Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

«НЕ КЕЗДЕССЕ ӨЗДЕРІҢМЕН КӨРМЕКПІН, ҚАРАПАЙЫМ АДАМДАРЫ ЕҢБЕКТІҢ. БАРЛЫҒЫН ДА БАҒЫШТАР ЕМ СЕНДЕРГЕ, МАХАББАТЫН БЕРСЕ МАҒАН ЖЕР-КӨКТІҢ», ДЕГЕН ТӨЛЕГЕН АЙБЕРГЕНОВТІҢ ТАМАША ӨЛЕҢ ЖОЛДАРЫН БІЛЕТІНДЕРІҢІЗ БАР ШЫҒАР.

Иә, Кеңес заманында қарапайым еңбек адамының қоғамдағы орны, рөлі, имиджі шарықтап тұрған дәуір болатын. Ал соңғы жылдары жастардың басым бөлігі жұмысшы мамандықтарынан қашқақтап, кәсіпкер немесе басшылық жұмысты қалайтынын ешкім жоққа шығармас.

Міне, осы орайда Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ең үздік еңбек әулеттерімен және өнеркәсіп жұмысшыларын анықтау, еңбек дәстүрлерін арттыру және сақтау, жастарды еңбекке құрметпен қарау рухында тәрбиелеу мақсатында «Еңбек жолы» республикалық конкурсын жариялаған болатын.

Аталмыш конкурс еңбек адамының мәртебесін қоғамда жоғарылатуға және «Жаппай еңбек қоғамы» қамқорлығымен еңбек өнімділігін ынталандыруға мүмкіндік береді.

Байқауға қатысу үшін Саран қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне «Өндірістің үздік жас маманы» номинациясы бойынша 3 өтінім келіп түскен болатын.

Саран қаласы әкімінің орынбасары Ералы Оспановтың төрағалығымен өткен «Еңбек Жолы» республикалық байқауы бойынша қалалық комиссия отырысының шешімімен облыстық деңгейге байқауға қатысу үшін 3 қатысушы ұсынылды.

Атап айтатын болсақ, олар № 9 мектеп интернатының тәрбиешісі Шпаннагель Лидия Игоревна, «Galex Plus» Саран тігін-трикотаж фабрикасының тігіншісі Жұмашева Жанна Төлеужанқызы, «Евромет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қара жұмысшысы Шаповалов Юрий Викторович.

Нәтижесінде үздік еңбек әулеттерін және өндіріс жұмыскерлерін анықтау мақсатында өткізілген «Еңбек жолы» байқауының облыстық кезеңінде Саран қаласының № 9 арнайы мектеп-интернатының тәрбиешісі Лидия Шпаннагель «Өндірістің үздік жас маманы» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған болатын. Енді жерлесіміз аталмыш байқаудың республикалық кезеңінде Қарағанды облысының намысын қорғайтын болады.

Өткен аптада «Саран қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің ұжымы үш қатысушыға жұмыс орындарына барып, үшеуіне де қала әкімінің міндетін атқарушы Алмас Сүлейменовтың Алғыс хатын мен Жұмыспен қамту бөлімінің азын-аулақ сыйлықтарын табыстап қайтқан болатын.

Ондағы мақсат - үш номинациядан тұратын республикалық конкурстың өңірлік деңгейлерінде өздерінің үлгілі еңбек жолдарымен ерекшеленген сарандықтарға конкурсқа қатысқандары үшін алғыс айту, еңбек дәстүрлерін дәріптеу және еңбек адамдарын ұлықтау, сонымен қатар, жастарды еңбекке құрметпен қарауға шақыру.

Саран қаласының № 9 арнайы мектеп-интернатының тәрбиешісі Лидия Игоревнаның әріптестерінің айтуына қарағанда ол талапкер педагог, алға қойған мақсатына әрдайым қол жеткізе білетін білікті де білгір маман, шығармашыл тұлға және ақкөңіл һәм ашық адам. Мектеп-интернаттың  педагогтары Лидия Игоревнаның кәсіби білімі мен іскерлігіне жоғары баға беріп отыр.

Ол оқушылармен жұмысты әртүрлі технологияларды пайдалана отырып, әртүрлі формада жүргізеді. Ол сыныпта қолданатын қолайлы микроклимат іс-әрекеттің өнімді және шығармашылық процесіне ықпал етеді. Тәрбиешінің балалармен ынтымақтастық түріндегі қарым-қатынасы әрекетке деген танымдық қызығушылықты қолдайтын сабырлы, эмоционалды. Сонымен қатар Лидияның сөзі балаларға қолжетімді, түсінікті, сөйлеу мәдениеті жоғары деңгейде дамыған дейді әріптестері.

Лидия Игоревна тәрбиеленушілердің ата-аналарымен де тығыз қарым-қатынас орнатқан. Сондықтан болар, ата-аналар тәрбиешінің бірде бір өтінішін жерге тасмай, балаларды тәрбиелеу мәселелерін бірге талқылайды. Сол себепті де балалардың мектеп-интернатқа келуіне деген ықыластары жоғары. Сонымен қатар, оған тағы себеп - Лидия Игоревнаның оқушылардың жеке ерекшеліктерін ескере отырып, сыныптан тыс жұмыстарды шебер ұйымдастыруында шығар дейді тағы бір әріптестері.

Ал Жұмашева Жанна Төлеужанқызының әріптестерінің айтуынша, ол 2019 жылы тігінші мамандығы бойынша «Galex Plus» Саран тігін-трикотаж фабрикасына еш тәжірибесіз келген болатын. Кәсіпорын жанындағы оқу орталығында оқуды аяқтаған ол 2019 жылдың желтоқсан айында тігінші болып жұмысқа орналасады. Жұмыс барысында Жанна Төлеужанқызы өзін тек жағымды жағынан ғана көрсеткен. Еңбек тәртібін бұзған емес, басшылық тарапынан қойылған барлық міндеттерді жедел және сапалы орындайды дейді бізбен тілдескен оның қасындағы әріптестері.

Ол еңбек өнімділігі тәжірибелі тігіншілермен бір жылдан астам уақыт бірге жұмыс жасаған екен. Ол өте тез тіл табысатын адам және командада жұмыс істей алады, бұл оның жұмысында қажет өте маңызды қасиет болып табылады. Еңбекқорлығымен, жұмысты орындаудағы жауапкершілігімен, ұқыптылығымен, әріптестерімен қарым-қатынаста нәзіктігімен ерекшеленеді, сол үшін де Жанна Жұмашева ұжымда үлкен құрметке ие.

Шапавалов Юрий Викторович, 1999 жылы туған, «Евромет» ЖШС-де 2021 жылғы 8 желтоқсаннан бастап қазіргі уақытқа дейін жұмыс жасап келеді. Юрийге атқаратын лауазымына байланысты, өз ауысымында қоса жұмыс жасауға да тура келеді, себебі ол ауысым бастығы сеніп тапсырған жұмысты жақсы атқарады. Ал әріптестері болса, оның сондай-ақ жақсы сұхбаттасушы екенін, қарым-қатынас кезінде өте ашық және мейірімді екенін айтады. Юрийдің ең басты жақсы қасиеттерінің бірі - еңбекқорлығы. Қажет болған жағдайда, ол тіпті жұмыста қалып, өз ауысындағы жұмыс уақытынан тыс кездерде де жұмыс жасауға дайын және сонысымен ол ұйымға барлық жағынан пайда әкелуге жан-тәнімен тырысады дейді әріптестері.

«Евромет» ЖШС-де жұмыс жасап келе жатқан уақыт аралығында өзін жақсы жұмысшы ретінде көрсете білді. Сонымен қатар ол әрқашан өзіне жүктелген жұмысты тиянақты, уақытылы орындайды. Ешқашан да еңбек тәртібін бұзбаған.

Иә, адамды адам еткен еңбек! Ол - дәуірлер бойы дәлелденіп келе жатқан дүние. Ердің елге танылуы да сол еңбектің арқасы. Оның айқын дәлелі – біз жоғарыда атап өткен өзінің жұмыс жасап жатқан жерінде өзіндік орны мен беделі бар шаруақор жандар.

Еңбек адамы – әлеуметтік құрылымдардың маңызды бөлшегіне айналуы тиіс. Еңбек идеясы – азаматтық құл­шы­­нысты арттырып, қоғамды топтастырушы, идеялық-бағдарлық ұйыстырушыға айнала алады. Қоғамның барлық тобына тән еңбек идеясы адамдарды әлеуметтік мәртебесіне бөліп қарамастан барлығын толық қамтитын әлеуетке ие.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жыл­ғы 5 мамырда «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында «Шындықты айтсақ, шетелдерде халқымыз нағыз еңбекқор жұрт ретінде әлі таныла қойған жоқ. Бұл біздің беделімізге де едәуір нұқсан келтіреді. Қажырлы еңбектің арқасында ғана көп мәселені шешіп, мемлекетімізді дамытамыз, әлауқатымызды арттырамыз», деген болатын.

Әлеуметтік өмірді еңбек идея­сы аясында ұйымдастыруды мемлекет дамуының алғышарты ретінде қарау орынды. Қоғамдық қатынастарда жұмыс істегісі келмейтін жастардың болуы, ауадан ақша жасап, тез табысқа кенелгісі келетін ойлардың таралуы, жеңіл жұмысты місе тұтатын адамдар қатарының көбеюі жалпы қоғамдық сананың прогрессивтілігіне қарсы салмақ тудыруы мүмкін. Соңғы оқиғалар тізбегінде күмәнді қаржылық институттардың қызметіне, эстрада жұлдыздарының лотореясына қатысу секілді жалған қамқоршыл көңіл-күйді көбейтетін шараларға көптеген адамдар тартылып жатыр.

Қоғамдық санада кең етек алып кетуі мүмкін тоғышарлық, масылдық, енжарлық секілді әлеуметтік бағдарлар орнай бастағанда еңбек етуге деген ынта мен жігер азайып, жұмыс өнімділігі төмендей түседі. Адам мүмкіндіктерін асыра бағалап, еңбек нарығын қазірден цифрлы технологиялардың қолына ұстату туралы болжамдар расқа айналған күннің өзінде оның көкжиегі әзірге көз қарықтырады. Ендеше еңбек күшін ұйымдастыру, кадрға арқа сүйеу бүгінде өзекті болып қала бермек.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Суретті түсірген Камила ОСПАНОВА