Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

ҮСТІМІЗДЕГІ ЖЫЛДЫҢ 4 ТАМЫЗЫНДА САРАН ҚАЛАСЫ МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ, ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БӨЛІМІ МЕН САРАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҰЙЫМДАСТЫРУЫМЕН «АБАЙ ДАНАЛЫҒЫ» АТТЫ ТАҒЫЛЫМДЫ ШАРА ӨТТІ.

Абай әлемі – қазақтың әлемі. Алаштың алыбына айналған тұғырлы тұлғаның рухани келбеті бүгінде тұтас ұлт болмысын айшықтауда. Осы ретте, Абайды тану – рухани жаңғырудың маңызды тірегі болмақ. Бұған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айрықша мән беріп, 2020 жылы жариялаған «Абай және ХХІ» ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн. Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы. Осыған орай, Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет» деген болатын.

Хакім Абайдың даналығы мен даралығы дәріптелген ғибратты шараға қалалық тіл бөлімінің бас маманы Динара Жупенова және тілдер орталығының директоры Береке Жарылғаповамен қатар, «Мәміле» клубының мүшелері қатысты.

Аталған іс-шараның бір ерекшелігі дәріс форматында ұйымдастырылуында дейді Саран қаласы мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің тіл мәселесі жөніндегі бас маманы Динара Тәрбиеқызы.

«Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында Абайдың шығармаларын таныту, Абайдың өлеңдерін, туындыларын өзге ұлт өкілдері білсін деген ниетпен өткізіп отырмыз. Қатысушылардың бірі Абай өлеңдерін оқып жатса, енді бірі Абай туралы ойларын ортаға салып жатыр. Негізінен Абай өз заманында біздің егемен еліміздің өркендеп, тәуелсіз мемлекет болғанын қалаған екен. Бүгін біз Абайдың арманына жетіп отырмыз», - дейді Динара Жупенова.

Қатысушылар Абай шығармаларының танымдық мәнімен бірге ұлттық әдебиет пен мәдениетті, ана тілін өркендетудегі рөлі зор болғаны туралы мәліметтермен қанықты. Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығы жөнінде көптеген сұрақтар қойды. Сонымен қатар, бұл іс-шарада қатысушылар Абай өлеңдері мен қара сөзінен үзінділер оқып, Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін нақышына келтіріп орындап, қазақ тілін меңгерген деңгейлерін көрсете алды.

Ұйымдастырушылар іс-шара барысында клуб мүшелеріне ақынның өмірі, шығармышылығымен таныстырып, түрлі тапсырмалар орындатты.

Мәселен, қатысушылар «Тұлғалар» деп аталған бірінші бөлімінде ұяшықтарды таңдау арқылы еліміздің белгілі қайраткерлерін анықтап, олар туралы қысқаша ақпарат айтса, екінші бөлімінде ақынның өмірі және шығармашылығымен танысып, заманауи платформаларда түрлі тапсырмалар орындады.

Ал үшінші бөлімде қатысушылар Абайдың табиғат лирикасына арнаған шығармаларын оқыды. Іс шара Абайдың «Көзімнің қарасы» әнімен аяқталды..

Ал игі шараны қорытындылаған Саран қаласының тілдерді дамыту орталығының директоры Береке Өмірзаққызы: «Абай шығармаларын жас ұрпақ бойына ана сүтімен сіңіруге, қадір-қасиетін түсіндіруге әрбір қазақстандық атсалысу керек, ақын мұрасы – халқымыздың сарқылмас асыл қазынасы болып қала бермек. Абайдың қара сөздерін адам баласы туылғанынан өмірінің басты ұстанымы етіп алса артық болмайды» деп, шараға келген қонақтарға алғысын білдірді.

Абай мұрасы – жаңа Қазақстанның одан әрі өсіп-өркендеуіне жол ашатын баға жетпес құндылық. Ұлы ойшылдың өсиетін берік ұстансақ, ел ретінде еңселене түсеріміз анық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі. Абай өзінің туған халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы Қазақ елін биіктерге, асқар асуларға шақыра береді» дегеніндей, Абай мұрасы ешқашан ескірмек емес.

Абайды дәріптеу, оның қайнар бұлағынан нәр алу әлі де жалғасын таба береді. Ұлы ақынды ұлықтауға арналған шаралар Абай жирендірген даңғаза, ысырапшылдықпен емес, береке-бірлікпен, ынтымақпен өтіп жатқаны көпті қуантады. Бұл жылдағы шаралар да соның айқын дәлелі. Президент айтқандай, басты мақсат – той тойлау емес, ой толғау екенін қаперден шығармадық.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ