Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

БИЫЛҒЫ 1 ҚЫРКҮЙЕК – БІЛІМ КҮНІ МЕРЕКЕСІ МЕКТЕП АУЛАЛАРЫНДА ДӘСТҮРЛІ ФОРМАТТА ӨТКІЗІЛДІ. ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ЖАҢАШЫЛДЫҚПЕН ҚАДАМ БАСҚАН ҰСТАЗДАР МЕН ОҚУШЫЛАРДЫҢ ҚУАНЫШТАРЫНДА ШЕК ЖОҚ. АҚ КӨЙЛЕК КИІП, АҚ БАНТИК ТАҚҚАН, ҚОЛДАРЫНА ГҮЛ ҰСТАП, АРҚАСЫНА СӨМКЕСІН АСЫНҒАН ОҚУШЫЛАР ТАҢ ЕРТЕМЕН ҚАЛА КӨШЕЛЕРІНЕ ДЕ, МЕКТЕП ҚАБЫРҒАСЫНА ДА ЕРЕКШЕ СӘН КІРГІЗГЕНДЕЙ БОЛДЫ.

Иә, бірінші қыркүйек әр мектеп жасындағы балалар үшін тамаша мереке болып өтетіні көпке белгілі. Себебі бұл күні оқушылар жаз бойы демалыста жүріп, сағынған мектептерінің есігін ашып, сыныптастарымен қауышады. Ал бүлдіршіндер алғаш рет оқу ордасының табалдырығын аттайды.

Дәл осы күні қаламыздағы іргелі білім ордаларының бірі Абай атындағы жалпы білім беретін мектепте алғашқы қоңырау салтанаты өтті.

Алғашқы қоңырау үні үлкен үмітпен келген жас жүректерді білім шұғыласына бөлеп, алтын ұяларымен қауыштырды, сағыныш сезіміне бөледі.

Биылғы 2022 жылды мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Балалар жылы» деп жариялағаны белгілі. «Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі», - деп үлкен сенім атқан болатын Президент. Биылғы «Сыңғырла, соңғы қоңырау» атты білім күні мерекесіне «Amanat» партиясының Саран қалалық филиалының басшысы Нұргүл Тәжібаева, Саран қаласы білім бөлімінің әдіскері, Абай атындағы мектептің кураторы Дәурен Бейсенұлы қатысты.

Аталмыш жиынға қатысқан 11-сынып оқушыларына бұл қоңырау - соңғы алғашқы қоңырау, ал 1-сынып оқушылары үшін алғашқы. Десекте, бұл күні барша оқушыға ерекше құрмет көрсетілді.

«…Семсері бол, Отанның қынабында, Сертке ұстаса, селт етпей жалтылдаған», – деп ақын Мұқағалидың өлеңдерінде айтылғандай, сапта тұрған жас өрендердің көзінен отты ұшқын жарқылдайды. Салтанатты шараның шымылдығы әдеттегіше Әнұранмен түрілді.

Алдымен 1 сыныпқа қабылданған жарқын болашақтың кішкентай бүлдіршіндері жалықпай білім іздейтіндіктерін білдіріп, өлең шумақтарын оқыды.

Айта кетейік, «Балалар, бұл жол басы даналыққа, Келіңдеп, түсіп, байқап, қаралық та. Бұл жолмен бара жатқан өзіңдей көп, Соларды көре тұра, қалалық па?! Даналық – өшпес жарық, кетпес байлық, Жүріңдер, іздеп тауып алалық та!», - деп балаларды оқуға, білімге шақырып, «Әліппе» оқулығының негізін қалаған Ахмет Байтұрсынұлының туғанына биыл 150 жыл толып отырған жайы бар. 2021-2022 оқу жылында «Әліппе» ортамызға келіп қуантса, биылғы 2022-2023 оқу жылында 1 сынып оқушылары тек қана ана тілінде білім алатындығы жақсы жаңалық болып отыр.

Салтанатты шараға қатысқан мектеп кураторы, Саран қалалық білім бөлімінің әдіскері Дәурен Бейсенұлы барлық оқушыларға, мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерге алдағы уақытта сапалы білім мен тәрбие алуға, еліміздің үлгілі азаматтары болып қалыптасуына тілектестік білдірді.

«Сіздерді келіп жеткен «Білім күні» мерекесімен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Биылғы жыл ерекшелігі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының 2022 жылды «Балалар жылы» деп белгілеуі. Баланың дамуы және оның мүдделері біздің басты құндылығымыз. Сондықтан да үкімет олардың сапалы білім мен саналы тәрбие ерекше көңіл бөліп, назар аударып отыр. Ал бұл міндеттерді атқаруда педагог қауымның алар орны ерекше. Жаңа 202-2023 оқу жылы жетістіктер мен жағымдық жаңалықтардың жылы болсын», - деп жаңа оқу жылына сәттілік тіледі Дәурен Бейсенұлы.

Мерекелік шара барысында мектептің ұстаз ардагері Алма Сағатова мектеп тарихына тоқталып, ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтады.

«Бүгін – ұстаздар мен оқушылар үшін қуанышты күн. Балаларымыздың болашағы зор болсын! Осы мектептен түлеп ұшқан түлектер Сыр өңірінің атын әлемге танытатын азамат болып, білім шаңырағында бәсекеге қабілетті жас ұрпақ тәрбиелене берсін деген тілек білдіреміз. Жаңа оқу жылы құтты болсын», – деді ардагер ұстаз өз сөзінде.

Мектеп келешекті тәрбиелейтін киелі шаңырақ болса, осы шаңырақ басшысы Гүлден Иманкулова алғашқы сөз кезегін алып, оқушыларды, ата-аналарды, ұстаздарды, салтанатты жиынға қатысушы қонақтарды «Білім мерекесімен» құттықтады.

Оқушыларға, мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерге алдағы уақытты жақсы білім мен тәрбие алуға, еліміздің үлгілі азаматтары болып қалыптасуына тілектестік білдірген мектеп директоры: «Қайырлы күн, құрметті қонақтар, ұстаздар, ардақты ата –аналар! 1 қыркүйек – айтулы және жалпы халықтық мереке. Бүгін мектепке бірінші рет келетін қаракөздеріміз үшін алғашқы қоңырау соғылып, білімге, ілімге деген ғажайып жаңа өмір жолы басталатын күн. Жалпы жаңа оқу жылы өмірімізде игі дәстүрге айналып, бірталай ұрпақтарды біріктірді. Осы ретте барша оқушылар, ұстаздар мен ата-аналарды білім жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын. Мектеп ұжымына алдағы оқу жылында межеден жаңылмай, толағай табыстарға жете беруіне тілектеспін», - деді өз алғы сөзінде.

Салтанатты саптық түзілісте мектептің ерекше жетістіктері аталып өтілді. Мектептің оқу-тәрбие ісіне белсене араласқан оқушыларАлғыс хаттармен марапатталды.

Кез келген мерекенің көркі – ән мен күй. Интернацинал жауынгерлерге арналған монумент алаңында келген құрметті қонақтар мен ата-аналардың, оқушылардың құрметіне 8 «Б» сыныбының оқушысы Тәттіғалы Нұрдана мен 8 «Ә» сыныбының оқушысы Өмірбек Жанеркенің орындауындағы «Атамекен» және «Мектебім» әндері көңілдерді көкке шарықтатып, барша қауымды дән риза қылды.

Осылайша алғашқы қоңырау үні Алатаудың бөктерін ән мен күйге бөлеп, Абай атындағы мектептің шәкірттерін білім нәрімен сусындауға шақырып, оларға шабыт пен қуаныш күйін сыйлады.

1 қыркүйек – кез келген жанның жүрегінде алтын әріппен жазылатын тарихи күн. Себебі, әрбір азамат дәл осы күні мектеп табалдырығын аттап, білім жолын бастаған. Енді міне, көзді ашып-жұмғанша оқушылардың жазғы демалысы аяқталып, алтын ұя мектебіне қадам басты. Яғни жаңа оқу жылы басталды.

Сонымен қатар, бұл мереке кейбір азаматтардың мектеп қабырғасын, колледж және жоғары оқу орындарына барған күндерін еске түсірумен сипат алса, жас мұғалімдердің алғашқы жұмыс күні әсері мен толғанысын айғақтайтын ұмытылмас сәттерімен есте қалады.

Әрбір адамның өміріне ерекше әсер қалдыратын бұл күн еліміздің барлық тұрғындарының басын біріктіреді: мектеп табалдырығын аттауға асыққан бірінші сынып оқушылары, өзі армандаған мамандыққа қол жеткізген ЖОО-ға мақтанышпен келген мектеп қабырғасын жаңа ғана аяқтаған түлектер, осы күйді екінші рет бастан кешіп отырған ата-аналар.

Білім беру мекемелерінің педагогтары мен жетекшілері бұл күні білім қабырғаларын аттағалы тұрған оқушылар мен тәрбиеленушілерді қарсы алады, бұл күн тек атаулы мереке ғана емес, бұл біздің еліміздің болашағы тәуелді болған қызу қайнаған, жауапты кезең бастамасы.

Осы орайда, «Шырылдаған тыным алмай, Қоңыраудың үні қандай?! Мақсатына жете ме адам, Оқу оқып, білім алмай?!», – деп ақындар жырлағандай алғашқы қоңырау үнімен бірге, әр адам өмірінің жеке тұлға және азамат ретінде қалыптасу кезеңі басталады.

Сыңғырла, алғашқы қоңырау! Санаға білім құйылсын, саналы ұрпақ жадына отаншыл рух пен тәлімді тәрбие нәрі түйілсін! Жастар жылында оқушыларымыздың жетістіктері көп болып, мерейлері үстем түссін! Жыл бойы шәкірттер оқуға бүгінгідей сергек те сезімтал шабытпен кіріссін! Сыңғырла, қоңырау!

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Суретті түсірген автор