ТАМЫЗДЫҢ СОҢҒЫ ЖЕКСЕНБІСІНДЕ АТАЛЫП ӨТЕТІН КЕНШІЛЕРДІҢ ДӘСТҮРЛІ ДУМАНЫ БИЫЛ 75-ші МӘРТЕ ТОЙЛАНБАҚ.
Құрметтің үлкені, мәртебенің жоғарысы осы кеншілерге лайық. Басын бәйгеге тігіп, жеті қат жер астында еңбек көрігін қыздырған олар еңбек емес, ерлік жасап жүр. Шыңыраудан қазына шығарған еңбек майталмандары қандай құрметке болса да лайық.
Ендеше біз бүгін Қарағанды көмір бассейніне қарасты шахталар туралы тілге тиек етуді жөн көрдік. Деректерге жүгінсек, Қарағанды көмір бассейні ендік бағытта 120 шақырымға созылып жатыр, ені орта есеппен – 30 шақырым. Ауданы – 3 600 шаршы шақырым. Көмірлі қабаттың 2000 шаршы шақырым шамасында Г, Ж, К, ОС маркалы тас көмір шығады. Бассейннің орталық және шығыс бөлігіндегі юра қабатында қоңыр көмір бар. Көмір жер асты және ашық әдіспен өндіріледі. Негізгі шоғырланған орталығы – Қарағанды, Саран, Абай, Шахтинск қалалары. Қарағанды көмірін алғаш ашқан Аппақ Байжанов 1833 жылы Қарағансай шатқалының, бұрынғы №3 шахтаның (өзге деректерде №1 шахтаның) солтүстік жағындағы калың бұталы сайдан беті ашық көмір қабатын табады (жергілікті тұрғындар жер бетіндегі көмірді Сораң шатқалынан да тауып жүр). 1917 жылы революциядан кейін көмір қоры мемлекет меншігіне өтіп, Қарағандыға белгілі геолог А. Гапеев бастаған бір топ ғалым мен инженер жіберілді. Олар бассейнді аралап көріп және көмір қабатының орналасуын зерттеп, көмірлі ауданды өнеркәсіптік жолымен қазудың болашағы туралы қорытынды жасайды.
Архив мәліметінде Қарағандыда көмір өндірісінің құрылысымен «Карагандагипрошахт» жобалау институты айналысқаны айтылады. Институт қызметкерлері жасаған жобамен 90 көмір шахтасы, 10 көмір разрезі, 20 ірі өндіріс ошағы пайдалануға беріліпті.
Ал, «К» (кокстық) маркалы көмір өндіретін Саран шахтасы 1955 жылы пайдалануға берілген екен. Шахта 1971 жылға дейін №120 шахта деп аталып келді. Аталмыш кен орны «АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаментіне кіреді. Қазіргі уақытты шахтаның бас директоры - Глущенко Юрий Александрович.
1931 жылы Үкіметтің «Қарағанды кен орнында КСРО-ның үшінші көмір базасын құру туралы» Қаулысының шығуы Саранның тыныс-тіршілігіне тың серпін әкеліп, жалпы өмір сүру дағдысын түбірімен өзгерткен екен.
Сол себепті 1945 жылы Саран көмір кен орны қарқынды игеріле бастайды. Саран шахтасы алғаш эксплутацияға берілген 1955 жылы жылына 900 000 тонна көмір өндіреді деп жоспарланған екен. 1975 жылы шахта өндірісі 1,5 млн-ға жетеді. Ал 1985 жылы 1млн. 262 мың көмір өндіріледі.
Заманында шахта ұжымындағы 35 адам мадақтау ордендерімен марапатталған, оның ішінде Ленин ордені-1, Октябрь көтерілісшілері-2, Қызыл Еңбек ерлері-14.
Шахтаның жалпы ауданы 11,3 шаршы шақырымды алып жатыр, тереңдігі 454—520 м, күніне 4000 тонна көмір өндіре алады. Жоғарыда атап өткеніміздей, шахта «К» (кокстық) маркалы көмірді өндіреді. Көмір өндіру механикалық комплекспен жүзеге асады.
Бүгінде тақыр жерден жарты ғасырдан астам тарихы бар Саран қаласы іргетасын қалады. Сондықтан да әр жылдың тамыз айының соңғы жұлдызында Саран жұртшылығы кең көлемде шахтерлер күнін тойлайды.
Расымен де, көмір – еліміздің басты байлығы. Тек республиканы ғана емес, кешегі күндері бүкіл КСРО аумағын қара алтынмен қамтамасыз етті. Ел экспортының қайнар көзі де осы байлығымыз дейтініміз сондықтан. Ал осы көмір өндірісінің басы-қасында жүрген шахтерлердің еңбегі ұшан-теңіз. Кеншілердің ауыр еңбегі талай қиындықты жеңіп, өмір мен өлім арасында жүздеген метр тереңдікке түсіп, осы байлықты иегереді. Шахта ішіндегі апаттан қаншама өмір қиылды, қаншама отбасының көз жасы қара жерге төгілді. Сарандықтардың тыныс-тіршілігінің бір бөлігіне айналған қара алтын жылдар көлемінде өз шежіресін де қалыптастыра алды.
Саран шаһарының көмірі – үлкен маңыздылыққа ие кен орны. Қазіргі таңда Сарыарқа төсінде «Арселор Митталл» шахталары, сондай-ақ бұрынғы «Испад-Кармед» шахталары көмір өндірісінің табысын арттырды. Дәстүрлі еңбекке айналған кен өндіру ісін әкелер өз ұлдарына табыстады. Сондықтан, 75 жыл қатарынан атап өтіліп келе жатқан Шахтерлер күні көпшілік үшін тағылымды мереке.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ