БАЛАНЫҢ БӘРІНЕ ҚАМҚОРЛЫҚ ПЕН МЕЙІРІМ ҚАЖЕТ. БІРАҚ КЕЙ БАЛАЛАРҒА ҚАМҚОРЛЫҚ ҰЗАҚ ЖЫЛДАР ҚАЖЕТ БОЛАДЫ. ЕРЕКШЕ БАЛА КЕЗ КЕЛГЕН ҮЙДЕ ДҮНИЕГЕ КЕЛУІ МҮМКІН. ОЛ ОТБАСЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҒДАЙЫ МЕН ӘЛ-АУҚАТЫНА ҚАРАМАЙДЫ. СОНДЫҚТАН ҚИЫН ЖАҒДАЙҒА ТАП БОЛҒАН ОТБАСЫЛАРДЫ НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛДЫРМАЙ, ОНДАЙ БАЛАЛАРДЫ ОҢАЛТУ МЕН ӘЛЕУМЕТТЕНДІРУДЕ ҚОЛДАУ КӨРСЕТУ ӨТЕ МАҢЫЗДЫ.
Бұл жұмыс әрі қиын әрі жүрдім-бардым атқарылатын жай ғана жұмыс емес, өйткені әлеуметтік қорғау көптеген азаматтарға өте қажет. Біздің шаһарда осы салада тынымсыз қызмет етіп келе жатқан мекеме бар. Саран қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қарттарға, мүгедектерге және мүгедек балаларға үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесі.
Бұл кәсіби бөлімше зейнеткерлерге, мүмкіндіктері шектеулі адамдарға, аз қамтылған отбасыларға, ата-анасының қамқорынсыз қалған балаларға көмектесетін, адамдардың қиын жағдайлардағы мәселелерінің бірінші толқынын өздеріне қабылдайтын, оларды өздерінің мүмкіндіктері келгенше шешуге көмектесетін қадірлі жандар жұмыс жасайтын сектор. Бұл салада қызмет ететін тұлғалар аса маңызды қайырымды миссиялардың бірін орындайды - мемлекеттік қамқорлыққа мұқтаж жандарға күн сайын көмек көрсетеді. Жасырын емес, аталмыш кәсіптің өкілдері қарттарды және мүгедектерді қоршаған ортамен байланыстырады. Бүгінгі күні халықты әлеуметтік қорғау - әлеуметтік саладағы қарқынды дамып келе жатқан сектор болып табылады.
Балалар жылы аясында және Конституция күнін мерекелеу қарсаңында Саран қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты Қарттарға, мүгедектерге және мүгедек балаларға үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесі «Қазақ ұлттық мәдениетінің бастауларына тарту» жобасын әзірлеген екен.
Аталмыш жобаның басты мақсаты - дидактикалық үстел ойындар арқылы қазақ мәдениетін насихаттау болып табылады дейді бөлімше әлеуметтік қызметкерлері.
Қарттарға, мүгедектерге және мүгедек балаларға үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесі мамандарының айтуына қарағанда оқу және дамыту үшін қолдануға болатын пайдалы ойын материалдарын әзірлеу және жасау бойынша жұмыстарды аталмыш бөлімнің әлеуметтік қызметкерлері қызмет көрсетушілермен бірге жасап шыққан екен.
Баршаға таныс ойындардың мазмұны мен безендірілуі Қазақстанның бай мәдениеті және тарихымен байланысты ұлттық ою-өрнектермен, әдет-ғұрыптармен, киіммен, тұмса табиғатпен шабыттана отырып қайта өңделіп, жасалып шықты дейді олар.
Аталмыш жобаның шымылдығы осы аптада өткізілген «Алдар Көсе» қызықты үстел ойынымен түрілген екен.
«Бұл ойын - үстел ойындарының ең көне түрлерінің бірі. Ойынның мақсаты - дайындалған маршрут бойынша текшені (бірнеше текшені) өткізу. Біз ойынды қазақтың әйгілі ертегі кейіпкерлерінің бірі-Алдар Көсе туралы талқылаудан бастадық.
Талқылай келе бірнеше адамға қызықты ойын құруда ертегі элементтерін қолдануды дұрыс деп шештік. Біз ойыншылар жылжытып отыратын картадан бөлек, жылжытып отыратын арнайы текшелер жасап, арнайы ойын нүктелеріне арналған тапсырмалар ойлап тауып, осының бәріне қажетті материалды таңдауымыз керек еді. Себебі біз қарапайым, бірақ өте қызықты техниканы - журнал қиындыларынан құрастырылған коллажды қолдануды жоспарлаған болатынбыз.
Бірге жұмыс жасау көңілді және қызықты болды, әркімнің өз міндеті болды, ал егер біреу қиыншылыққа тап болса, онда достары көмекке асықты. Нәтижесінде барлығы да ойыннан ләззәт алып, ризашылықтарын жеткізе алмай жатты..
Біздің ойын бірнеше адамның қатысуын талап етеді және ешкімді жалықтырмайды! Өйткені, оны бірнеше рет ойнауға болады және әр жолы сіздің ойын тәжірибеңіз алдыңғыдан өзгеше болады!» - деп бөлісті әлеуметтік қызметкер Наталья Барасий.
Саран қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты Қарттарға, мүгедектерге және мүгедек балаларға үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінің әлеуметтік қызметкерінің мәлімдеуінше жоба бойынша қызықты дидактикалық үстел ойындарын өткізу алдағы уақыттарда да жалғасын таппақ.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ