Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

АБАЙ АТЫНДАҒЫ ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН МЕКТЕПТІҢ ОҚЫТУШЫЛАРЫ ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІНІҢ БАЛАЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ КОМИТЕТІНІҢ «МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА БАЛАЛАРДЫҢ МЕКТЕПКЕ КЕЛМЕУІНІҢ АЛДЫН АЛУ МАҚСАТЫНДА ШАҺАРДАҒЫ БІРҚАТАР ДҮКЕНДЕРДЕ РЕЙДТІК ШАРАЛАР ӨТКІЗДІ. АТАЛМЫШ ШАРАҒА МЕКТЕП ҰЖЫМЫМЕН БІРГЕ БІЗ ДЕ ӨЗ ҮЛЕСІМІЗДІ ҚОСЫП ҚАЙТҚАН БОЛАТЫНБЫЗ.

Дәстүрлі «Мектепке жол» республикалық акциясы ел көлемінде өтетін басқа да қайырымдылық акциялары сияқты сайын өтіп тұрады. «Қазақстан Республикасындағы білім туралы» Заңына әр оқу жылы басталарда барлық бала білім алуы тиіс деген қағидат бойынша ата-анасының қарауынсыз қалған балаларды есепке алып, олардың мектепке баруына ықпал етуді мектеп ұжымы да өз міндеттеріне алған.

Осы мақсатта білім мекемелері мен құқық қорғау органдарының өкілдері шаһар бойынша рейдтер жүргізіп, жасөспірімдердің заңсыз еңбекке тартылмауын, уақытылы білім алуын қадағалайды. Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің ұстаздары мен қалалық Аналар кеңесі осындай шараларды жыл бойы өткізіп тұрады екен. Көбіне, көмекке мұқтаж, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған жетім балаларға қол ұшын беруге атсалысатын олар балаларды оқу құрлдарымен, киім-кешекпен де қамтамасыз етуге қалталы азаматтарды үгіттеп жүрген жайы бар.

Рейдтік шара барысында Абай атындағы мектептің оқытушылары шаһардағы дүкендер мен кафе, ресторандарды аралап, олардың иелеріне жасөспірімдердің заңсыз еңбекке тартылмауын ескертті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұндай рейдттік жұмыстар жыл бойы ұйымдастырылады. Ондағы мақсат оқу жылының басына дайындық уақыты кезінде ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға қолдау көрсету және әлеуметтік себептер бойынша мектепке балалардың келмеуінің алдын алу.

Шараны ұйымдастырушылар арнайы дайындалғаны көрініп тұр. Қолдарында заңды бұзғандарға қандай жауапкершілік қаралатыны жөнінде ақпарат жазылған брошюралар бар. Ережені бұзғандарға арнайы таратып берді. Айта өтейік, іс-шараға қатысқан Аналар кеңесінің өкілдері ұйымдастырушылардың діттегені дұрыс дейді.

Құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында қалалық білім бөлімі құқықтық апталықты өткізуді қолға алған. Апталық барысында түрлі роликтер көрсетіліп, заң тұрғысында толық мәлімет беріледі. Бала еңбегін заңсыз пайдаланғандарға қандай жауапкершілік қаралғаны да осында түсіндіріледі. Ал бұл жолы бірқатар дүкендер мен кафе, ресторандарды аралап шыққан ұстаздар заңсыз еңбекке тартылған жасөспірімдерді кездестірмеді.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Суретті түсірген Камила ОСПАНОВА