БАРЛЫҚ ӨРКЕНИЕТТІ МЕМЛЕКЕТ ӨЗIНIҢ БОЛАШАҒЫН БІЛІМДІ ДЕ БІЛІКТІ ӨСКЕЛЕҢ ҰРПАҒЫМЕН БАЙЛАНЫСТЫРАДЫ. СОЛ СЕБЕПТІ ДЕ, МЕМЛЕКЕТІМІЗ ТӘУЕЛСІЗДІК АЛҒАН КЕЗЕҢНЕН БАСТАП ЕЛІМІЗДІ БАЯНДЫ БОЛАШАҚҚА, КЕМЕЛ КЕЛЕШЕККЕ БАСТАЙТЫН ЖАСТАРЫМЫЗҒА ҮНЕМІ ҚАМҚОРЛЫҚ ТАНЫТЫП КЕЛЕДІ.
Бүгінде жастарға қолдау көрсетіп, санасына серпіліс сыйлау мақсатында сала-сала бойынша қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың, жүзеге асырылып жатқан жемісті жобалардың игілігін көріп жүрген жастар аз емес. Мәселен, 2017 жылдан бастап еліміздің бірқатар аймақтарында пилоттық негізде жұмысын бастаған «ZHAS PROJEСT» жастар корпусын дамыту жобасы да қазіргі таңда үлкен қызығушылық тудыруда.
Өткен аптада Саран қаласының жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Zhas projest жобасы аясында Қарағанды облысы бойынша жоба үйлестірушілері Ақбота Ақмамбет пен Балнұр Өтеген қалалық мәдениет үйінде шаһар жастарымен кездесіп, жоба туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Қарағанды облысы бойынша жоба үйлестірушілерінің айтуынша бұл бағдарлама жастардың осал топтары арасында пилоттық жобаны іске асыруға бағытталған. Яғни, бұл жұмыссыз ретінде тіркелген жастарға, аз қамтылған және көпбалалы отбасындағы 18 бен 28 жас аралығындағы азаматтарға, ата-ана қамқорлығынсыз қалған және жетім балаларға, мүгедектігі бар жастарға арналған.
Айта кетейік, аталған жобада 1 млн теңгеге дейін грант беріледі. Қарағанды облысында «ZHAS PROJECT» жобасы аясында 63 грант бөлініп отыр. Байқау аясында 1000000 теңгеге дейін грант алатын 63 жеңімпаз анықталады дейді спикерлер.
Жобаға өтінім беру 26 шілде мен 10 тамыз аралығында өткізіледі. Жобаны іске асыру үшін жастарды дамыту мен қолдаудың тиімді тәжірибелерін ескере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі осы жобаны мемлекеттік қаржыландыру аясында бастау туралы шешім қабылдады.
Zhasproject жобасы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Бүгінде, министрлік қазір жастар жұмысына бірқатар тәсілдерді қайта қарастыруда және Zhasproject сияқты атаулы және нақты жобалар жақын болашақта өз жемісін беретініне сенімді.
2022 жылы жоба 6 облыста: Алматы және Жетісу, Қарағанды және Ұлытау, Түркістан және Маңғыстау облыстарында пилоттық режимде іске асырылады.
Жобаны іске асыру үшін бұл өңірлерде жеке жобалық кеңселер құрылды. Қарағанды облысында жобалық кеңсенің қызметін конкурстық негізде іріктелген «Жас Ұлан» ББЖҰ» РҚБ «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ жүзеге асырады.
18 бен 28 жас аралығындағы жастарға кәсіпкерлік бағытта қолдау білдіруге арналған жобаның бүгінгі талабы бөлек. Биылғы жылы жобаға қатысушы жастар ішінде басымдық осал санаттағы адамдарға беріледі. Нақтыласақ, тіркелген жұмыссыз мәртебесі бар жастар, аз қамтылған отбасыларда тұратын, жетім және мүгедек адамдарға, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға, көп балалы отбасыларға, сондай-ақ «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен наградталған көп балалы аналарға ерекше басымдық беріледі.
Үйлестірушілердің мәлімдеуінше өтініш беру үшін қажетті ең бірінші қадам - сіздің әлеуметтік жобаңыздың идеясын табу. Жастар жобаларының бағыттарының ауқымы өте кең, бірақ ең бастысы, жоба өз қаласына, ауданына немесе ауылына нақты көмек көрсете алуы керек. Қатысушылар өз жобасының қай бағытта болатындығын шешкеннен кейін, біздің веб-сайтта тіркеліп, өз өтінімдерін беруі керек. Барлық тіркелген өтінімдер екі кезеңдік іріктеуден өтеді: алдымен, техникалық іріктеу – мұнда жобаның негізгі талаптарға сәйкестігі сараланады. Бұдан өткен жобалар конкурстық комиссияның іріктеуінен өтеді дейді спикерлер.
«Қатысушыларды өмірлік маңызы бар дағдылар мен жұмысқа орналасу дағдыларына оқыту маңызды компонент болып табылады. Жастар командада жұмыс істеуді, жанжалдарды шешуді және жобаны басқаруды, оның тұрақтылығын жоспарлауды үйренеді. Олар өздеріне сенімді болады, болашақта әлеуметтенуге және қолайлы жұмыс табуға көмектесетін дағдыларға ие болады. Қатысушыларға менторлардың консультациялық көмегі ұсынылады. Менторлар конкурстық негізде іріктелетін болады», - дейді Қарағанды облысы бойынша жоба үйлестірушісі Балнұр Өтеген.
Zhasproject жобасына қатысушылар 16 бағыт бойынша әлеуметтік жоба ұсынуы шарт.
Жобаға бір қатысушыдан бір ғана өтінім қабылданады. Сонымен қатар өтінім берген адам әлеуметтік жобаның идеясын жазып көрсетеді. Сондай-ақ, телефон нөмірін растаумен www.zhasproject-karaganda.kz сайтында қатысушы ретінде тіркеліп, телефон нөмірін растауы тиіс. Жобалық онлайн-өтінімді беріп, тіркеу нөмірін алады. Шағын гранттарды іріктеу 1-18 тамыз аралығында өтеді. 18 тамыз жеңімпаздардың есімі белгілі болады.
Жалпы жобаға қатысу екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде - техникалық іріктеу өтсе, екінші кезеңде конкурстық комиссия жұмыстарды қарап, шешім шығарады.
Айта кетейік, биыл жұмыстарға жоғарыда аталғандай арнайы тіркеу нөмірі берілетін болады. 21 адамнан тұратын комиссия жоба авторын танымайтын болады. Бұл ереже шынайы жеңіске жетуге жол бастайды дейді ұйымдастырушылар.
«Бұл жоба жаңарып, жаңадан ұсынылуда. Оның ішінде қатысушы топтың кеңейтілуі, бұл да ерекшелік болып табылады. Аталмыш бастама біздің Қарағанды облысының жастарының жеке дара дамуына мүмкіндік береді деп ойлаймыз. Баршаларыңызға жобаны насихаттау жұмыстарына және қатысушыларға сәттілік тілеймін»,- дейді Қарағанды облысы бойынша жоба үйлестірушілері Ақбота Ақмамбет.
Конкурстық рәсімдер ашық болу үшін аталған аймақтарда өңірлік комиссиялар құрылады, оларға қоғам өкілдері, салалық сарапшылар, кәсіпкерлер кіреді. Жобаларды іріктеу жөніндегі өңірлік комиссиялардың барлық отырыстары әлеуметтік желілерде онлайн-режимде көрсетіледі. Әрбір жоба сараптамадан өтеді, олардың әрқайсысын іске асырудың тиімділігі бойынша мониторинг жүргізіледі. Республикалық қоғамдық мониторинг тобы құрылады.
Жиын барысында жастар тарапынан спикерге түрлі сұрақтар қойылып, кәсіп айналасында жақсы әңгіме өрбіді. Жобаның жан-жақты жандануына үлесін қосып жүрген үйлестірушілер оның артықшылықтарына да кеңінен тоқталып, тиімді тұстарын да түсіндірді.
Ал жиынды қорытындылаған жастар ресрурстық орталығының басшысы Сәнді Мұстафина: «Zhas project» – жақсы, тәжірибелі, өз нәтижесін көрсеткен жоба. Сондықтан Саран қаласының жастары осы мүмкіндікті пайдаланып, грант иегері атанып, өзінің кәсібін немесе әлеуметтік идеясындағы жобасын жүзеге асыруға үлес қоса алады деп есептеймін. Сондықтан қала жастарын осы мүмкіндікті пайдалануға шақырамын!» - деді.
Естеріңізіге саламыз, Zhasproject аясында Қарағанды облысына 63 грант тиесілі. Әрбір ұтқан қатысушыға өз кәсібін бастап, бизнес-идеяны жүзеге асыру үшін 1000 000 теңге сомасында қаражат беріледі.
Бұл жобаның маңызды аспектісі — ашықтық болғандықтан, жобаны іске асыру барысын www.zhasproject-karaganda.kz сайтынан қарап, бақылап отыруға болады.
Айта кету керек, жоба жеңімпазы алғашқы үш ай тегін түрде ісін жүргізеді. Артынша ақылы түрде қызмет көрсетуге бағыт ала алады.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ
Суретті түсірген автор