ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ БАЛАБАҚШАЛАРҒА ОРЫН АЛУ КЕЗІНДЕ КЕЗЕКТЕН ТЫС ЖЕҢІЛДІКТЕР БЕРУ ҚҰҚЫҒЫН БЕРЕТІН ЗАҢНАМАЛЫҚ ӨЗГЕРІСТЕР КҮШІНЕ ЕНДІ.
Бұл туралы Саран қаласының білім бөлімі @bilim_webline парақшасына сілтеме жасай отырып, өзінің әлеуметтік желідегі инстаграм парақшасында хабарлады.
Енді құқық қорғау органдары қызметкерлерінің балалары да, әскери қызметшілердің балалары секілді, балабақшаларда кезектен тыс қабылданады. Жақында заңнамалық өзгерістер күшіне енді.
Айта кетейік, құқық қорғау органдарына: прокуратура органдары, ішкі істер органдары, мемлекеттік өртке қарсы қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, экономикалық тергеу қызметі жатады.
Indigo жүйесінде азаматтардың аталған санаттарына өз мәртебесін жұмыс орнынан алынған анықтамалармен растауға мүмкіндік беретін жаңарту қосылған.
Жеңілдік тек балалардың тұрғылықты жерінде ғана қолданылады.
Баланың тұлға ретінде қалыптасуына балабақшаның тигізер ықпалы зор екені бесенеден белгілі. Әйтсе де, осынау мүмкіндікке көптеген ата-аналардың қолы жетпей жататыны да бар. Оған себеп, балақайды балабақшаға орналастыру кезіндегі біраз адамды әбігерге салып жүрген машақат.
Дегенмен қазіргі уақытта дәстүрлі әдістермен қатар, электронды үкімет порталы арқылы да балабақшаға кезекке тұру мәселені жеңілдеткендей.
Балаңызды балабақшаға орналастырғыңыз келсе, Саран шаһарында кезекке өтінішті үйден шықпай-ақ бере аласыз. Осы орайда Саран қаласының білім бөлімінің мамандары балабақшаға кезекке тұру жөніндегі сұрағымызға жауап берді.
Балабақша кезегіне
қалай тұрамын?
Егер сіз балаңыз үшін ең жақсы балабақшаны іздеп жүрсеңіз INDIGO жүйесі талаптарыңызға сай бөбекжайды, балабақшаны немесе шағын орталықты, таңдауға көмектеседі.
INDIGO-ның көмегімен Сіз үйден шықпай-ақ ұялы телефоннан, компьютерден ЭЦҚ-сыз, құжатсыз үйіңізден өтініш беріп, кезекке тұра аласыз.
Бала балабақшаға қабылдану үшін ата-аналар ең алдымен мыналарды анықтап алу қажет:
баланың балабақшаға баратын жасын;
тәрбиелену тілін.
Баланың жасы мен оқу тіліне қарай балабақшалардың орналасуын және ата-аналар төлемінің құнын түсіну қажет. Себебі кейінгі әрекеттер балабақшаның мемлекеттік қаражат есебінен қаржыландырылуына байланысты.
Егер балабақша толықтай жеке меншік болса немесе коммерциялық топ туралы сөз жүргізілсе, онда балабақшаның меңгерушісіне жолығып, бос орындардың барын және шарт жасасу ережелерін анықтап алу қажет. Тараптардың барлық келіссөздері жеке тәртіппен жүзеге асырылады және мүлдем реттелмейді.
Ал егер мемлекеттік балабақша немесе мемлекеттің тапсырысы бар жеке меншік балабақша (яғни, сөз толықтай немесе ішінара мемлекет есебінен қаржыландырылатын ұйымдар) туралы айтылса, онда бұл ұйымдарға балаларды қабылдау тәртібі қатаң реттелген және белгіленген ережелерге сәйкес жүзеге асырылады.
Сондықтан бала мемлекеттік балабақшаға немесе мемлекеттік білім беру тапсырысы бар жеке меншік балабақшаға қабылдану үшін:
кезекке қою туралы өтініш беру;
кезекті және бос орындардың шығуын күту;
балабақшаға қабылдауға жолдама алу;
алған жолдамаға сәйкес балабақшаға барып, шарт жасасу қажет.
Кезекке қою туралы барлық сұрақтар, кезектердің қалыптасу және балабақшаларға жолдама алу ережелері қатаң түрде реттелген және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер болғандықтан тиісті заңнамалық актілерде қарастырылған.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер – бұл жекелеген мемлекеттік функцияларды іске асыру нысандарының бірі және мынадай негізгі қағидаттарға негізделе отырып көрсетіледі: көрсетілетін қызметті алушылардың тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша қандай да бір кемсітушіліксіз теңдей қол жеткізуі.
Сондай-ақ мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде төрешілдік пен сөзбұйдалық көріністеріне жол берілмеу керек. Сондықтан көрсетілген рәсімдердің көпшілігі ақпараттық жүйелердің көмегімен автоматтандырылған түрде жүзеге асырылады. Автоматтандыру сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту үшін өтініш беруші мен көрсетілетін қызметті берушінің арасында жеке байланысты болдырмау үшін барлық жерде қолданылады.
Кезекке қою және балабақшаға қабылдау тәртібі оңай рәсімдер болғанымен өз құқықтар мен жеңілдіктерді жақсы түсіну үшін олармен мұқият танысу қажет.
Осы тұста ең маңызды ұсынысқа назар аудару қажет: баланы кезекке барынша ертерек қою керек. Негізі, бала туғаннан кейін оның өмірінің алғашқы күндері.
Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес мемлекет балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз етуге міндетті емес Мемлекет міндетті түрде мектептегі орта білімді ғана қамтамасыз етуі тиіс.
Бұл ретте мемлекет азаматтардың мектепке дейінгі білімдегі қажеттіліктерін барынша қамту мақсатымен жеке меншік балабақшалар үшін мемлекеттік білім беру тапсырысын белсенді дамытып жатыр. Алайда оған деген сұраныс ұсыныстан артық.
Сол себепті балабақшалардағы бос орындарға қол жеткізу үшін керекке тұру қажет. Ал кезектегі балалар өтініштің берілген күніне қарай орналастырылады. Яғни, өтініш неғұрлым ертерек берілсе, балабақшаға жолдама алуға мүмкіндік соғұрлым көп болады.
Балабақшада бос орындар болса, олар жеңілдігі бар санаттағы азаматтарға алдымен беріледі.
Indigo арқылы кезекке қою туралы өтінішті қалай беруге болады?
Indigo жүйесі арқылы кезекке қою туралы өтінішті беру үшін жүйенің web-порталына өту керек. Порталдың мекенжайын әр қаланың білім басқармасынан немесе бөлімінен сұрауға болады.
Электрондық өтінішті толтыру кезінде Indigo:
өтініш берушінің байланыс деректерін көрсетуді талап етеді;
өтініш беруші мен баланы сәйкестендіруді жүргізеді;
жеңілдіктердің бар-жоғын тексереді;
электрондық хабарламалардың теңшеулерін көрсетуді ұсынады.
Өтініш беру үшін Indigo электрондық-цифрлық қолтаңбаны пайдалануды талап етпейді, оның орнына өтініш берушінің мобильді телефон нөмірлеріне sms арқылы жіберілетін бір реттік құпиясөздер қолданылады. Indigo-да өтінішті стационарлық компьютерден және мобильді телефоннан беруге болады.
Өтініш берушінің байланыс деректері. Өтініш беру үшін кем дегенде жұмыс істейтін екі мобильді телефон нөмірін және электрондық поштаның мекенжайын (бар болса) көрсету қажет. Бұл телефон нөмірлері келешекте өтініш берушіге өтінішті өңдеумен, балабақшаға қабылданумен және баланың балабақшаға баруымен байланысты оқиғалар туралы хабарлау үшін қолданылады.
Өтініш беруші мен баланы сәйкестендіру. Дербес деректерді сәйкестендіру үшін өтініш беруші өзінің ЖСН және өтініш берілетін баланың ЖСН көрсетуге тиіс. Көрсетілген ЖСН бойынша Indigo жүйесі электрондық дерекқорлардан өтініш беруші мен баланың төлқұжат мәліметтерін және туу туралы куәлік туралы мәліметтерді автоматтық түрде алады. Сол себепті құжаттардың қағаз нұсқаларының көшірмелерін қосудың қажеті жоқ.
Жеңілдік кімдерге беріледі?
Әскерилердің балалары және жаңадан енгізіген заңнамалық өзгерістерге сәйкес құқық қорғау органдары қызметкерлерінің балалары да балабақшаларда кезектен тыс қабылданады.
Бұдан бөлек, мүгедектігі бар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған, ерекше білім алуды қажет ететін және көпбалалы отбасыдан шыққан балаларға жолдама кезектен тыс беріледі.
Кейбір санаттар үшін растайтын құжаттың скан-көшірмесін қосу қажет. Қалған жағдайларда Indigo баланың сол не басқа санатқа тиесілігін автоматтық түрде анықтайды. Яғни, ешқандай құжаттарды қосу қажет емес, барлық қажетті ақпарат көрсетілген ЖСН-ға сәйкес электрондық дерекқорлардан алынады
Электрондық хабарламалардың теңшеулері . Өтініш берушімен әрі қарай байланыста болу үшін жүйе өзіңізге ыңғайлы коммуникация тәсілін (sms/email) және электрондық хабарламалардың тілін көрсетуді сұрайды.
Соңында Indigo өтініш берушіге барлық жиналған мәліметтерді көрсетеді, оларды растауды сұрайды және электрондық хабарламаны көрсетілетін қызметті берушіге жібереді. Көрсетілетін қызметті берушінің жағында бұл өтінішті Indigo автоматтық түрде 1-5 минут ішінде тіркейді. Кезектің реттік нөмірімен өтініштің табысты тіркелгені туралы хабарлама өтініш берушіге бірден тіркелгеннен кейін жіберіледі (sms/email).
Келешекте өтініштің жеңілдіктер туралы ақпарат және байланыс деректері секілді мәліметтерін Indigo жеке кабинетінде өз бетімен немесе білім бөлімінде жаңартуға немесе өзгертуге болады.
Балабақшаға жолдаманы
қалай алуға болады?
Ол үшін мыналар қажет:
Жеке кабинетке кіресіз
Баланың ЖСН/аты-жөнін және жолдаманы алуға негіз болатын өтініштің нөмірін көрсету керек.
«Бос орындарды іздеу» түймешігін басасыз.
Жүйе балаңыздың жасына сай келетін топтары бар барлық мектепке дейінгі ұйымдарды көрсетеді.
Бос орындардың тізімімен танысу, қабылдану үшін мектепке дейінгі ұйымды және топты таңдайсыз.
Содан кейін «Жолдама алу» түймешігін басасыз.
Балабақшаға кезекті
қалай тексеруге болады?
Ол үшін indigo24.kz парақшасының жоғарғы жағында қызметтердің тізбесінде «Кезекті тексеру» опциясын таңдау қажет.
Жаңа терезеде жол шығып, оған баланың ЖСН енгізу керек. Әрі қарай «Кезектегі нөмірді тексеру» түймешігін басу қажет.
Баланың ЖСН енгізген кезде берілген өтініш туралы мәліметтерді қарауға болады: кезектегі нөмір, баланың деректері, өтініштің мәртебесі, өтініштің нөмірі мен берілген күні.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ