Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

«КӨКТЕГІ КҮНГЕ, ЖЕРДЕГІ ЕЛГЕ МЕЙІРІМІМ ҚАНБАДЫ». БҰЛ АҚСЕЛЕУ СЕЙДІМБЕКТІҢ ҚАБІРІ БАСЫНДА ЖАЗУЛЫ ТҰР. БИІКШІЛ ЖАНЫ БИІККЕ БАРЫП ЖАЙ ТАПТЫ. ҰЛТ ДЕСЕ ШЫҒАРҒА ЖАНЫ БӨЛЕК АЗАМАТТЫҢ ӨЛЕ-ӨЛГЕНШЕ УАЙЫМЫ ДА ЕЛДІҢ ҚАМЫ БОЛДЫ. ҰЛТТЫҢ ЖОҒЫН ЖОҚТАДЫ, ЖОҒАЛҒАНЫН ІЗДЕДІ, ҚҰНДЫЛЫҒЫН ТҮГЕНДЕДІ.

Саналы ғұмырын сахарасын зерттеуге арнап, ұлтының жоғын түгендеген Ақселеу Сейдімбектің биыл – 80 жылдығы.  Ұлылықтың үлгісіндей болған Ақселеу Сейдімбек – халқымыздың өр рухының, өнегелі салтының, өрелі қалпының аса көрнекті өкілі еді. Туған халқын, оның төл тарихын, салт-дәстүрін, тілі мен ділін жан-тәнімен сүйіп, бойындағы тәңірі берген бар қабілет-дарыны мен қайрат-жігерін ұлт игілігіне арнаған үлкен парасат иесі бола білді.

Сейдімбек Ақселеу Сланұлы 1942 жылы 12 желтоқсанда Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданына қарасты «Атасу» колхозында (кәзіргі Байдалы би атындағы ауыл) дүниеге келген. Әкесі Слан Отан соғысында қайтыс болған. Болашақ ғалым – жазушы әкесінің үлкен ағасы Аманбектің тәрбиесінде болған. 1959 жылы аудан орталығындағы № 1 қазақ орта мектебін бітірген соң еңбек жолын «Қызылтау» совхозында шопан болудан бастаған. Сөйтіп үш жыл қой бағады да, 1962 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетіне түседі. 1963 жылы міндетті әскер борышын өтеуге алып кетеді. Одан оралған соң ҚазМУ-дегі оқуын әрі жалғастырып, 1968 жылы бітіріп шығады да одан ары еңбек жолын жалғастырады. «Лениншіл жас» (Жас Алаш) әдеби қызметкер болып орналасады. Содан бастап-ақ әр түрлі жауапты қызметтер атқара бастайды. 1968 жылы «Лениншіл жастың» «Орталық Қазақстан» өңіріндегі меншікті тілшісі, 1975 жылы Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» (Егеменді Қазақстан) газетінің бөлім меңгерушісі. 1983 «Білім және еңбек» (Зерде) журналының бас редакторы, 1988 жылы қазақша және орысша «Әлем» алманағының бас редакторы, Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі, одан Ы. Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясының тұңғыш президенті, Астанадағы Гумилев атындағы университеттің ұстазы.

Ақселеу аға Қазақстан Жазушылар Одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Журналистер Одағының жүлдегері.

Отызға тарта көркем-әдеби, ғылыми-көпшілік қолды кітаптардың авторы. Ақселеу Сейдімбектің қаламынан «Күзеуде», «Қыз ұзатқан», «Ақ қыз», «Біратым насыбай», «Ақиық», «Атамекен», «Алпамыс батыр» атты хикаяттар әдебиет әлеміне жол тартты. «Тауға біткен жалбыз», «Рамазан мерген», «Қақпаншы», «Көңіл шіркін», «Зерде», «Олжа», «Аңшы өтірік айтпайды», «Айқас» деген әңгімелер жазды. «Бақыт», «Бақ, Дәулет және Аман», «Әйел-Ана», «Махаббат», «Батпан құйрық», «Серілер мен перілер», «Қосаяқ», «Емші», «Бай, байғұс және би», «Бетпақдала»,»Бір түп жусан», «Ақ ешкінің шағымы», «Ағыбай батыр» деген ертегілерді туындатты. «Абылай хан», «Күннің қызы Күнікей», «Аққыз» атты киносценарийлер, «Солдаттың оралуы» деген либретто жазды. «Ойсылқара», «Қаныш берген қарындаш», «Жұлдыздар із тастап кетеді», «Сонар», «Шоқан Уәлиханов – публицист», «Батырдың анасы», «Күз ырғақтары» деген жиырма шақты очеркті өрнектеді. Ақселеу Сейдімбектің есімі зерделі өнер зерттеушісі әрі өрісті өнер иесі ретінде халқымызға кеңінен танылды. Қазақтың дәстүрлі әншілік өнерін тұғыр ете отырып, «Сарыарқа», «Дәурен-ай», «Толғау» сияқты ұлт рухын көтеретін тамаша әндер шоғырын дүниеге келтірді. Өзі де күй тартқанда кез келген дәулескер күйшіден қалыспайтын жан еді.

Жаза берсе, талай жауһар дүниені өмірге әкелетін еді. Неге осы бір жазушылық кәсіптен күрт бұрылып, зерттеушілікті, ғалымдықты таңдады? «Ұлт алдындағы парызымды өтеудің өзге жолын таңдадым», – деп ағынан жарыла айтқан сырын Ақаңның бұдан кейінгі қазаққа берген толымды туындыларын қолға алған кез келген қазақ терең түсінеді деп ойлаймын.

Жазушы-ғылым докторының көптеген шығармалары ағылшын, венгр, қарақалпақ, қырғыз, неміс, орыс, өзбек, шешен, эстон тілдеріне аударылған.

Ақселеу атамыз белгілі шебер аудармашы. Ақселеу туындатқан Гомердің «Илиада», «Одиссея» (1974, 1988), И. Можейконың «7 и 37 чудес» (1988) деген шығармаларын қазақ оқырмандары ана тілінде оқып, сусындады.

Ақселеу көпқырлы шығармашылық іскерлігін республика өміріндегі қоғамдық – саяси және ұйымдастырушылық әртүрлі жұмыстармен ұштастыра білген: Қазақстан Жазушылар Одағы секретариятының мүшесі, республикалық ономастикалық, терминологиялық комиссияның мүшесі. Тарихи – мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамының президум мүшесі. «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Астана-даусы», «Парасат» сияқты көпшілікке танымал басылымдардың редколлегия мүшесі.

Қазақтың дәстүрлі музыка мәдениеті жөніндегі теледидар арқылы берілетін циклды әңгімелері қазақ теледидарының алтын қорына алынған. Сонымен қоса оның шығармашылық тағы бір қыры – сазгерлігі.

Қазақ даласы қаншалықты кең болса, жазушы, ғалым, этнограф Ақселеу Сейдімбектің оның бар болмысын, рухани қазынасын зерттеудегі еңбегі сол дархандыққа саятын еді. Шындығында, ғалымның бар ғұмыры ұлтының ұрпағын түгендеп, жоғын жоқтауға арналды. Қашанда қаламын қазақпен ұштастырып отыратын Ақселеу Сланұлы өз халқының ұмыт қалып, жадынан жылыстап бара жатқан ұлттық құндылықтарын жинауда көзінің майын тамызды, тірнектеп еңбек етті. Тек жинап қана қойған жоқ, халқына отызға тарта көркем, ғылыми еңбек қалдырып, ғылымды шыңына шығарып, ауызша әдебиетін жүйелеп, ғылыми айналымға түсірді. Міне, осының бәрінің астарында қазақтың қалпы бұзылмай, салты сақталса, болмысы бүтінделсе деген ізгі ниет жатты.

Ақселеу атамыз өзінен кейін баға жетпес мұра қалдырып кетті. Ал оның азамат ретіндегі болмысын айғақтайтын айқын қасиеттерінің ең бастысы — оның жалтақсыз ұлтжандығы. Бұл ұлтжандылық - әйтеуір бір ұлтқа тиесілі болғандықтан қиқуға ілесетін пендешіліктен ада, халқының қадыр-қасиетін терең танып-түсінуден туындаған құрбаншыл ұлтжандылық. Содан да болуы керек, ол өзінің ғылыми-шығармашылық ізденістерінде ұдайы ұлттың рухани дәулетін еселеп, жаңалыққа жаршы болып, әсіресе, халық мұрасының еленбей жатқан қырларын түгендеп отыруға айырықша құштар. Оның шығармашылық және ғылыми еңбегінің бедерлі тұстарын былайша саралауға болады:

1) бұрын жиналмаған да зерттелмеген қара өлең мен күй аңыздарын алғаш рет рухани айналымға түсірді;

2) алғаш рет қазақ эпостарының қара сөзбен насихатталуына мұрындық болды;

3) алғаш рет Гомер туындыларын қазақ оқырманына таныстырды;

4)алғаш рет тарихты жеке тұлғалар арқылы зерделеу идеясына ден қойды;

5) әр қилы пікір-бағаға қарамастан халық мұрасы ретінде алғаш рет қазақтың бейпіл сөздерін жинап, оның ғылыми басылымын жарыққа шығарды.

Ұлтжандылық демекші, қазақ салт-дәстүрін насихаттаушы, келер ұрпақтың ата-бабадан қалған, бірақ сақталмай келе жатқан тәрбиемізді жеткізу, алдына қойған бірден-бір мақсаты еді. Өткен замандарда қазақ қоғамы үшін салт-дәстүр бұлжымас заң рөлін атқарды. Сол салт-дәстүрлеріміздің кейбірі халық арасында бүгінде сақталып келеді, ал, біразы қоғамдық дәуір өзгерістерімен бірге қолданыстан шығып, ескіріп, ұмытылды. Ұлттың мұрасына айналған осы салт-дәстүрлер халық ортасында әркез игі мақсаттар үшін қолданылып отырды. Сондықтан да бүгінгі ұрпақ ата-баба дәстүрін жете түсініп, біліп жүруі, тіптен керек кезінде өмірде пайдаланып жатса нұр үстіне нұр болар еді.

Жоғарыда айтқанымыздай, Ақселеу Сейдімбек сан қырлы тұлға еді. Және ол қай салада болмасын жарқырай көрінді. Ғалым ұзақ жылдар бойы күй өнері туралы кешенді зерттеулер жүргізді. Нәтижесінде қазақтың музыкалық мәдениетіне қатысты мейлінше мол материалдар алғаш рет рухани айналымға түсті. Бір жарым мың жылдың аясында, ғасырлардан сыр шерткен бес мың күйдің тең жартысының аңызы өңделіп, басылым беттерінде жа­рық көрді. «Күй шежіресі» деп аталатын екі кітабы шықты. «Қазақтың күй өнері» туралы толайым монография жариялады. Осы еңбегі үшін Мемлекеттік сыйлыққа ие болды.

Ақселеу Сейдімбек осылай домбыраға кие дарытып, қазақтың күй өнерінің маңдайынан қайтқан бағын жандырды. Ел қамы үшін мәдениеттің алтын ордасын жойдасыз биікке көтерді. Бал тамған саусақтарымен қазақтың төл аспабы – домбыраны жасаған-ды.

Және де айта кететін жайт, Ақселеу Сейдімбек «Елтұтқа» атты ел тарихының әйгілі тұлғалары жайлы киелі кітаптың авторларының бірі. Бұл кітап, әрине, тәуелсіздіктің арқасында ғана мүмкін болған рух азаттығының жемісі. «Елтұтқа» қазақ тарихының алтын қазығы,ұйтқысы болған ұлы тарихи тұлғаларға арналған. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 10 жылдығымен орайластырып, оқырман назарына ұсынылып отырған бұл кітап, түптеп келгенде, Отан тарихына әйгілі тұлғалары арқалы ден қоюды мақсат етеді. Бұл кітап ата-баба рухымен табысуға дәнекер болатын, әр жүрекке ұлтжандылық ұрығын ұялататын, ержеткен ұлдың еншісі ететін, бойжеткен қыздың жасауына қосатын, әркімнің төрінде тұрар бойтұмардай қастерлі мұра болуға тиіс. Өйткені, Отан қадірін білу – Отан тарихын білуден басталады.

Қорыта келе, Ақселеу – ғылым тарихындағы көрнекті тұлға, қазақ санасын сілкіткен рухани шамшырақ. Қазақ халқының тағдырына біткен жарық жұлдызы. Сондықтан да Ақселеу атамыздың еңбектерін зерттеу мен бағалау, зерделеп, насихаттау бүгінгі буын үшін маңызды. Оның қазақ руханиятын, ғылымын дүниеге танытудағы мұрасын зерттеу уақыт талабы. Қазақ атты те­гімізде көбе бұзар ақ сұр жебемен болашаққа атылған еңсе­міз­ді танытар, қаді­рімізді ұқтырар, қасиетімізді мойындатар бойтұмарлы киеміз еді. Ұлттық психология мен патриотизмді тәжірибелеуші, қазақтың алтын күмбезді сарайын тұрғызушылардың бірі. Көшпелілер өркениетін адамзаттың өзіне түсіндіру үшін ойы қанаттылығынан, қаламы ұшқырлығынан таймаған тұлға.

«Ұлт мүддесін жанын шүберекке түйе жүріп қорғау қазақтың талай азаматының өмірін келте етті. Ақаң да сондай қыспақ пен құқайды көп көрді. Соның тікелей зардабы деуге де болады, нағыз кемеліне келген, болған-толған, деген шағында, 67-ге қараған тұсында ұлтын сүйген ұлы жүрек тоқтады.

Ақылман – Ақселеу, ғалым – Ақселеу, этнограф – Ақселеу, күйші – Ақселеу, сері – Ақселеу, қазақтың жоқшысы болған Ақселеу қасиетті Қадір түнінде дүниеден өтті. Бір басына қаншама өнер мен қасиет-қабілетті сыйдыра білген қайран Ақаң қазақтың сайын даласына сыймады…

«Өз ғасырым өзімнің иінімде,

Өле берсін күншілдер күйігінде,

Ақ жаңбырлар тоздырған тау секілді,

Мен өлемін өзімнің биігімде» –

деп арқалы ақын Төлеген Айбергенов жырлағандай, Ақселеу Сейдімбек өзінің ұлы даласында, Сарыарқаның Жаңарқасында, ел-жұрт «Ақселеу биігі» деп атап кеткен қасиетті топырақта мәңгіге тыным тапты.

Ақселеу әлемі – қазақ әлемі. Қазақтануға асығатын ұрпақ Ақселеу әлеміне міндетті түрде қайырылатыны анық.

Материалды дайындаған Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ