Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

«БІЗ – ЖАҢА ҚАЗАҚСТАННЫҢ БОЛАШАҒЫМЫЗ». БҰЛ БАЛАЛАР ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІКТЕРІ КӨШБАСШЫЛАРЫНА АРНАЛҒАН ФОРУМҒА ҚАТЫСУШЫ БАЛАЛАРДЫҢ ҰРАНЫ. ФОРУМҒА ҚАЛАЛЫҚ БАЛАЛАР ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІКТЕРІНІҢ КӨШБАСШЫЛАРЫНЫҢ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫЛАРЫ МЕН ТӘЛІМГЕРЛЕРЫ ҚАТЫССА, ҚОНАҚ РЕТІНДЕ ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БЕРУ БӨЛІМІ, ҰСТАЗДАР МЕН БАҚ ӨКІЛДЕРІ ҚАТЫСТЫ.

Форумның мақсаты қала өміріне балалардың қатысуын, төзімділік пен патриотимзге тәрбиелеу жолында қалалық Балалар қоғамдық бірлестіктерінің белсенділігін, балалардың әлеуметтік бастамаларын қолдауды арттыру болып табылады.

Ақыл – жастан. Жастар біріксе, бағынбайтын шың, алынбайтын қамал жоқ. Болашақтың іргесін қалайтын да солар. Көп болмаса да бағындырған белестері бар білім беру ұйымдары мекемелерінің оқушылары осы форумда бас қосты. Бұлар өз білім ордаларындағы жастардың басын қосқан ұйымдардың көшбасшылары.

Таңертеңгілік жиналған балалар қоғамдық бірлестіктерінің мүшелері Саран қаласының «Достық үйі» балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында жинала бастады. Конституция күніне орайластырылған игі шара форумның ашылуына арналған концерттік бағдарламадан бастау алды.

Балалар өнер мектебінің тәрбиеленушісі Людмила Кужинаның орындауындағы «Туған жер» әнімен концерттік бағдарламаның шымылдығы түрілгеннен кейін, форумға  құрметті қонақ ретінде келген Саран қаласы білім бөлімінің бас маманы Светлана Цаплина сахнаға көтеріліп, құттықтау сөзін сөйледі.

– Ең алдымен өз өміріңіздің көшбасшысы болыңыз, алдыңызға үлкен, қол жетпестей көрінетін мақсаттар қойыңыздар. Оларға қол жеткізген сәтте, одан да жақсы нәтиже бере алатын күшке ие боласыз, әрі қарай жүруге талпынасыз. Өзін-өзі жеңу – көшбасшыны өмір бойы жетелейтін басты қасиет. Сондықтан өршіл болыңыздар, көкжиектеріңізді кеңейтіңіздер және өмірлеріңізге түбегейлі өзгерістер енгізуден қорықпаңыздар. Бұл көшбасшы бойындағы басты қасиеттерінің бірі, – Светлана Ивановна өз құттықтау сөзінде.

Содан кейін, жиналған жұрт Балалар өнер мектебінің күміс көмей әншілері мен мың бұралған бишілерінің өнерін тамашалап, форумның салтанатты ашылу сәтінің куәгері болды.

Игі шараның концерттік бөлімінен кейін, «Достық үйі» балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында қалалық білім беру ұйымдары ұйымдастырған шеберлік сыныптары өтті.

Яғни, жиын барысында әр мектептен келген балғындар өздерінің тың жобаларын ұсынды. Ал, олардың жұмыстарын кеш қонақтары тамашалады.

Мүмкіндігі мол балғындарды бір арнаға бірікітіру – мемлекет алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Бұл күні Достық үйіндегі жұмыс қарқыны қыза түскен. Балалар ерекше жобалар дайындаған. Сондай-ақ, олар өздерінің ұйымдары жайында әңгімелеп, алдағы жоспаларымен бөлісуге де  барынша асықты. Әр жоба кеш қонақтары тарапынан мұқият зерделенді.

Мәселен, Достық үйі ғимаратының алдындағы алаңда «Жас төреші мектебі» секциясының жаттығу көрсетілімі ұйымдастырылса, хореография залында «Роботты техника» және «3 D модельдеу» бойынша, шахмат кабинетінде «Дебат ойындары» бойынша шеберлік сыныптары, сурет өнері кабинетінде «Қаржы әлемінде» квест-ойыны, сәндік қолданбалы өнер кабинетінде «Айбарлы асқар елдің ұрпағымыз» атты, ал этнопедагогика кабинетінде «Командообразование» атты тренингтер өтіп жатты. Ал конференц залында балалар қоғамдық бірлестіктері көшбасшылары Достық үйі директорының міндетін атқарушы Абай Еркенмен кездесіп, еркін форматтағы сұхбат алаңын жүргізді.

Онда көшбасшылар мектептегі өзін-өзі басқару тәжірибесімен бөлісті, сонымен қатар көшбасшылық қасиеттерді дамыту және команданы басқарудағы жеке дағдыларды жетілдіру бойынша шеберлік сабақтары мен тренингтер өтті.

– Балалар бір-бірімен араласып, өзара пікір алмасып тұрулары қажет. Жастар өте белсенді. Замандастарының өмірін жақсартуға қатысты нақты ұсыныстары бар. Жаңашылдықтарды көріп қатты қуанып отырмыз, – дейді Саран қаласы білім бөлімінің әдіскері Коробова Елена Александровна.

Ал Саран қаласының «Достық үйі» балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығы директорының міндетін атқарушы Абай Қайратұлы: – Қоғамға қызмет етуге бағытталған әлеуметтік жобаларға белсене қатысу мектеп пен қоғам алдындағы жауапкершілікті арттырады және бәсекеге қабілетті, тәуелсіз шешім қабылдауға қабілетті тұлғаны қалыптастыруға ықпал етеді, – деп атап өтті өз кезегінде.

Осы орайда, Саран қаласының «Достық үйі» балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының қоғамдық жұмыстардың барлығына да белсенді түрде араласып келе жатқанын атап өткен жөн.

– Форум өте қызықты әрі мазмұнды өтті. Біз көшбасшының кім екенін, көшбасшылық қабілеттерімізді қалай дұрыс пайдалану керектігін, оны қалай дамыту керектігін және командамызды қалай қолдау керектігін білдік. Бұл ұмытылмас тәжірибе және бұл танысу баршамызға өз мектептерімізде ортақ ауқымды жобаларды жүзеге асыруға көмектеседі деп ойлаймын, – дейді форумға қатысушы Абай атындағы мектептің көшбасшысы Жанерке Мәуленқызы.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Суретті түсірген Камила ОСПАНОВА