ФЕЙСБУК, ВКОНТАКТЕ, ИСТАГРАМ, ОДНОКЛАСНИКИ – БҮГІНДЕ ОСЫНДАЙ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРГЕ БАЙЛАНЫП, БАР УАҚЫТЫ МЕН КҮШ-ҚУАТЫН, АҚШАСЫН ЖҰМСАП ЖАТАТЫН АДАМДАР КӨП ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ БҰЛ ӘРЕКЕТІНЕ ЕШКІМ ОНША ТАҢЫРҚАЙ ҚОЙМАЙДЫ. ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДІҢ ЖЕКЕ АДАМҒА, ЖАЛПЫ ҚОҒАМҒА, МЕМЛЕКЕТТЕРГЕ ЫҚПАЛЫ БАРҒАН САЙЫН КҮШЕЙІП БАРАДЫ. ИРАН, АУҒАНСТАН СИЯҚТЫ ИСЛАМ ЕЛДЕРІН БЫЛАЙ ҚОЙЫП, КӨРШІ ҚЫТАЙ ДА ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДІ БҰҒАТТАП, ӨЗ АЗАМАТТАРЫНЫҢ ОНЫ ПАЙДАЛАНУЫНА ТИЫМ САЛДЫ.
Әлеуметтік желілердің пайдасы неде?
Ең алдымен, бұрын танымайтын, білмейтін адамдармен араласып танысуға, пікір алмасуға және өз пікірлестеріңді табуға жәрдемдеседі. Кез-келген сәтте танысыңмен байланысқа шығып, тегін пікір алмасып, хал-жағдай сұрасуыңа, соңғы жаңалықтармен бөлісуіңе мүмкіндік бар.
Әлеуметтік желі арқылы соңғы жаңалықтар мен оқиғалардан әрдайым хабардар болып отырасың. Жәй хабардар болып қоймай, сол оқиғаға қатысты адамдардың пікірлерімен де танысуға мүмкіндік болады. Үшіншіден, әлеуметтік желіден түрлі көңіл көтеретін музыкалар мен әндер, фильмдер, суреттер, мақалалар табасың және бәрі тегін. Оған қоса, білім беретін деректі фильмдер мен кітаптар, лекциялар мен мақалаларды да қалағаныңша тауып оқуға болады.
Сонымен бірге, өз бизнесіңді дамытуға, сатып алушы клиенттерді тартуға да мүмкіндік жасалған. Егер сіз шығармашылықпен айналысатын болсаңыз, кітаптарыңызды әлеуметтік желіні пайдаланушыларға ұсынып, сатып алушы оқырмандар табуыңызға болады.
Әлеуметтік желінің залалы
Таяқтың екі ұшы болатыны сияқты, әлеуметтік желілердің залалы да жетерлік. Ол, тіптен пайдасынан көбірек болып жатады. Сондықтан, әр адам әлеуметтік желіні пайдаланбас бұрын оның пайдасы мен залалын таразылап алғаны дұрыс.
Әлеуметтік желі ең алдымен, адамның алтын уақытын жейді. Уақыт – Алланың адамға берген ең үлкен байлығы және баға жетпес құндылығы. Жоғалтқан уақытты ешқандай жолмен қайтара алмайсыз. Әлеуметтік желіде күн сайын жеті-сегіз, тіпті одан да көп сағаттап отыратындар алтын уақыттарын жоғалтып жатқандар.
Екінші залалы – әлеуметтік желі адамды белсенді емес тұтынушыға, яғни көк жалқауға айналдырады. Әрине, әлеуметтік желіні адамдар әртүрлі мақсатта пайдалануына болады, оның ішінде жаңа нәрселерді жасап, соны жұртқы ұсынуға да мүмкіндік бар. Дегенмен, оны тұтынушылардың көбі жаңаны жасағаннан гөрі, ұсынылып жатқан ақпараттарды тұтынғанды жөн санайды.
Әлеуметтік желі ақырсында адамды тәуелді етеді. Араққа, есірткіге тәуелді болған сияқты, адамдар көп ұзамай әлеуметтік желіге де тәуелділікке түседі. Енді олар күндіз-түні компьютерде отырып, әлеуметтік желіге қараудан жалықпайтын болады. Бүгінгі күні, әсіресе жасөспірімдер арасында әлеуметтік желіге тәуелділік белең алып барады.
Әлеуметтік желі адамды бақытсыз етеді. Иә, әлеуметтік желіге байланған адам үшін бақыт деген жұрттың өзі ұсынған ақпаратқа немесе суретке лайк басып, сүйсінуі болып саналады. Олар өзгелерді тамсандыру үшін, тіпті өмірлеріне қатер төндіріп биік үйлердің төбесінде, жүріп келе жатқан пойыз көрінісі аясында суретке түсуге ұмтылып жүріп, мерт болып немесе жарақат алып жатады. Жұрт лайк баспаса, ол үшін нағыз үлкен бақытсыздық болып табылады.
Сондай-ақ, әлеуметтік желі адамдарды жақындарымен, таныс-достарымен тірілей байланыс жасауына кедергі келтіреді. Жәй кедергі келтірсе жарайды ғой, олардың еркін алып, айналасындағылармен қарым-қатынастарын үзуге еріксіз мәжбүрлейді. Әлеуметтік желінің қызығына түскен адам туыстарын да, отбасын да, тамыр-таныстарын да естен шығарады.
Күніне сағаттап интернетте отырып, айналасындағы дүниені ұмытатын, адамдармен қарым-қатынасын үзетін, әлеуметтік желіге тәуелді болған пенде ақыр-соңында денсаулығын жоғалтып, түрлі ауруларға шалдығады. Бар уақыты мен күш-қуатын, қабілет-қарымын интернетте сағаттап отыруға жұмсайтын ондайлар күнделікті өмірдегі отбасы, еңбек ұжымы, жалпы қоғам алдындағы міндеттерін ұмытып, содан қолайсыз жағдайларға тап болады және тұрмыста да ауыртпалықтарға ұшырайды.
Түйін: әлеуметтік желіні бүгінде жұрттың бәрі дерлік пайдаланады. Дегенмен, оны шектен тыс пайдаланамын деп тәуелділікке түсіп, уақытыңызды, денсаулығыңызды құртып, айналаңыздағы адамдардан аулақтап, тұрмыста, отбасында қолайсыз жағдайларға тап болмайын десеңіз, оған көп үйір болмағаныңыз жөн. Ең бастысы: әлеуметтік желі маған не береді? -деп, оның тек пайдалы жағына ғана назар аударған жөн.
Дайындаған Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ