Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

ШАҺАРДА ЖОЛ БОЙЫНДАҒЫ ТАҢБАЛАР МЕН БЕЛГІЛЕР ПРОЕКЦИЯЛАРЫ БІРІКТІРІЛГЕН ЖҮРГІНШІЛЕР ӨТПЕЛІ ЖОЛЫ ПАЙДА БОЛДЫ.

Атап айтқанда, «Жамбыл» көшесі мен «Ленин» даңғылындағы, «Рабочая» көшесі мен «Жеңіс» көшесі бойындағы жолайрықтарда және «Жамбыл» көшесі бойында орналасқан «28 орам» аялдамасында жаяу жүргіншілер жолын проекциялық жарықтандыру жобасы іске қосылды. Аталған учаскелерде көлік қозғалысы ерекше қарқынды.

Бұл учаске жаяу жүргіншілердің жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағдарламасы аясында таңдалды.

Әдетте жол үстіне бояумен салынған жолақ қалың қардан, көктемгі саздан көрінбей қалып жатады. Ал бұл жаяу жүргіншілер жолы жарықпен берілетіндіктен кез келген ауа райында, тәуліктің барлық мезгілінде анық көрінеді. Қала көшелерін түгелдей жарықтандырып үлгермей жатқан тұста, бұл игі бастаманы ұтымды әрі заманауи шешім деп толықтай айтуға болады.

- Мұнда жаяу жүргіншілер өткелі жол белгісі мен таңбалар проекциясымен біріктірілген. Бұл орын түнгі уақытта жарықдиодты проектордың көмегімен жарықтандырылады. Кез келген ауа райында автокөлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілер жолдағы ақ-сары жаяу жүргіншілер өтетін тұс пен жол белгілерін анық көре алады. Бұл технология елімізде алғаш болып  бас қала Нұр-Сұлтан шаһарында қолданысқа енгізілген болатын. Одан кейін Қарағандыда да орнатылды. Енді міне, жарық диодты жол белгілері Саран шаһарында да орнатылып жатыр. Мұны шаһарды абаттандырудың жаңа стандарты деуге болады. Ең бастысы, жолдағы қауіпсіздік артады, - дейді бізбен тілдескен «Саран қаласының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары Айдын Мұқтар.

Бұдан бөлек, қалалық Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары шахардағы көшелердің жарықшамдары ауыстырылып жатқандығын да мәлімдеп өтті.

Жергілікті бюджет есебінен ағымдағы жөндеу жұмыстарына қаржы бөлініп, бүгінді таңда шаһардағы 7 көшеде 105 дана түнгі жарық нүктелерін диодты шамдарға ауыстыру жұмыстары жүргізіліп үлгерген.

Атап айтқанда, үстіміздегі жылдың мамыр айында Угольный кентінің «Новая» көшесі мен «Станционная» көшесінде 47 бірлік жарықдиодты шамдармен көше жарықтандыру тіректерін орнату бойынша жұмыстар жүргізіліпті.

Ал маусым айында «Озерный», «Волынский», «Больничный» тұйық көшелері мен «Қарағанды» көшелерінде жарықтандыру тіректерін орнату бойынша жұмыстар жүргізіліп, 58 дана жарықдиодты шамдары бар тіректер орнатылған.

Сонымен қатар, үстіміздегі жылдың шілде айында «Шахтерская» көшесінде жарықтандыру тіректерін орнату бойынша жұмыстар басталған екен, оның шеңберінде 67 дана жарықдиодты шамдары бар тіректер орнату жоспарланып отырған жайы бар.

Елді мекендерді абаттандыру шеңберінде жасалып жатқан игі істерге шаһар тұрғындары да дән риза. Қаланы көріктендіру мен абаттандыру бойынша осы тектес жұмыстар алдағы уақыттарда да жалғасын таппақ.

Тағы бір айта кетерлігі, елдімекендегі жарықтандыру жұмыстары көшедегі қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, заманауи жаңа технологияларды қолдануға да мүмкіндік беріп отырған жайы бар.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ