Өлсе өлер табиғат, адам өлмес.
Ол бірақ қайтіп келіп ойнап – күлмес.
Мені мен, менікінің айырылғанын,
“Өлді” деп ат қойыпты өңкей білмес.
Көп адам дүниеге бой алдырған,
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.
Өлді деуге сыя ма, айтыңдаршы.
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған, деп жырлаған қазақтың бас ақыны, халықтың мақтанышы Абай Құнанбайұлы күніне арналған «Адамзаттың Абайы» атты дауыстап оқу кеші Саран қаласының орталық кітапханасының коворкинг орталығында өтті. Абай (Ибраһим) Құнанбайұлын қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, аудармашы, саяси қайраткер, композитор деп танып білуіміз заңдылық. Ұлы Абайдың туған күніне орай өткізілген шарада Ұлы ғұламаның өлендерін кітапханамыздың оқырмандары оқыды. Атап айтсақ: Кунгурцева Любовь Николаевна, Кулметтенова Азиза, Марченко Карина, Мұхаммед-Рахым Амина, Аманжол Айару. Ал, Нұрмаханов Ақжол, Зайтхан Алтынбек, Мұсабеков Алданыш Абайдың әндерін қара домбырамен жанды дауыста өте әсерлі орындап қатысушыларды таңдай қақтырды. Сонда- ақ, ұлы ойшылдың құнды шыгармаларын бүгінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында «Абай» көркем фильмінен үзінді көрсетілді. Кітапханашылар «Абай күні» кітап көрмесіне шолу жасады.
Құрметті оқырмандар, Абайдың «Атанның баласы болма, адамның баласы бол» деген өсиетін көкірегімізде нық сақтай отырып, әр күні Ұлы ғұламаның бір өленің немесе қара сөзін жүрекпен сезініп оқиық! Себебі, Абай мұрасы - мәңгілік!
Ж. Құрманалина,
Орталық қалалық кітапхананың оқу залының кітапханашысы