшылдықпен, жершілдікпен айырмасы бар.

Аббад ибн Кәсир жеткізген риуаятта бір кісі Пайғамбардан (с.ғ.с.): «Уа, Расулалла! Бір адам өзінің ұлтын, қауымын жақсы көрсе, ол рушылдық болып санала ма?» − деп сұрайды. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Жоқ. Егер адам өзінің қауымының зұлымдық қылуына жәрдем берсе, сонысы рушылдық», − деп жауап береді. (Ахмет, Ибн Мәжә риуаят еткен).

Жер бетінде Отанынан, егемендігінен айрылған, басқаға тәуелді ұлт-ұлыстар қаншама?! Асан Қайғы Отанынан айрылып аңырап қалған адамның жаны әрдайым жаралы болатындығын былайша жеткізген:

Ата жұрты бұқара

Өз қолыңда болмаса,

Қанша жақсы болса да,

Қайратты туған ер ғаріп!

Әрбір адамға туған жердің топырағы ерекше ыстық. Ата-бабамыз түрлі жағдайлармен елінен жырақ кеткенде туған жердің топырағын, жусанын өзімен бірге алып жүреді екен. Сағынғанда есіне алып, сол топырақтан иіскеген. Тап осындай дәстүр арабтарда да бар екен. Араб әдебиетшісі Жахиздің айтуынша арабтар бір жорыққа аттанғанда немесе алыс сапарға шыққанда өздерімен бірге туған елдің топырағын алып жүрген. Елін, жерін сағынғанда сол топырақты иіскейтін болған.

Туған жердің ауасы, топырағы жанға шипа, тәнге дәру. Пайғамбар (с.ғ.с.) ауру адамды ұшықтап, үшкіргенде сулы қолын топырақтап науқастың денесіне тигізген екен.

Айша анамыздан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.ғ.с.) дұғамен емдегенде: «Жеріміздің топырағы, аузымыздың суы Раббымыздың қалауымен ауруымызға шипа болады», − дейтін. (Бұхари риуаят еткен).

Әрбір адамның Отанға деген сүйіспеншілігі сөзінде не ісінде көрінеді.

Адамның өз Отанына деген сүйіспеншілігі сөзінде қалай көрінеді? Ақылды адам Отаны туралы зәредей жаман сөз айтпайды. Басқа жұрттың алдында елін, жерін мақтан тұтады. Жұртын дәріптейтін шығарма, өлең жазады. Жаратқан Иеден елі мен жерінің тыныштығы, жарқын болашағын тілеп, дұға қылады. Мысалы, еліміздегі мешіттерде жұма сайын имамдар, діндарлар Алла Тағаладан Отанымыздың, еліміз, Мемлекет басшысының амандығын тілейді. Тәуелсіздігіміздің баяндылығын, мемлекетіміздің қауіпсіздігін сұрайды. Жамағаттың, елдің бірлігі үшін үгіт-насихат жүргізеді, ағайынның татулығын, бейбітшілікті уағыздайды. Медреселерде иманды да ибалы ұл-қыздарды тәрбиелеуге көңіл бөлінеді. Адамгершілік, татулық, тақуалық, бірлік туралы діни дәрістер үздіксіз жүреді. Алла Тағаладан Отанның амандығын, абаттылығын тілеу шариғатта бар дәстүр. Оған мына хадис шәрифтер дәлел.

Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Уа, Алла! Бізге Мәдинаға Меккеде жасаған құт-берекеңнен екі есе артық береке дарыт!» − деп дұға қылған.

Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Уа, Алла! Біздге құрмамызда береке бер, Мәдинамызда береке бер, өлшемдерімізге береке бер! Уа, Алла! Ибраһим Сенің құлың әрі досың және пайғамбарың һәм мен де Сенің құлыңмын әрі пайғамбарыңмын. Расында ол Сенен Мекке үшін дұға қылды, ал мен оның Меккеге дұға еткені сияқты һәм тағы да сондай (береке тілеп) Мәдина үшін дұға етемін!» − деп дұға қылған. (Мүслім риуаят еткен).

Расында біздің ата-бабамыз аса отаншыл, елжанды, ұлтжанды болған. Егер Алаш жұртының бірлігі болмаса, отансүйгіштік жанқиярлығы болмаса, бұл жер, қазақ деген халық, Қазақстан деген кең-байтақ тәуелсіз ел де болмас еді. Отан елден, жерден тұрады. Ал әлеуметтің, қоғамның бірлігі – Отанның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бұқара халық арасында ауызбірлікті, ағайыншылдықты уағыздау Жаратқанның бұйырған ісі. Өйткені біз – жақсылыққа бұйырып, жамандыққа тосқауыл жасайтын үмбеттің ұрпағымыз.

Алла Тағала былай дейді: «Сендер адамдар үшін шығарылған үмбеттердің ішіндегі ең қайырлысы болдыңдар. Өйткені жақсылыққа бұйырасыңдар, жамандықтан тыясыңдар, Аллаға сенесіңдер» (Әли Имран сүресі, 110-аят).

Адамның отаншылдығы, туған жерге деген ықыласы мен құрметі оның ісінде де көрінеді. Қайда жүрсе де туған жерін ұмытпайды. Қолынан келгенше Отанына қызмет етуге тырысады.

Ирбад ибн Сариядан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.ғ.с.): «Адамдардың ең қайырлылары адамдарға көбірек пайда әкелгендері», – деп жауап берген ( Бәйһақи мен Табарани риуаят еткен).

Сондықтан туған елімді сүйем деген әрбір азамат ол айтқанын туған елге жасаған жақсылығымен дәлелдеуі керек. Қаражаты болып тұрса, мешіт-медресе сияқты имандылық ордаларын салып, немесе елге қажетті мектеп, аурухана, жол салып туған елге қызмет еткені дұрыс.

Отанға деген сүйіспеншілік, құрмет осындай кең ұғымды білдіреді.

Туған елге деген құрмет үлкенді сыйлау, кішіге ізет білдіру, сондай-ақ мәдениеттілікке бет бұрумен де қалыптасады. Хадисте:

«Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетпеген бізден емес» делінген. Демек, аталарымыз бен аналарымызды, аға-әпкелерді құрмет тұту, қарындасты қарындас, ініні іні деп сыйлай білудің де елді құрметтеуге жататынын ұққан жөн.

«Ерім дейтін ел болмаса, «елім» дейтін ер қайдан болсын» дейді халық даналығы. Сол үшін Отаншылдық рухы бар, ұлтжанды, иманжүзді ұрпақ тәрбиелеу бүкіл елдің міндеті. Бүгінгі күні жастарды имандылық пен ибалылыққа тәрбиелеу басты мәселе болып тұр.

Халқымызда: «Отан отбасынан басталады» деген  аталы сөз бар. Отанды сүю, туған елге құрмет сезімі отбасынан бастау алады. Отаншылдықтың бір көрінісі туған елге ие болып қалатын отаншыл, рухы биік иманды ұрпақ тәрбиелеу.

«Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей, отбасында адам бойындағы қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады.

Әрбір адам бала кезінен «Қазақстан — менің Отаным, оның мен үшін жауапты екені сияқты, мен де ол үшін жауаптымын» деген қарапайым ойды бойына сіңіріп өсетіндей болғаны жөн.

Бұхари өзінің Сахихында Ибн Омардан Алланың елшісінің (с.ғ.с.) былай дегенін риуаят еткен: «Сендердің бәрің де бақташысыңдар, бәрің де өз отарларыңа жауапкерсіңдер. Әмірші адамдарға бақташы, ол сол отарына жауапкер, ер кісі өз отбасына бақташы, сол отарына жауапкер, ал әйел күйеуінің үйіне және баласына бақташы әрі соларға жауапкер, кісінің құлы (қызметкері) қожайынының малына бақташы әрі соған жауапкер. Әлбетте, бәрің де бақташысыңдар әрі бәрің де өз отарларыңа жауапкерсіңдер».

Олай болса, балаға жастайынан жақсы тәрбие берумен туған елді құрметтеуді, жанын қорғағандай дінін, Отанын қорғауды үйретуге де отағасы жауапты. Бұл жөнінде Жүсіп Баласағұн бабамыз: «Бала нені көрсе жаста ұядан, өле-өлгенше соны таныр қиядан» деген. Туған елге деген құрметті, патриоттық рухты өз ата-анасынан көре алмаған бала болашақта өзіне бала кезден таныс емес сезімді жатсынады.

Отанға деген сүйіспеншілік - халық игілігіндегі мүлікті көздің қарашығындай көру, кісі ақысын жемеу, ел мүддесіне жұмыла жұмыс істей білуді де қажет етеді.

Бірде Хазіреті  Омар (р.а.) сырттан бір кісі келгенде, дереу алдында тұрған май шамды ауыстырған екен. Әлгі кісі оның мәнін сұрағанда: «Мен бағана мемлекет ісін қарап отыр едім, енді жеке ісімді қарайтын болғаннан кейін өз май шамымды жақтым» деп жауап бергені тарихтан мәлім. Бұл Омардың (р.а.) ел басқарып тұрған халифа кезінде мемлекет меншігіндегі затқа қаншалықты жауапкершілікпен қарағандығын көрсетеді. Сахабалардың қай қайсысы да адалдығын осылай дәлелдей білген. Өйткені олар ақиретте бәрі үшін сұрақ барына нық сенген. Ол сұрақтың оңай болмасын да терең сезінген. Сондықтан да Алланың алдына ешкімнің ақысын жеместен жүзі жарқырап баруын қалаған.

Дін және отан – өте қасиетті ұғымдар. Ел игілігіне тілектес діндарлар үшін де отаннан қымбат ештеңе жоқ. Аталарымыз ұзақ ғасырлар бойы армандап, бүгінгі ұрпақ әрең жеткен, талайлар аңсап өткен тәуелсіздік, егемендік үшін жанын қиған азаттықты көздің қарашығындай сақтауымыз керек.

Қазірде елімізге бойына ата-бабамыздың ел мен жерге деген сүйіспеншілік қасиеті дарыған, егеменді елімізге аянбай қызмет ететін, ой-өрісі кең, алғыр да жүректі, сауатты да салауатты азаматтар, мемлекетшіл мұсылмандар қажет.

«Отанды сүю – иманнан» деген қанатты сөздің мағынасы терең. Өйткені, иманды адам өз Отанын сыйлап, қастерлей алады. Имансыз адам отанның қадір-қасиетін білмейді. Біздің Отанымыз – тәуелсіз Қазақстан. Отанды ешкім сатып ала алмайды. Сол себептен де Қазақстан біз үшін өте қымбат. Сондықтан ары тарт та, бері тартқан, яғни, алауыздыққа жол бермей, отанның амандығын, халқымыздың ынтымағы мен бірлігін тілейік. Сол үшін білек сыбана еңбек етейік. Себебі ынтымақты, иманды елді жау ала алмайды.

Ислам діні ақиқат пен парасаттылық, адамгершілік пен кішіпейілділік қасиеттерге үндейтін ұлы дін. Қасиетті дініміз – Ислам Отан, туған ел ұғымына ерекше мән береді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Отан қорғаудың сауапты іс екені жөнінде көптеген хадистерінде өсиет айтқан. Бір сахаба пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Иә, Расулалла, ең абзал амал не?» – деп сұрағанда, Алла елшісі (с.ғ.с.): «Шекараны, Отанды қорғау үшін бір күн, бір түн күзетте тұру – бір ай нәпіл ораза ұстап, түнде намаз оқудан қайырлы», – деп жауап береді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тағы бірде Ұхуд тауына қарап: «Біз Ухудты жақсы көреміз, Ұхуд та бізді жақсы көреді», – деп тебіренеді. Бұл пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туған жерге деген, туған жерінің әрбір өзен, көл, тау, тасына деген махаббатының белгісі.

Ислам діні адам баласын бірлікте, бейбітшілікте өмір сүруге шақыратын барлық ізгі қасиеттерді қолдайды. Соның ішінде Отанға деген сүйіспеншіліктің алатын орны ерекше.Мұхамедқали қажы Саликов,

Саран қалалық орталық мешітінің бас имамы