Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Біз бүгінде өркениетті еліміздің дамуына тұсау, кемелденуіне кедергі келтірер қоғамдық дертке айналған сыбайлас жемқорлықпен күресудеміз. «Жемқорлыққа жол жоқ» деп ұрандатып, мінберлерден ауызымызды толтырып айқанымызбен, осының түп-тамырына түбегейлі қалай балта шабамыз деп амал іздеп жүргенімізге 30 жыл болды.

Жемқорлық дертіне қалай душар болдық?! Онымен күресті қайдан, қалай бастағанымыз дұрыс?! Қазіргі көпшіліктің басты арманы – бай болу. Баю үшін ар, намысынан бас кешетіндер де біздің қоғамымызда жетерлік. Адамға ақша қызмет етпей, адам ақшаға қызмет ететін түсінік қалыптасқалы бері оның санасы уланды, дүниенің құлына айналды.

Осы уақытқа дейін жемқорлықпен күресу үшін түрлі әдістерді  қолданып келдік. Соның ішінде, жемқорлық фактілерімен ұсталған азаматтарды жұмыстан қысқартып, ол лауазымға қайта орала алмайтын тәсілдерді қолдандық, айыпқа тарттық, соттадық, қатаң түрде жазалап, түрмеге айдадық. Алайда, айтарлықтай нәтижеге қол жеткізбедік. Себебі, біреуін жазалағанмен, оның орнына келген екінші біреу дәл сол қателікті назарда ұстап, жаңадан айла ойластырды. Тың амал табады. Адамнан қулық артылған ба?! Бар ойға алғаны өзінің материалдық деңгейін көтеру болғандықтан, ол да жемқорлыққа жол береді.

Осы орайда үстіміздегі жылдың 24 тамызында Саран қаласының Мәдениет үйінде қалалық ішкі саясат бөлімінің мұрындық болуымен һәм «Здоровое общество 2050» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен жемқорлықты індет һәм оны жою міндет деп білген бірқатар мемлекеттік мекмелердің өкілдері мен жергілікті атқарушы органдардың басшылары дөңгелек үстелде бас қосты.

Игі шараға сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс - қимыл саласында ауыз толтырып айтарлықтай іс тындырып жүрген сарапшылар «Saryarqa- adaldyq alany» жобалық кеңсесінің басшысы Кусенбаева Малика Манатқызы мен «Әділет жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің басшысы Танишпеков Рустам Фаритович те арнайы ат басын бұрып келіпті.

Тақырып – «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру». Ал мақсат – жемқорлықты жою һәм оны болдырмаудың тағы бір тың әдіс-тәсілдерін қарастыру.

Дөңгелек үстелдің шымылдығын түрген «Саран қаласы әкімінің аппараты» ММ бас маман - заңгері Нехорошева Элеонора Владимировна өз сөзінде тақырыптың өзектілігін ашып, күн тәртібін белгіледі.

- Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы бітіспес күрес болмай, демократиялық қоғам салтанат құрмайды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес әркімнің іштей жауапкершілігінен басталады. Жауапкершілік ұғымы Отан, Ана, Ар ұғымдарынан кем соқпайтын, адам үшін де, қоғам үшін де  кір жуымас қасиеттің бірі болуға тиіс. Әсіресе, қолына билік пен халықтың қаржысы сеніп тапсырылған мемлекеттік қызметкерлер  бұл ұғымның қадір-қасиетін қастерлеуі тиіс, - деп атап өтті өз сөзінде Элеонора Владимировна.

Оның мәлімдеуінше, мемлекеттік қызметкерлер нақ осы жауапкершілік ұғымын қастерлемегендіктен, сыбайластыққа  апаратын жолды ашып береді. Тіпті үлкенді-кішілі  лауазым иелері жұмыстағы салдыр-салақтықты былай қойғанда, ар, ұят жауапкершілігін де белден басады.

- Мемлекеттің іргесін үңгитін бұл індеттен құтылу үшін де жауапкершілік ұғымын әр қызметкер ұлық тұтуы керек. Ал ұлықтайтын ұғымның қасиетін қастерлемесе, оның киесі ұрады. Бұл – халқымыздың  даналығы, - дейді ол.

Одан әрі «Saryarqa- adaldyq alany» жобалық кеңсесінің басшысы Малика Кусенбаева сөз алып, алдымен жобалық кеңсенің мақсаты мен міндеттеріне тоқталып өтті:

- Кез-келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті сұрақтардың бірі болып табылады. Мемлекеттік органдар сыбайлас жемқорлықпен күресті жүйелі түрде жүргізіп, жемқорлықпен күрестің алдын-алу бағытында ішкі талдаулар жасауда, олардың нәтижесі туралы бұқаралық баспасөз беттерінде, телеарналар мен әлеуметтік желілер арқылы қоғам мүшелері ақпараттандырылып келеді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту мақсатында облысымызда «Сарыарқа – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі ашылып, өз жұмысын жүргізуде. Жобалық кеңсе мемлекеттік қаржының мақсатты жұмсалуы, мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар қызметіндегі тәртіп пен реттілікті нығайту, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен қоғам алдындағы есептілігі қағидаттарын қамтамасыз ету бағытында тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап келеді, - деді өз сөзінде Малика Манатқызы..

«Saryarqa - adaldyq alany» жобалық кеңсесінің басшысы Малика Күсенбаева өз сөзінде Қарағанды облысында жүргізіліп жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша әлеуметтік сауалнаманың қорытындыларын жариялады. сонымен қатар ол өскелең ұрпақты сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік рухында тәрбиелеудің маңыздылығын атап да  өтті.

«Әділет жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Рустам Танишпеков сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске бағытталған қоғамдық бірлестіктің жұмысы туралы айтып берді. сонымен қатар, ол облыс бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг барысында анықталған бұзушылықтар туралы да тілге тиек ете кетті.

Сонымен қатар Рустам Фаритович қоғамдық бірлестіктің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытындағы жұмысы туралы айтып берді. Мәселен олар олар мемлекеттік сатып алу туралы заңнама бойынша өрескел бұзушылықтарды анықтаған. Оның мәлімдеуінше кейбір тапсырыс берушілер конкурс жарияламай сатып алу және келісім-шарттар жасаған. 50 миллионнан астам теңге заңсыз аударылған. Сондай-ақ, осы заңнаманы бұза отырып, 35 миллион теңгеге шарттың күшін жою белгіленген. Бұдан басқа, сатып алуды жоспарлау кезінде сомалардың артуы тіркелген.

Айта кетейік, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға қоғамдық бірлестіктердің қатысуы көзделген.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Қ. Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының «Әділдік» тұғырнамасын қолдау мақсатында 2020 жылы 18 қарашада «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі құрылды.

«Әділет жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің мақсаты - сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қабылданатын шаралардың тиімділігін арттыру, парасаттылық идеологиясын ілгерілету. Сыбайлас жемқорлық жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайлардың алдын алу мақсатында қызмет ететін үкіметтік емес қоғамдық ұйым.

2021 жылдың қыркүйегінде «Әділдік жолы» РҚБ өз қызметін кеңейтіп, еліміздің әр өңірінен 17 филиалын ашты.

Сөз соңында «Бізде Лоу цент приложениясы бар.Ұялы телефондарға оны жүктеп,алып сіздер тегін заң консультациясын ала, аласыздар.Тіпті, азаматтарға сот процесіне дейін заңды көмек көрсете аламыз» деді «Әділет жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Рустам Танишпеков.

Өз кезегінде «Здоровое общество 2050» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің жоба үйлестірушісі Быстрова Вера Анатольевна: «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес - бұл тек мемлекеттік мекемелердің міндеті ғана емес, сонымен қатар мемлекеттің болашақ тағдырына бей-жай қарамайтын әрбір азаматтың міндеті», - деп атап өтті.

Ал жиынды қорытындылаған «Саран қаласы әкімінің аппараты» ММ бас маман - заңгері Нехорошева Элеонора Владимировна: «Сыбайлас жемқорлық, әсіресе, мемлекеттік билік органдарында қауіпті. Бұл жағдайда ол мемлекеттік қызметшілердің шешім қабылдауда беделін түсіретін өкілеттігінің және қатаң құқықтық есеп берудің, шенеуніктерді қадағалаудың жоқтығынан биліктің монополияға айналуына әкеліп соқтырады. Ол еліміздің, қоғамымыздың және жекелеген азаматтардың мүдделеріне көп зиян келтіреді», - деді.

Іс-шара барысында қатысушылардың пікірлері мен ұсыныстары талқыланды.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша тиісті ұсынымдар әзірленді және қатысушылардың туындаған мәселелері бойынша түсініктемелер берілді.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Суретті түсірген Камила ОСПАНОВА