Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Саран қаласының полиция бөлімі, әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін жазадан бұлтартпау принціпін қамтамасыз ету, сонымен қатар жол тәртібін қамтамасыз ету мақсатында, Қарағанды облысының аумағында 2022 жылдың 22 тамызынан бастап 25 тамыз аралығында «БОРЫШКЕР» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатқанын хабарлады.

Саран қаласы полиция бөлімінің мәлімдеуінше, олар «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасын «Нөлдік төзімділік» қағидатын қалыптастырып, әкімшілік айыппұлдарды өндіріп алудың тиімділігін арттыру үшін өткізуде. Жедел алдын-алу шарасының басты мақсаты – әкімшілік жазаға тартылып, мемлекетке қарызын төлеуден жалтарып жүрген тұлғалардан айыппұлды өндіру.

Жүргізушілерді әкімшілік айыппұлдарын уақытылы төлеуге шақырған тәртіп сақшылары олай болмаған жағдайда көлігіңіз, қандай да бір кіріс көзінен немесе дүние мүлкін тәркілеуге мәжбүр болатынын да ескертті.

Аталған жұмыстың аясында полицейлер айыппұлдарды төлеуден жалтарып жүргендерді анықтау бойынша жедел-профилактикалық іс-шараларды жүйелі түрде өткізеді. Инспекторлар мобильді бағдарламалық-аппараттық кешенінің көмегімен автокөлік ағынына мониторинг жүргізеді. Борышкердің көлігі камераның көру аймағына түскен кезде, компьютер көлік иесінде төленбеген берешегінің бар-жоғын анықтайды. Инспекторлар машинаны тоқтатып, көлік иесін деректер базасы бойынша тексереді.

Айыппұлды төлеу уақытын созып жүрген жүргізушілерге полицейлер заманауи төлем жасаудың тәртібі мен «жағымды жақтарын» рет-ретімен түсіндіреді. Төлеуден жалтарып жүргендер үшін «жағымсыз жағы» - борышкердің елден шығуына тыйым салынған.

«Іс - шараны өткізу кезеңінде әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін айыппұл төлеуден жалтарған борышкерлерді іздеу мақсатында, пәтерлерді аралау  арқылы,  Саран қаласының  ПБ  ЖПҚБ  қызметкерлері мен жеке сот орындаушыларының құрамында топтар құрылады. Барлық сұрақтар бойынша, Саран қаласының ПБ әкімшілік полиция бөлімшесіне жүгінулеріңізді сұраймыз» делінген Саран қаласы полиция бөлімінің инстаграм әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

«Жоспарланған кезеңдік іс-шара, шектеулері бар адамдар мен көлік құралдарын анықтауға, сондай-ақ, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша міндеттемелерді ерікті түрде, заңмен белгіленген мерзімде орындамаған адамдарды анықтауға бағытталған. Қозғалып келе жатқан көлік ағынының арасында жүйе құқық бұзушының көлігін анықтайтын болса, инспектор көлікті тоқтатады және тоқтау себебін түсіндіреді. Содан кейін құқық бұзушының көлігі мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылады. Тұру орнында Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне сәйкес тәркілеу хаттамасы жасалады. Мұндай әкімшілік шаралар құқық бұзушылардың заңды міндеттемелерді уақытында орындауына тиімді әсер етеді деп есептеймін», – дейді бізбен тілдескен Саран қаласының ПБ әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы Муса Висмурадов.

Шара барысында полиция қызметкерлері борышкерлердің мекен-жайларын аралап, салынған әкімшілік айыппұлдарды дер кезінде өтеу қажеттігі жөнінде тұрғындарға түсініктеме жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар, айыппұлдарды өндіру жөнінде хабарламалар таратылуда.

Әкімшілік айыппұл салынғандардың басым бөлігі жол қозғалысы ережесін бұзғандар. Мәселен, жылдамдықты асыру, қауіпсіздік белбеуін тақпау, рөлде ұялы телефонмен сөйлесу, жол белгілерінен өтіп кету секілді. Ал жол ережесін сақтасаң, айыппұл төлемейсің!

Иә, Қазір «Сергек» камерасын бәрі біледі, «Сергек» жүйесі жүргізушілердің қатал бақылаушысына айналды, ереже бұзсаң, айыппұл келеді, «нөлдік төзімділік» пен «жазадан жалтармау» қағидасы тағы бар.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ