Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

ЖАМАҒАТТЫ АТА-БАБАСЫНЫҢ ДӘСТҮРІНЕН АЙЫРҒЫСЫ КЕЛЕТІН ТЕРІС ПИҒЫЛДЫ АҒЫМДАР ҚОҒАМНЫҢ БАР САЛАСЫНА ЫҚПАЛЫН ЖҮРГІЗГІСІ КЕЛЕДІ. СТУДЕНТТІ ӨЗІНІҢ ДЕГЕНІМЕН ЖҮРГІЗІП, СПОРТШЫЛАРДЫ ҚОЛБАЛА ЕТКІСІ КЕЛТІНДЕР КӨБЕЙДІ. БҰЛ АҒЫМ КҮШЕЙЕ КЕЛЕ БИЛІКТІ ЫҒЫСТЫРҒЫСЫ КЕЛЕТІНІ АНЫҚ. СОЛ СЕБЕПТІ ДЕ ТЕРРОРИЗМ МЕН ДІНИ ЭКСТРЕМИЗМ БІЗДІҢ ӨМІР СҮРІП ИЖАТҚАН УАҚЫТТА ҚАУІПТІ ҚҰБЫЛЫСҚА АЙНАЛҒАНЫ БЕЛГІЛІ.

Осындай жағдайлардың алдын алу үшін үстіміздегі жылдың 12 тамызында Саран қаласының аумағында орналасқан әскери бөлімнің жеке құрамымен әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін теріс діни ағымдардың ықпалынан қорғауға бағытталған кездесу өтті.

Бүгінгі қоғамда дәстүрлі және діни жат ағымдардың ара-жігін ажырата білудің маңызы аса жоғары. Діни сауаты болмаған адам адасуы әбден мүмкін. Сондықтан теологтар мен дінтанушылар, иамамдар дәстүрлі дін мен жат ағымдардың ара жігін ажырата білудің қажеттілігі жайында шаһар тұрғындары арасында танымдық дәрістер мен кездесулерді өткізіп отырады.

Кездесуге Қарағанды облысы ДІБ қоғамдық процестерді зерттеу және талдау орталығының атқарушы директоры, облыстық ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі, Саран қаласының жастар рсеурстық орталығының дін мәселелері жөніндегі инспекторы  Тілекбаев Серік Қуатұлы арнайы келді. Ол, әскерилерге, адамның адасып басқа жолға түсіп, кез-келгеннің артынан еріп кетпеуі керек екендігін түсіндірді.

«Діни сауаттылық, мәдениетке баулу бала кезден басталуы керек. Қазіргі таңда елімізде жастардың дінге бет бұруы қарқынды жүруде. Алайда мемлекетіміз зайырлы екендігін есте сақтауымыз керек. Қоғамда діни секталар мен әр түрлі ағымдардың да белең алып тұрғаны белгілі. Осы орайда адамдар алдау мен арбауға түсіп қалмасы үшін, діни сауаттарын арттыру бағытында осындай шаралар өткізіліп тұруы тиіс», - деп бастады өз сөзін Серік Қуатұлы Қарағанды облысының барлық қалалары мен аудандарынан қайта даярлаудағы 200 әскери қызметші қатысқан жиында.

«Сонымен қатар, әскери қызметшілер арасында діни ағартушылық жұмыстар жүргізу, экстремистік бағыттарға тосқауыл қоюдың тиімді жолы. Мұның алдын алу үшін тиісті үгіт-насихат жұмыстарын жүргізудің маңызы зор», - деп атап өтті ол сөзінде.

Бұдан бөлек, жиын барысында Серік Қуатұлы Қазақстанда тыйым салынған террористік, экстремистік және ұйымдардың тізімін жеке құрамға жеткізіп, олардан қалай қорғанудың жолдарын түсіндірді.

«1992 жылы дін туралы заң қабылданған кезде, біздің елге бірден тәжірибелі миссионерлер келді, олар біз бұрын-соңды естімеген түрлі ағымдар мен секталарды насихаттай бастады. Мемлекет берген ерік-жігерді өз пайдасы үшін пайдаланып, халық арасында алауыздық тудыра бастады. Бүгінгі күні қазақ қоғамын қатты мазалайтын мәселелердің бірі миды уландыратын, адамзатты бүлдіретін діни бірлестіктердің қарқынды дамуы болып табылады. Сол себепті де Қазақстанда діни экстремизмге қарсы іс-қимыл және оның алдын алу мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде жарияланғанын білесіздер. Ол үшін заңнамалық база жетілдірілуде, көптеген мемлекеттік бағдарламалар қабылдануда, осы мәселелерді шешуге уәкілетті барлық мемлекеттік және қоғамдық органдар құрылуда», - деді Серік қуатұлы кездесу барысында.

Экстремизм мен терроризмнің таралуының өсіп келе жатқан сын - қатерлері халықаралық қоғамдастықтың алаңдаушылығын тудырады. Экстремизм кең таралған әлеуметтік - саяси құбылыс ретінде қоғам өмірінің әр саласына өзінің кері әсерін тигізуімен ерекшеленеді. Экстремизмге қарсы күрестің бірден - бір жолы олар туралы өз уақытында шынайы мәлімет беру. Осы тұста күнделікті ақпарат құралдарының атқаратын рөлі өте жоғары екендігін атап өткеніміз жөн. Бүгінгі таңда экстремистік топтар тарапынан жаңа жақтастарды қатарына тарту үшін әлеуметтік желілер, тақырыптық форумдар, мессенджерлер, онлайн ойындар және т.б. барлық қол жетімді мүмкіндіктер қолданылуда.

Діни экстремизмнің алдын алу мәселесі ең алдымен әр отбасының, қоғамның және мемлекеттің жауапкершілігі шеңберінде қарастырылады. Ал ақпараттық түсіндіру топтарының мемлекеттік органдармен бұл бағытта бірлесе жұмыс атқаруы маңызды жетістіктерге жетуге мүмкіндік береді деп білеміз.

Қазақстанда діни экстремизмге қарсы іс-қимыл және оның алдын алу мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде жарияланғанын білесіздер. Ол үшін заңнамалық база жетілдірілуде, көптеген мемлекеттік бағдарламалар қабылдануда, осы мәселелерді шешуге уәкілетті барлық мемлекеттік және қоғамдық органдар құрылуда.

Облыстық ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі Серік Қуатұлының мәлімдеуінше Қазақстан Республикасының «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» 18.02.05 ж. заңында экстремизмге «Діни экстремизм - діни өшпенділікті немесе алауыздықты, оның ішінде зорлық-зомбылықпен немесе зорлық-зомбылыққа шақырумен байланысты өшпенділікті немесе алауыздықты қоздыру, сондай-ақ азаматтардың қауіпсіздігіне, өміріне, денсаулығына, имандылығына немесе құқықтары мен бостандықтарына қатер төндіретін кез келген діни практиканы қолдану» деген анықтама берілген екен.

Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл мақсатында «Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 және 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бекітілген екен.

«Осы бағдарламаларды іске асыру шеңберінде мемлекеттік органдар діни экстремизмнің зорлық-зомбылық көріністерінен және терроризм қаупінен адамның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар шаралар қабылдауда. Өз кезегінде жергілікті атқарушы органдар, әкімдіктер халық арасында профилактикалық іс-шараларды жүзеге асырады, радикалды діни идеологияға адамдардың иммунитетін және деструктивті көріністерге мүлдем төзбеушілікті қалыптастырады», - дейді облыстық ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі.

Атап айтқанда, Серік Қуатұлының мәлімдеуінше дін саласындағы жоғары білікті сарапшылардың қатысуымен түсіндіру, консультациялық және оңалту сипатындағы түрлі форматтағы іс-шаралар кешені өткізілуде. Сонымен қатар кәсіби теологтар, психологтар адамдармен сөйлесіп, радикалды адамдардың туыстарына кеңестер беріліп, жан-жақты көмек көрсетіледтіне көрінеді.

«Жоғарыда айтып өткенімдей, 2013 жылдан бастап елімізде діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік бағдарлама іске асырылуда, оның шеңберінде ағартушылық және түсіндіру жұмыстарына, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу шараларына, қоғамдағы толеранттылық пен конфессияаралық келісімді сақтауға ерекше көңіл бөлінеді.

Ондағы мақсат - дінді және діндарлардың сезімдерін пайдаланатын экстремистік және террористік ұйымдар идеологиясының таралуының алдын алу, облыс халқының қазақстандық патриотизмді, қазақстандық этно-конфессиялық келісім жүйесін, құқықтар мен бостандықтарды қорғауға бағытталған жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясатты одан әрі нығайту қажеттігіне оң көзқарасын қалыптастыру», - деп атап өтті жиын барысында Серік Тілекбаев.

Сондай-ақ, Серік Қуатұлы әскери қызметшілерді өз елінің патриоты болуға, өздеріне жүктелген міндетті адал орындауға және әскери ортаға экстремизм идеяларының енуін болдырмау үшін қырағылық танытуға шақырды және дінге, діни қызмет туралы заңға байланысты әскерилерді қызықтыратын барлық сұрақтарға жауап берді.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ