ЖУЫРДА САРАН ҚАЛАСЫНЫҢ №9 АРНАЙЫ МЕКТЕП-ИНТЕРНАТЫНЫҢ ТӘРБИЕШІСІ ШПАННАГЕЛЬ ЛИДИЯ ИГОРЕВНА ҮЗДІК ЕҢБЕК ӘУЛЕТТЕРІН ЖӘНЕ ӨНДІРІС ЖҰМЫСКЕРЛЕРІН АНЫҚТАУ МАҚСАТЫНДА ӨТКІЗІЛГЕН «ЕҢБЕК ЖОЛЫ» БАЙҚАУЫНЫҢ ОБЛЫСТЫҚ КЕЗЕҢІНЕ ҚАТЫСЫП, «ӨНДІРІСТІҢ ҮЗДІК ЖАС МАМАНЫ» НОМИНАЦИЯСЫ БОЙЫНША ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ.
Осылайша жерлесіміз аталмыш байқаудың республикалық кезеңіне жолдама алып, онда Қарағанды облысының атынан қатысатын болады.
Лидия Шпаннагель 1997 жылы 13 ақпанда туылған. Туып-өскен жері осы Саран шаһары. Тұрмыста.
Лидияның «тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан» алтын ұя мектебі - Саран қаласының № 17 жалпы білім беретін мектебі. Қазіргі уақытта аталмыш оқу орны «№ 17 мектеп-гимназиясы» деп аталады. Осы оқу орнын жақсы бағаға тәмамдап шыққан соң, ол 2014 жылы қазіргі Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетіне «Дефектология» мамандығы бойынша грантқа оқуға түседі. Жастайынан оқуға зерек болып өскен қыз, 2018 жылы ҚарУ-ды да қызыл дипломмен аяқтап шығады. Оқуын тәмамдай салысымен Лидия осы Саран қаласындағы № 9 арнайы мектеп-интернатына тәрбиеші болып жұмысқа орналасады. Міне, осылайша ол 4 жыл қатарынан аталған мектеп-интернатында жұмыс жасап келе жатқан жайы бар.
Иә, уақыт бір орында тоқтап тұрған жоқ, оқу саласында біршама жаңалықтар орын алып, заманауи технологиялар енгізілуде. Осындай жағдайларда көштен қалмау үшін, кез келген ұстаз «заманың түлкі болса, тазы боп шал» демекші, икемді және жаңа идеялар мен білімге ашық болуы тиіс. Бұл тұста заманның көшіне ілесу Лидия Шпаннагельдің қолынан келе алды деуге болады.
Жұмыстың үшінші жылында ол өз санатын педагог-модераторға дейін көтерді және мұнымен тоқтап қалмақ емес. Өзінің айтуына қарағанда Лидияны балалардың ішкі әлемі қатты қызықтырады, оған балалардың жетістіктерін, олардың өсуін бақылаған ұнайды.
Оның жетекшілігімен мектеп-интернаттың оқушылары мектептен бастап республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып, дипломдармен, естелік сыйлықтармен марапатталып жүр. 4 жыл бойы мектеп-интернатының тәрбиешісі болып жұмыс істей отырып, Лидия Игоревна өзін ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға үлес қосып жүрген мұғалім ретінде таныта білді.
Мектеп, облыс және республикалық деңгейдегі мақтау қағаздарымен, дипломдармен және алғыс хаттармен марапатталған. Бүгінгі таңда «Еңбек жолы» байқауының облыстық кезеңінде «Өндірістің үздік жас маманы» номинациясы бойынша жеңімпаз атанып, енді Республикалық сайыста Қарағанды облысының намысын қорғайтын болады.
Лидия саяхаттағанды ұнататын көрінеді. Қазіргі уақытта ол Германия, Италия, Швейцария, Чехия, Нидерланд, Монако Княздігі, Франция, Польша, Түркия, Украина, Ресей және т. б. оннан астам мемлекетке саяхаттап үлгеріпті.
«Саяхаттау арқылы сіз көптеген жерлерді, әртүрлі елдерді аралап, көптеген адамдармен танысасыз, сонымен қатар, жалпақ әлемді жайлаған ғажайыптарды өз көзіңізбен көріп, ғажап сезімге бөленесіз», - дейді Лидия Шпаннагель.
Оның екінші бір ұнататын ісі – адамдарға әдемілік сыйлау. Сырт келбетіңізді сәл өзгеріске ұшырату - апатия мен жаман көңіл-күймен күресудің ең қолжетімді әрі ең тиімді әдістерінің бірі дейді кейіпкеріміз. Ол ара-кідік өз жақындарына тырнақ, көз, қас, қабақ, шаштарын сәндеумен айналысып тұратын жайы бар.
Бұдан бөлек Лидия фотосуреттер мен бейнероликтерге редакция жасаумен айналысқанды ұнатады. «Фотосуреттерді өңдеу және бейнероликтерді монтаждай білу менің жұмысымда да қажет-ақ, сонымен қатар ақпараттық технологиялар дәуірінде бұны білу – кімге де болса пайда әкелмесе, зияны жоқ», - дейді Лидия.
Лидияның тағы бір ұнататын ісі бар. Ол – өлең жазу. Себебі поэзия оны шабыттандырып, ерекше сезімге бөлейтін көрінеді.
Сонымен қатар, ол армандағанды ұнатады, ал армандар орындалады! Жас педагогы алдына қойған ең басты мақсаты - лайықты, адал және әлемді сүйетін адамдарды тәрбиелеу. Ендеше Лидия Игоревнаға алға қойған мақсаттарына жетіп, республикалық сайыстан сүрінбей өтуіне сәттілік тіледік.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ