Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

ИӘ, ЗАМАНЫМЫЗДА ӨЗІНІҢ ТҰЛА БОЙЫНА БІТКЕН АДАМГЕРШІЛІК, ІЗГІЛІК ҚАСИЕТТЕРІМЕН ДАРАЛАНЫП, БАР КҮШ-ҚАЙРАТЫН ЕҢБЕККЕ АРНАЙТЫН НАҒЫЗ ЕР ТҰЛҒАЛЫ, ЕҢБЕК ДЕСЕ ІШКЕН АСЫН ЖЕРГЕ ҚОЯТЫН АЗАМАТТАР ӨТЕ КӨП БОЛҒАН.

Заманға қарай бүгінде сан алуан мамандық көбейді. Ал сол мамандықтардың ішінде шахтерлердің ерен еңбегі қашан да даңққа лайық. Жеті қат жер астына түсіп бара жатқан кеншілер ертеректе іштей жақын-жуығымен қоштасып шығатынын естіп пе едіңіз? Естімеуіңіз мүмкін. Бірақ, мұны кеншісі бар отбасы жан-тәнімен ұғады. Мұны жер бетіндегі біз түсінбеуіміз мүмкін. Алайда оны жер астында жанқиярлық еңбек етіп, тер төгіп жүргендер жете түсінеді. Бірақ үнсіз ғана. Қатермен бетпе-бет келіп, қанша қауіптен аман қалғандар. Олардың кеншіліктен безе қашпағанын көргенде, батыр демеске шара, кәне? Ал, еңбегі – ерлікпен пара-пар!

Қауіп-қатерге бетпе-бет келіп, кен алуға кез келгеннің батылы бара бермейтіні де рас. Бұрын бұл ауыр еңбектің елеулі кезінде бала біткен кенші боламын дейтін мақтанышпен. Қазір бизнесмен боламын дейді. Бұл кенші мамандығының қадірі кемігендігі ме? Әлде жер астына түсуге жүрегі дауаламайды ма жастардың?

Біз бүгін әңгіме еткелі отырған Шамшенов Сайлаубай ақсақалды Саранда танымайтын адам кемде-кем шығар. Сайлаубай ақсақал өмірінің 25 жылын осы көмір өндіріс саласына арнаған. Ол кісінің бақандай ширек ғасырлық еңбек жолы жеті қат жер астында өткенін Сайлаубай ақсақалды танитындардың бірі білсе, енді бірі біле бермейді.

Тамыздың соңғы жексенбісі – Шахтерлер күні қарсаңында «Коммунистік еңбек екпіндісі» куәлігінің, «Социалистік сайыстың жеңімпазының» белгісімен, «Ленин құрмет грамотасының», «Құрмет белгісі» орденінің иегері, ардагер шахтер Шамшенов Сайлаубек ақсақалмен аз-кем сұхбаттасқан едік.

Қоңырау шалып, хабарласқанымда Сайлаубай ақсақал үйінде емес, мешітте болып шықты. Мақұл деп ат басын мешітке бұрдық. Сайлаубай ақсақал бізді төрден қарсы алды. Аз-кем жөн сұрасқан соң, сұхбатымызды бастадық.

Сайлаубай Шамшенұлы 1948 жылы Қостанай облысы, Торғай ауданы қарасты Тосын ауылында дүниге келген. Балалық шағы сол ауылда өтсе керек-ті.

-1966 жылы Торғай облысы, Жанкелдин ауданының сырттай оқу орта мектебінде оқи жүріп, ауылдық мамандандырылған техникалық училищені бітіріп, механизатор мамандығын алдым. Содан 1967 жылы әскер қатарына шақырылдым. Әскери борышымды өтеп келгеннен кейін, 70 жылдан бастап 80 жылға дейін сол Жангелді ауданына қарасты «21 партсъезд» атындағы совхозда механизатор болып еңбек еттім.

1981 жылдары отбасылық жағдайға байланысты осы саран қаласына көшіп келіп, Соқыр шахтасына жер асты кен жұмысшысы болып орналастым. Менің 25 жылдық шахтерлік еңбек жолым осылай басталған болатын.

Арада екі жыл өткен соң, бесінші разрядқа дейін көтеріліп, 83 жылы тазартпа кенжар жұмысшысына ауысады. Шахтада 12 бесжылдықта Социалистік міндеттерін жоспарлы мерзімінен бұрын орындағаны үшін талай рет мараптталған екен. Онысын бізге еңбек кітапшасын ашып, көрсете отырып айтып берді. Алайда мақалаңда тізбектеп жазудың қажеті жоқ деп өтінді ақсалдың өзі.

– Маған осы Соқыр шахтасында бәлен жыл еңбек етіп, кейін шахтаның директоры болған Назаров тәлімгерлік етті. Кезінде ең мықты учаске бастығы болған еді ол кісі. Кейін қайтыс боп кетті жүректен ауырып. Бір ай бойы менің тау-кен ісінің шеберлігін меңгеруіме мұрындық болды. Көбіне осы кісінің қол астында істедік қой.

Негізі, менің өмір жолымда көптеген жақсы адамдар кездесті. Бригадиріміз атақты кенші Олег Доронинмен бірге еңбек еткеніме мақтанамын. Өте күшті бригадир болатын. Ол да осы кейін қайтыс боп кетті. Жақсы адамдар еді. Көп бригадирдің қол астынан өттік негізі. Қаншамасын көрдік қой. Бірақ солардың ішінде осы Доронин ерек еді. Өте әділетті кісі әрі қарапайым адам болатын. Мәселен басқа бригадирлердің жұмыс істегеннен көрі команда беріп, бос жүрген уақыттары көп болса, Доронин көбіне өзі қолына отбойник алып, жұмысты бәрімен бірге істеп кете беретін. Былайша айтқанда бригаданың алдында, кез келген жұмыста өзі бірінші жүретін. Міне, сондай жақсы бригадир еді, – дейді кенші.

Расыменде, заманында осы Доронин, Петраков сынды кісілер басшылық еткен бригада көмір өндіруде талай рекорд жасаған. Оны тарих та, көмірлі өлкенің сол тарихымен етене таныс жұртшылық та ұмыта қойған жоқ шығар. Ұмыта да алмас…

Даңқты кеншінің ізі қайда қалмады дейсіз? Өмір деректеріне үңілсек, біраз шахтада сайрап жатыр. «Долинка», «Қазақстан», «Ленин», «Тентек», «Соқыр», кейіннен «Саран» шахтасына ауысты, «Күзембаев атындағы шахталар»… Алдыңғы буын арда азаматты аспанға көтереді. Кейінгі буын да бұл есіммен етене таныс. Мұның сыртында қаншама мадақтама, алығыс хат – төбе-төбе. Бәрі де адал еңбектің арқасы.

Иә, «Шахтер болғың келе ме, онда біл, бұл жұмыс жалқауларға арналмаған», дейді Сайлаубай ағамыз.

Ақсақал 2009 жылы осы Саран шахтасынан зейнеткерлікке шықты. Қазір жұбайы Жүсіпбекова Гүлжан апамыздың қасында. Екеуі бір ұл, үш қыз тәрбиелеп өсіріп, бүгінде бес немере сүйіп отырған бақытты ата һәм әже.

Бәріне шүкір ететін халықпыз ғой, тәубе – дейді Сайлаубай ақсақал. Тәубашылдығы сол, бұл кісі бес уақыт намазын қаза қылып көрмеген жан. 2013 жылы Алла нәсіп етіп, бесінші парыз - қажылықты өтеу мақсатына жетіп, Мекке-Мәдина қалаларында зиярат етіп келді. Ал қазір ақсақал болдым, біттім, шаршадым. Енді демалам деп отырған жоқ. Жасы 74 демесеңіз, жүрісі тың. Еңсесі тіп-тік. Таяқ ұстамайды. Мұның басты себебі де сол намаз құлшылығында дейді ақсақал. Қайраты қайтпаған қария бүгінде мешітте молдалық қызмет атқарып жүрген жайы бар.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ