ТӨРТ САНАТ БОЙЫНША ТҰРҒЫН ҮЙ КЕЗЕГІНДЕ ТҰРҒАН ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР МЕМЛЕКЕТ ҚОЛДАУЫНА ҮМІТКЕР БОЛА АЛАДЫ.
Ол туралы Саран қаласының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі Отбасы Банкінің инстаграм әлеуметтік желісіндегі парақшасына сілтеме жасай отырып хабарлады.
Жалдамалы тұрғын үй төлемдерін субсидиялау бағдарламасына қатысушы болу үшін қойылатын жалпы талаптарға сәйкес болуыңыз үшін сіз ең алдымен Қазақстан Республикасының азаматты болуыңыз керек. Екіншіден - отбасыңыздың соңғы 6 айдағы жиынтық табысы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1 еселенген мөлшерінен аспауы тиіс. Үшіншіден - тұрғын үйге мұқтаж жан ретінде есепке тұрғаныңызды растау қажет және санаттары бойынша «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, тұрғын үйге мұқтаж мәртебеңізді растау керек.
Отбасы Банкінің берген ақпаратына сүйенсек, төрт санат бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған қазақстандықтар мемлекет қолдауына үміткер бола алады. Олар - 1 және 2 топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар, көп балалы отбасылар.
«Жалдау ақысын субсидиялауға үміткерлер қатарындағы отбасылардың соңғы 6 айдағы орташа жиынтық табысы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда 1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен (1 КМ = 36 018 теңге 01.01.2022 ж. жағдай бойынша) аспауы тиіс.
Яғни, отбасы құрамында 3 адам, ата-аналар және 3 бала (36 018 х 3 = 108 054) болса, отбасының табысы 108 054 теңгеден аспауы тиіс.
Ал отбасы құрамы 5 адам болған жағдайда, мәселен, ата-анасы және 5 баласы (36 018 х 5 = 180 090) болса, онда отбасының табысы 180 090 теңгеден аспауы тиіс.
Егер отбасы құрамы 7 адам болған жағдайда, яғни ата-анасы және 7 баласы (36 018 х 7 = 252 126) болса, онда отбасының табысы 252 126 теңгеден аспауы тиіс.
Субсидиялауға арналған өтінімдер ЭЦҚ көмегімен қабылданатындықтан, азаматтар электронды-цифрлы қолтаңбаны алдын ала алып қойғаны дұрыс немесе қолданыстағы ЭЦҚ-ның өзектілігін тексеруі қажет.
Тағы бір талап – субсидия алуға үміткер депозиті бар, Отбасы банк клиенті болуы тиіс. Жинақ шоты жоқ азаматтар бейнебанкинг қызметі немесе «Otbasy bank» мобильді қосымшасы арқылы оны аша алады», - делінген Отбасы Банкі жариялан мәлімдемеде.
Депозит болашақ тұрғын үйге қаржы жинақтау үшін ашылады. Депозит болашақта баспана алу үшін ашылады. Оны кезекте тұрған адам жалдау төлемдері тоқтатылғаннан кейін сатып ала алады. Ал әзірше шама-шарқына қарай жинақтай беруіне болады. Бірақ ертерек ашылған депозит болашақта клиент үшін тұрғын үйге қолжетімділік сатысының келесі сатысына өту кезінде артықшылық әкелетінін де қаперге алған дұрыс.
Ізінше субсидия алуға үміткер otbasybank.kz порталында тіркеліп, жеке кабинетінде өтініш жаза алады. Ол үшін, ең алдымен, төлемдерді алу туралы өтінішке қол қояды және жеке деректерді жинауға және өңдеуге келісім береді. Құжаттарға қол қойылғаннан кейін жүйе деректерді өңдеп, отбасының құрамын анықтайды. Содан кейін кәмелеттік жасқа толған әрбір отбасы мүшесі otbasybank.kz сайтында «қонақ» ретінде тіркеліп, ЭЦҚ арқылы жеке деректерді жинау және өңдеу келісіміне қол қоюы керек. Осыдан кейін жүйе деректерді қайтадан тексеріп, өтініш берушіге субсидия алуға келісім береді немесе себебін түсіндіріп, өтінішін кері қайтарады.
Егер өтініш мақұлданса, хабарламада жалға алу аймағы, пәтер ауданы, жалдау ақысының максималды мөлшері мен қатысушыға тиесілі ең жоғары субсидия көлемі көрсетіледі.
Осыдан кейін «Пәтер иесі туралы деректер» бөлімінде өтініш беруші жалға берушінің ЖСН немесе БСН көрсетуі керек және осы сәттен бастап процесс жалға алынатын тұрғын үйдің иесі қосылатын екінші кезеңге өтеді.
Баспананы жалға беруші де otbasybank.kz сайтында ЭЦҚ арқылы тіркеліп, «Жалға алу ақысын субсидиялау» бөлімінде деректерін растайды. Сондай-ақ жеке деректерді жинау және өңдеу туралы өтінішке қол қойып, жалға берілетін пәтердің кадастрлық нөмірін және қаражат аударылатын 20 сандық шотты көрсетуі керек. Осыдан кейін жүйе жалдау шартын және төлем кестесін жасап шығады, оған тараптар ЭЦҚ арқылы қол қояды.
Субсидия алуға өтініш беруші жалдау шартын тіркегені үшін 4 810 теңге көлемінде мемлекеттік баж төлейді. Содан кейін оның жеке кабинетінде төлем кестесі бар жалдау шарты пайда болады.
Жалдамалы баспананы қазақстандықтар өздері іздейді.
Отбасы банк жалдамалы тұрғын үй субсидиясын жалға алу келісімшартының мерзімі аяқталғанша, ай сайын аударып отырады. Құжаттың күшін мерзімінен бұрын жоюға, сондай-ақ жаңа үй иесімен келісімшарт құруға рұқсат етілген. Бұл жағдайда otbasybank.kz порталында өтініш беру процесі қайтадан жасалады.
Отбасы Банк жыл сайын субсидия алушылардың шарттарға сай келуіне мониторинг жүргізіп, төлем тәртібін ай сайын қадағалап отырады. Ал жергiлiктi әкiмдiктер жалдамалы үйлер мен онда тұрып жатқан азаматтарды кемiнде тоқсанына бiр рет тексеретiн болады.
Баспананы жақын туыстардан және жұбайлардан, оның ішінде бұрынғы жұбайларынан және ерлі-зайыптылардың туыстарынан жалға алуға, сондай-ақ қайта жалға өткізуге тыйым салады.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ