Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

30 ТАМЫЗ ЕГЕМЕНДІ ЕЛІМІЗДІҢ ҰЛЫ ТАРИХЫНАН ОРЫН АЛАТЫН БҮКІЛХАЛЫҚТЫҚ МЕРЕКЕ — ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КОНСТИТУЦИЯСЫ КҮНІ. ОСЫДАН 27 ЖЫЛ БҰРЫН ТӘУЕЛСІЗ МЕМЛЕКЕТІМІЗДІҢ ТҰҢҒЫШ АТА ЗАҢЫ ҚАБЫЛДАНДЫ.

Бірақ Конституцияға 1998 жылы және 2007 жылы толықтырулар мен өзгертулер енгізілді.

Қазақ елінің тәуелсіздігіне һәм онда өмір сүретін барша азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепіл болған, адами құндылықтар мен өркениеттік игіліктерді тұтастай қамтыған, қоғамдағы тұрақтылықтың, татулықтың мызғымас өзегіне айналған ата заңымыз – Конституция күні Саран шаһарында да қалыптасқан дәстүрге сай салтанатты сипатта, кең ауқымда аталып өтті.

Конституция мемлекетті шын мәніндегі бақытты қоғамға бастауға қабілетті құндылықтарды өмірге әкелуге қуаты мен ықпалы жетерлік тарихи құжат. Мұнда мемлекеттік басқару мен бұқаралық биліктің үйлесімді түрде ұштасуы бар. Еліміздің Ата Заңы қоғамдық құндылықтың алтын арқауы және мемлекеттік биліктің бастауы.

Ата Заң – бізді өткенмен де, болашақпен де байланыстырып тұрған алтын арқау іспеттес. Оның тұтас болмысынан мемлекетіміздің мерейі мен халқымыздың қалауы менмұндалайды.

               Мәдениет үйінің артында орналасқан саябақта өткен мейрамға мәдени ошақтың өнерпаздары қатысып, сарандықтарды мерейлі мерекемен құттықтады.

               Айтулы күндердің төркінінде үлкен тарихи оқиғалардың жататыны белгілі. Осындай тамырын тереңнен тартқан мемлекеттік мейрамдардың бірі – Конституция күні де өз бастауын сонау Қасым ханның «Қасқа жолынан», Есім ханның «Ескі жолынан», Тәуке ханның «Жеті жарғысынан» алатыны ақиқат. Ендеше Ата Заңның қадіріне жету үшін мемлекетшілдік сана мен тәуелсіздік ұғымын қастерлей білуіміз қажет. Мәдениет үйінің артындағы саябақта жиналған жұрттың пікірі осыған сайды.

Көңілдері шат, жүздері жарқын меркелеік кештің жүргізушілерінің жалынды әрі тағылымды сөздері талай жастың бойындағы патриоттық рухын түртіп оятып, отаншылдық сезімін қанаттандыра түсті. Осындай риясыз пейілдердің шапағатына бөленіп, махаббатына шомылған алаңдағы атмосфера Мәдениеғт үйі мен қала өнерпаздарының құйқылжыған әуенмен әрленген концерттік бағдарламасымен тіпті шырайлана түсті.

Концерт Ирины Борзых жетекшілік ететін ұлттық этрада-джаздық оркестрінің орындауындағы тамаша нөмірмен басталды. Одан соң «Наше время» ретро-тобының танымал әртістер сахна төріне кезекпен шығып, думанды жиынға әдейілеп ала келген ән-шашуларын арнады. Мерекенің дүбірі естілсе, байыз тауып тұра алмайтын Айым Қанапянова есімді әнші қызымыз да сазды сәлемін жолдап, әуезді әнімен желпінтіп тастады.

Осылайша қала жұртшылығымен бірге қуаныштарын бөлісуге арнайы келген шығармашылық ұжымның өнеріне тәнті болған көрермен көпшілік жерлес өнерпаздарына қошеметін аяған жоқ.

Бұған қоса, жергілікті өнерпаздардың Конституция күніне арналған мерекелік концерті мемлекеттік мерекенің салмағын арттырып, бұқаралық мазмұнын тереңдете түскендей болды.

Екі сағатқа созылған мерекелік іс-шара «Музыка нас связала» атты қалалық ойын-сауық би шарасымен жалғасты.

Жоғарыда атап өткеніміздей Конституцияға 1998 жылы және 2007 жылы толықтырулар мен өзгертулер енгізілген болатын.

Негізі ширек ғасырдан астам уақыт ішінде Ата заңға 5 рет өзгеріс енгізілді, 2 рет референдум өткізілді.

1998 жылы 19 бап өзгерсе, 2007 жылы Конституцияға 30 түзету енгізілді. 2011 жылы тек 1 бап өзгертілді. Осыған сәйкес, кезектен тыс Президент сайлауын тағайындау және өткізу ережелері жаңарды. 2017 жылы Ата заңдағы 19 бапқа 26 өзгерту енгізілді. Ал осыдан 3 жыл бұрын, 2019 жылы Конституцияның 1 ғана бабы өзгеріске ұшырады.

1998 жыл – 19 бап

2007 жыл – 30 түзету

2011 жыл – 1 бап өзгерді

2017 жыл – 19 бапқа 26 өзгерту

2019 жыл – 1 бап өзгерді

Ата заңға өзгерістер енгізу бойынша жалпыхалықтық референдум тарихымызда алғаш рет 1995 жылы 30 тамызда өткен. Оған сайлау құқығы бар азаматтардың 90 пайызы қатысты. Жаңа заңды 7 млн-нан астам қазақстандық қолдап, дауыс берді. Құжатқа сәйкес, еліміз президенттік республикаға айналды. Екі палаталы Парламент – Сенат пен Мәжіліс құрылды. Конституциялық және Арбитраж сот жұмысын тоқтатты. Елде тек Жоғарғы сот қалды. Сонымен қатар, Вице-Президент қызметі жойылды.

Ал Конституцияны өзгертуге қатысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған республикалық референдум тарихта екінші рет 2022 жылғы 5 маусымда өтті. Күшті президент, ықпалды Парламент және есеп беретін үкімет. Басты қағида осы. Ата заңды өзгертуге байланысты жоспар жүзеге асып, Конституцияның 33 бабына 56 түзету енгізілді. 2 бөлімнің атауы өзгерді. Ең негізгілері: Президенттің өкілеттігі қысқарады, Парламент пен мәслихаттардың рөлі күшейеді. Конституциялық сот құрылады.

Осылайша, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетігі нығайды. Ауқымды әрі маңызды өзгерістер ел болашағына айрықша әсер етеді деп сенеміз.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Суретті түсірген Камила ОСПАНОВА