Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

ӨТКЕН АПТАДА ZOOM ПЛАТФОРМАСЫНДА САРАН ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ЕРАЛЫ ОСПАНОВТЫҢ ТӨРАҒАЛЫҒЫМЕН КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРДЫҢ ІСІ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯНЫҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ.

Күн тәртібінде жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды балалар мекемелеріне орналастыру жөніндегі жұмыс туралы, Саран қаласының ПБ МЮП есепте тұрған отбасыларда кәмелетке толмағандардың тұрғын үй-тұрмыстық жағдайына тексеру жүргізу туралы Саран қаласының білім бөлімі мен қалалық Полиция бөлімдерінің баяндамалары тыңдалды.

Қалалық білім бөлімінің маманы Светлана Цаплинаның мәлімдеуінше үстіміздегі жылдың есептік кезеңінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 15 бала анықталған екен. Олардың ішінде балалар мекемелеріне берілгендері жоқ, 1 бала алты айға уақытша балалар үйіне, 6 бала қорғаншылық және қамқоршылыққа, ал 3 патронаттық тәрбиеге берілген.

Кәмелет жасына толмаған 1 бала орналастыру мәселесін одан әрі шешу үшін Теміртау қаласының кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына, тағы 1 бала «Шапағат» балалар үйіне, ал 2 бала «Таңшолпан» балаларды қолдау орталығына орналастырылған екен.

- Балалар мекемелеріне тәрбиелеуге берілетін балалардың санын азайту мақсатында қорғаншылық органы халықпен тұрақты негізде консультациялық жұмыс жүргізуде. Қазіргі таңда Instagram әлеуметтік парақшасында түрлі тақырыптарда халықпен тікелей эфирлер өткізу секілді жұмыс жасаудың жаңа нысаны қарқынды дамып келеді. Бүгінгі күнге дейін «Орналастыру нысаны - патронаттық тәрбие», «Қорғаншылық және қамқоршылық белгілеу» мемлекеттік қызметін көрсету», «Бала асырап алу», «Ата-ана құқықтарынан айыру», «Бала асырап алуға үміткерлерді тіркеуге көмек көрсету» сынды тақырыптар бойынша 5 тікелей эфир өткізілді, - дейді Саран қаласы білім бөлімінің маманы Светлана Цаплина.

Ал Саран қаласының ПБ МЮП есепте тұрған отбасыларда кәмелетке толмағандардың тұрғын үй-тұрмыстық жағдайына тексеру жүргізу мәселесі бойынша білім бөлімінің маманы келесідей баяндады:

- 2021-2022 оқу жылында 26 рейдтік жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде кәмелетке толмаған 8 баланың құжаттары қалпына келтірілді, 12 отбасы ювеналды полиция тобына есепке алынды, балалар тәрбиесімен айналыспайтын немесе тәрбиелеуден жалтаратын ата - аналарды ҚР Әкімшілік кодексінің 127-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке жауапқа тарту туралы Саран қаласының полиция бөліміне 13 өтініш жолданды, - дейді Светлана Цаплина.

Бұдан бөлек, оның айтуынша 2022 жылдың жазғы кезеңінде,  яғни маусым-шілде айларында білім бөлімінің мамандары тәртіп сақшыларымен бірге кестеге сәйкес Саран қаласы ПБ МЮП есебінде тұрған барлық отбасыларды аралап шыққан.

Аталған отбасыларға мектеп әкімшіліктері тұрақты негізде айына кемінде 1 рет барып тұратын көрінеді. Келу фактісі бойынша карточка мен акт толтырылып, олар жеке істерде сақталады, ал көшірмесі ювеналды полиция тобының бөліміне жолданады. Білім бөлімі маманының мәлімдеуінше үстіміздегі жылғы кезеңде бұзушылықтар анықталмаған.

Сонымен қатар, Светлана Цаплина құқық бұзушылықтар мен қылмыстарды бақылау және алдын алу, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта және шомылуға тыйым салынған орындарда болуына жол бермеу мақсатында «Қауіпсіз жаз» акциясы аясында жастар көп жиналатын орындар мен қаланың су айдындарына рейдттік жұмыстар жүргізу жалғасып жатқандығын жеткізді.

Светлана Цаплина аталған жерлерде балалар табылған жағдайда түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, балалар тұрғылықты жері бойынша ата-аналарына жеткізілетінін айтады. Сонымен қатар, ол аталған жерлерде жадынамалар мен буклеттер таратылып, ересектермен тиісті жұмыс жүргізіледі, ал қажет болған жағдайда әкімшілік шаралар қолданылатынын да атап өтті.

Одан кейін Саран қаласының ПБ МЮП есепте тұрған отбасыларда кәмелетке толмағандардың тұрғын үй-тұрмыстық жағдайына тексеру жүргізу мәселесі бойынша Полиция бөлімінің баяндамасы тыңдалып, отырыс қорытындысы бойынша Комиссия шешімімен бірқатар тапсырмалар берілді.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ