ЕКІНШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СОҒЫС КЕЗІНДЕ АҚШ-ТА АТОМ БОМБАСЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ АДАМЗАТ ӨМІРІНДЕГІ ЖАҢА КЕЗЕҢНІҢ БАСТАЛУЫН БЕЛГІЛЕДІ. ОСЫДАН КЕЙІН ЕШКІМ ЖАҢА ҚАРУДЫҢ ЖОЙҚЫН КҮШІНЕН ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚОРҚЫНЫШТЫ САЛДАРЛАРЫНАН САҚТАНДЫРЫЛА АЛМАДЫ.
Сонымен, 1945 жылы тамыз айының алтыншы жұлдызында АҚШ ұшқышы Томас Фереби басқарған «Энола Гей» атты Б-29 әскери ұшақ Жапонияның Хиросима қаласына әлемдегі ең бірінші «Малыш» атты атом бомбасын тастады. Тарих беттерін парақтайтын болсақ, осы сұмдықтың американ әскері үшін ешқандай қажеттілігі болмаған. Себебі соғыстың соңына қарай Жапония әскері талқандалып, Тынық мұхиты айдынында АҚШ-қа еш қауіп төндірмеген. Ал бомба тастау үшін Хиросиманы арнайы таңдап алуы қаланың географиялық орналасуы, үш жағынан тау қоршап тұратындығы себеп болған. Бұл 20 килотонналық уран бомбасының өз күшін толық пайдаланып, ажал уын себуіне таптырмайтын нысана еді.
Жарылыстан қаланың елеулі бөлігі қирап, 140 мыңнан аса бейбіт тұрғын қаза тапты, 35000 адам ауыр жарақаттанды, 60000 адам 1945 жылдың соңына дейін ядролық сәуле зардаптарынан көз жұмды. Бұл іске американдықтарды Гарри Трумен былай деп үгіттеді: «Егер Жапониямен осылай күреспесек, соғыс ұзаққа созылады және қаншама америка әскерінің өмірі жұтылады». Ядролық бомбаны ойлап тапқан адамдардың өздері оның зардаптарынан қорқа бастады, сондықтан да оған қарсы түрлі ұйымдар құрылды.
1945 жылы 9 тамызда Нагасаки қаласына екінші атом бомбасы тасталды. Оның жарылысынан қаланың бөлігі қирап, 75 мыңдай адам қаза тапты, жараланды.
Жетпіс жылдан астам уақыт бойы дәл осы күні сағат 8-ден 15 минут өткенде жапондық Хиросима қаласында бір минут үнсіздік жарияланады. Қолдарын кеуделеріне қойып, бастарын төмен түсірген жас пен кәрі, ана мен бала, ұстаздар мен шенеуніктер 1945 жылдың жан түршігерлік күнін еске алады.
Сол себепті де, 6 тамыз –Ядролық қаруға тыйым салу үшін күрестің бүкіләлемдік күні. Бұл күн адамзат тарихындағы ең жойқын апат Хиросимаға бомба тасталған күннен бастап, «Әлем дәрігерлері ядролық соғысқа қарсы» халықаралық қозғалысы атқару комитетінің шешімі бойынша аталып өтілетін болды.
Ал, 29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні. Сұм қарумен күресте дәл осы күннің даталы күн ретінде таңдалуы бекер емес. Себебі Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы Жарлыққа 1991 жылдың 29 тамызында қол қойған болатын. Осылайша, еліміз үшін айтулы дата әлемдегі Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні болып жарияланды.
Сондай-ақ 29 тамыз күллі Орталық Азияға ядролық қарудан азат аймақ мәртебесін берудің басталған күні саналады. 2006 жылғы қыркүйекте Орталық Азия басшылары өңірде «ядросыз аймақ» деп жариялаған Семей келісіміне қол қойды. Ал 2009 жылғы 30 қазанда Қазақстан тарапы БҰҰ Бас Ассамблеясының Бірінші комитетіне 29 тамызды ядролық қарудан бас тартудың халықаралық күні деп жариялауды ұсынды. Еліміздің бастамасы қолдау тауып, содан бері 29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні ретінде атап өтіліп келеді.
Иә, әлемде ашық түрде жарияланбай, құпия жүргізілген, тірі адамның жаны түршігерлік алапат соғыс қазақ жерінде ғана өтті. Ол – Семей ядролық сынақ майданы! Бұл майданның тактикасы мен стратегиясын әскери шенділер емес, ғалымдар тобы жасады. Кеңес үкіметі қалың қазақтың ортасына 456 бомба жарып, 1 миллионнан астам адамды құрбандыққа шалды!
Естеріңізге салсақ, осыдан тура 73 жыл бұрын, 1949 жылдың 29 тамызында Қазақ жерінде, Семей ядролық полигонында алғашқы сынақ жүргізіліп, плутоний заряды жарылды. Бұл КСРО-дағы тұңғыш атом бомбасының сынақтан өткізілуі болатын. Таңғы сағат жетіде жерге түскен бомба отты шарға айналып, бір сәтте жердің күлін көкке ұшырған болатын.
Семей полигонын КСРО өзінің ядролық қаруының шама-шарқын тексеріп көру мақсатында ашқан болатын. Бұл үшін 18 миллион гектар жер бөлінді. Осы аумақта тұратын қазақ «сынақ қояндарына» айналды.
Алғашында сынақтар жер бетінде өткізілген. Айналаға тигізген зияны ұшан-теңіз болғаннан кейін жарылыстар жер астына көшірілген еді. Сол заманның өзінде радиациядан зардап шеккендердің саны жарты миллион адамға жетті. Полигонда өткізілген сынақтардың жалпы саны 456 ядролық және термоядролық жарылысты құрады. Олардың 116-сы ашық, яғни жер бетінде немесе әуе кеңістігінде жасалған. Осы ашық жарылыстардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп еді.
Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, сол сынақтардың 88-і ауада, 30-ы жер бетінде, 340-ы жер астында жарылған. Олардың 296-сы Дегелең тауының астында жасалған. 1961-1962 жылдардың ішінде тағы 68 жарылыс болған. Олардың 53-і ашық ауада сыналғаны тарихтан белгілі.
Белгілі зерттеуші-журналист, жазушы Медеу Сәрсекенің «Семей қасіреті» атты кітабында қазақ даласына қасірет шектіріп, мыңдаған адамның өмірін жалмаған сол атом бомбалаланының құрылымын былай көрсеткен: Ажал құрылғысының негізгі көзі тротил қоспасы мен гексогеннің өзара қатынасын тең яғни 1:1 мөлшерінде етіп есептеп сырттан қуат беріп тітіркендіреді. Сол тітіркенудің жылдамдығын секундына 7650 метрге жеткізгенде атом ядросы тізбекті реакцияға түседі екен. Отыз екі түрлі нүктеден бір мезетте атқылап шыққан заряд тізбекті реакция тудырып, ғаламат атомдық жарылыс тудырады. Бір килограмм радийдің ыдырау реакциясы толық аяқталу үшін 1590 жыл кеерк екен. Тек содан кейін ғана салмағы 0,5 кг қорғасынға айналып тыныш табады.
Ал атом бомбасының тағы бір көзі 1 кг уран 22900 киловатт қуат бөледі екен. Бұларды бейбіт мақсатқа жұмсамаса, жанды-жансыз дүниені әп-сәтте-ақ күлге, тозаңға айналдырады.
Яғни ұлы Абайдай данышпан өмірге келген Семей жерінде 50 жыл бойы ажал сепкен 470 (кей деректерде 498 ядролық сынақ өткен) дүркін жарылыстан – 2500 мегатонна энергия бөлінген.
Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Жапонияның жеріндегі жарылыста 30 мегатонна, ал Чернобыльдан 100 мегатонна қуат бөлінген екен. Осының өзінен-ақ Семей даласының қандай қасірет шеккенін бағамдауға болады. Мыңдаған адамның өмірін жалмады. Ол ажал әлі де басылған жоқ. Артында мыңдаған жылдарға созылатын қасірет қалдырып кетті».
Семей полигоны 1949 жылы ашылғалы бері онда 500-ден астам ядролық сынақ жасалыпты. Атом бомбасы өңірдің экологиясын аяусыз бүлдірді. Тіпті сынақ салдарынан тұрғындардың денсаулығына, қоршаған орта мен жан-жануарларға тигізген зияны жетіп артылады. Жаппай қырып-жоятын қарудың кесапатын жете түсінген қоғам белсенділері 1989 жылы ядролық сынаққа қарсы қозғалысқа ұйытқы болды.
Атақты ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов бастамасымен құрылған қозғалыс халықаралық қоғамдастық назарын аударды. Қозғалыс КСРО-ға ғана емес, ядролық қарудың зардабын тартқан Жапонияда, мұхиттың арғы бетіндегі ядролық держава АҚШ-та кеңінен танылды. Осылайша әлемге әйгілі «Невада – Семей» қозғалысының іргетасы қаланды.
Билік тарапынан қолдау тапқан қозғалысқа шерушілермен қатар, 130 мыңдай шахтерлер тартылып, КСРО-да бұрын-соңды болып көрмеген дүмпу туғызды. Әскерилердің қарсылығы қанша мықты болса да халықтың талабы одан да зор шығып, сол жылы жоспарланған 18 жарылыс 7-ге дейін азайтылды. Қозғалыстың қуаты жыл санап арта берді.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті әскери ведомство басшыларының қарсылығына қарамастан, батыл позиция ұстанып, халықтың талабын қолдайтынын анық аңғартты. Сөйтіп Қазақстан егемендігін жариялап үлгермесе де, Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды.
Бұл тарихи құжат қазақ халқының ерік-жігерімен жүзеге асырылған маңызды қадам болды. Оның ядролық күрестегі маңызы да ерекше болғаны белгілі. Семей полигонын жабу арқылы Қазақстан шынайы егемендік пен тәуелсіздікке қарай шешуші қадам жасады. Өйткені Кеңес өкіметі жасаған ядролық сынақтар қырық жылдан астам уақыт бойы елімізді радиациямен улады. Кеңес Одағындағы ядролық сынақтардың үштен екісі елімізде жасалып келді. Полигон жұмысының салдарынан мыңдаған жергілікті тұрғын мен табиғатқа орасан зор нұқсан келді. Бір термоядролық бомба Жапониядағы Хиросимаға тасталған бомбадан 26 есе күшті болған. Яғни сол атом бомбалары бір мезетте тасталғанда 350 млн адамның өмірін жалмауға қауқарлы еді. Радиоактивті қалдықтар 100 мыңдаған шаршы шақырымға таралды.
Атомдық жарылыстар үшін таңдап алынған жерлердер халық күшпен көшірілді. Соның салдарынан аймақ экономикалық және әлеуметтік дағдарысқа ұшырады. Бастапқыда аса улы бола тұра сынақтар ашық жасалды. Адамдарға, жануарлар мен табиғатқа зардабы өте қатты тиді. Халық өте ауыр және созылмалы сәулеленуге ұшырап, сынақ зардаптары Хиросима мен Нагасакидегі атомдық бомбалаудан 2,5 есе асып түсті. Кейін жарылысты жұрттан жасырып, әрі жер астында жасай бастады.
Семейден небары 120 шақырым ғана шақырымда сыналған жарылыстардың ең соңғысының қуаты 1,5 мегатонн мөлшерінде болған. Одан тағы бір жарым миллион адам зардап шеккенін айту керек.
Бас-аяғы жарты ғасырға созылған сынақтар Семей облысы, Абыралы ауданының, сонымен қатар Павлодар және Қарағанды облыстарының біраз жерін қамтыды. Салдарынан аталмыш өңір тұрғындары түрлі ауруларға ұшырады.
Ел тұрғындары сол уақыттардағы жарылыстар қалдырған қасіретін әлі де арқалаумен келеді. Ең сорақысы, бұлсырқаттардың тұқым қуалайтындығы болып отыр. Ғалымдардың зерттеуінше, бұл жарылыстардың қасіреті кемі үш ғасырға дейін созылуы мүмкін екен.
Полигонның жабылғанына 31 жыл өтсе де, оның зардабын бүгінгі ұрпақ әлі де тартып келеді. Сарапшылардың пайымдауынша, оның зияны кемі 5-6 ұрпаққа кері әсерін тигізеді деген болжам жасайды. Әлі күнге дейін ядролық сынақтардың зардаптарын сезініп келеміз.
Материалды дайындаған Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ